Үкімет шетелдік маркетплейстерге қатысты заң күшейтілетінін ескертті

Кәмшат Тілеухан 14 янв. 2025 14:18 396

14 қаңтарда Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов электрондық сауда нарығының дамуын ескере отырып, сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажеттігіне назар аударды. Сөйтіп шетелдік маркетплейстерге қатысты заңнаманы қатайту жөнінде тиісті ведомстволарға бірқатар тапсырма берді, деп жазады Dalanews.kz.

"Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауарлар экспортын арттыру үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға байланысты мәселе туындайды. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейді. Бұл – сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болатын өндірушілер үшін де қауіпті", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

  • Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне бірқатар тапсырма берілді:

    Базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу;
  • Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеу:

"Бұл жұмысты өнімнің сапасына, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізу керек", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

  • биыл наурыз айының соңына дейін отандық бизнес-қоғамдастық ұсыныстарын және мүдделі мемлекеттік органдармен және "Цифрлық Қазақстан" қауымдастығымен бірлесіп маркетплейстермен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, электрондық коммерцияны дамытуды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу;
  • мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде де, халықаралық деңгейде де тауарларды жеткізудің тиімді тізбегін қалыптастыру;
  • цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, сауда министрліктерінің алдына ұлттық пошта операторы – "Қазпоштаның" даму жоспарын әзірлеу міндеті қойылды.

Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша, елімізде өткен жыл қорытындысы бойынша электрондық сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ға жетті. 2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады.

Бұл ретте сайтымызда "Қазақстан нарығын ресейлік маркетплейстер жаппай жаулап жатыр" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ "Айналымы 1,8 трлн теңге. Елімізде "постаматтар қаптап, маркетплейстердің саудасы қызуда" деген мақаланы да оқи отырыңыздар. 


Рекомендовать
Последние новости