Kaspi өз қосымшасынан "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорын шығарып тастады

Кәмшат Тілеухан 19 нояб. 2024 10:31 174

Kaspi өз қосымшасынан "Biz Birgemiz Qazaqstan-ды" шығарып тастады, сөйтіп бұл қорға ақша аудару мүмкіндігі жойылды,деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Бұл туралы қор нарығының маманы Данияр Темірбаев Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Аталған қор басшысының ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсады деген күдікпен ұсталғаны туралы шыққан ақпараттан соң осындай шешім қабылданған шығар. Жалпы, бұл жағдайда қордың барлық донаттары сияқты Kaspi-де зардап шегуші. Себебі олар бұл қорға 600 млн теңгеден астам ақша аударған. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін құрылған бұл қайырымдылық қорына қатысты жағымсыз оқиға "Қазақстанда алаяқтық деген керемет гүлдеп-өркендеп тұрғанын" тағы да растайды. Ең бастысы, мұндай ұйымдарды қаржыландыру бөлігіне қатысты бізде мықты комплаенс (тәртіпке бағыну,нормаларды бұзбау) жоқтың қасы", деп жазады ол. 

Айта кетсек, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Оның көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілініп, ұсталғаны 2024 жылы 14 қарашада белгілі болды.

15 қарашада AMANAT партиясының өкілдері Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорымен ешқандай байланысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.

16 қарашада Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.


Рекомендовать
Последние новости