Мәжіліс отырысында жаңа Салық кодексі талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бұл өзгерістер БАҚ өкілдеріне үлкен ауыртпалық екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың мәлімдемесі
Депутаттың мәлімдемесі
"Қазір ақпараттық соғыс әлемде қалай жүріп жатқанын, әр ел ақпараттық тұрғыда өз-өзін қалай қауіпсіздендіруге тырысып жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан қосымша құн салығы бұқаралық ақпарат құралдарына 16%-ға жететін болса, сәйкесінше бұл біздің еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өзіміздің іштегі азаматтарымызға, отандастарымызға қажет жобалар жасауына, қажет дүниелерді жолдауына яки бәсекелестік қабілеттілігіне кері әсер етеді. Сәйкесінше шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары елімізде қаптайды және шетелдік жобалар біздің телеэкраннан да, радиодан да, интернеттен де түспейді деген сөз. Бұл - үлкен қауіп", - деді ол.
Депутат бұл мәселе газет-журналды да айналып өтпейтінін жеткізді.
"Бізде облыстық, аудандық, қалалық газет-журналдар бар. Ол жердегі әріптестеріміз онсызда кіп-кішкентай айлыққа ілділдәлап әрең күнін көріп отыр. Егер оларға салынатын қосымша құн салығы 16%-ға баратын болса, онда көбі жабылып тынады. Сәйкесінше аймақтар тиісті ақпарат құралынсыз қалады, азаматтар, әріптес журналистеріміз жұмыссыз қалады", - деді ол.
Нартай Сәрсенғалиев маңызды екі ұсыныс жолдады.
"Біріншісі, еліміздегі отандық газет-журналдарға қосымша құн салығын алып тастау яки нөл пайыз қылу. Екінші еліміздегі отандық ресми тіркелген телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарына қосымша құн салығын 10% деңгейінде қалдыру. Бәріміз білетін тәмсіл бар ғой: кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемге иелік етеді деген. Сондықтан осы бағытта отандық БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігін, дұрыс ақпарат таратуын сақтап қалу керек", - деп түйіндеді ол.
Жұманғариннің жауабы
Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттың сауалына жауап беріп, жеңілдік қарастырылмайтынын жеткізді.
"БАҚ-қа біз толығымен 16% ҚҚС-ты жолдаймыз. Сол себепті ешқандай жеңілдіктер көзделмеген. Ол әрбір БАҚ-тың жалпы жылда есептелген тауар айналымына байланысты болады. ҚҚС-ның шекті мәнін біз қолдадық. 40 миллион теңге. Ол деген ақиқат зат есептеймін. Шетелдік БАҚ келсе, олар да төлейді. Сол себепті әрбір БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігі оның берген ақпаратының көпшілікке қызық екеніне, сапасына байланысты болады. Журнал, газет, интернет, радио деп бөлу дұрыс емес деп есептейміз", - деді министр.