Жұмыссыз, ақшасыз, шарасыз: Мәскеуде қысымға ұшыраған қазақстандық студенттің ашық хаты

Көркем Алдабергенова 26 июн. 2025 10:45

Ресейдің Жоғары экономика мектебінде оқып жатқан қазақстандық студент Кристина Думанова Ресей Ішкі істер министрлігіне ашық үндеу жариялап, "бақылаудағы тұлғалар реестріне" заңсыз енгізілгені үшін бір ай бойы зардап шегіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл жүйенің мақсаты заңсыз мигранттармен күресу болса да, қазір ол керісінше, барлық құжаты дұрыс, елде заңды жүрген шетелдіктерге зиянын тигізіп отыр.

Кристина Думанова бұл жазбасын Ресейдің ішкі істер министрлігіне арнайтынын атап өтті. Ол ведомство енгізген "бақылаудағы тұлғалар реестрі" 2025 жылдың ақпанынан бастап жұмыс істей бастағанын атап өтті. 

"Бұл тізімге, негізінен, тіркеуінде қате бар шетелдіктер енгізілуі тиіс болатын. Алайда шын мәнінде жүйе кез келген адамды кездейсоқ тіркеп жатыр. Тіпті заң бұзбағандарды да тіркеп тастаған", – деп жазады студент.

Ол бұл жүйе заңсыз мигранттарды анықтап, шектеу үшін құрылғанын түсінетінін айтады. Бірақ соның салдарынан құжаттары заңды, тіркеуі толық, бәрі дұрыс шетел азаматтарының өмірі қиындап кеткен.

"Мен – Қазақстан азаматымын. Қазақстан – Ресейдің достас елі. Ресейде бес жылдан бері тұрып, Жоғары экономика мектебінде оқып келемін. Ресейде жұмыс істеймін, салық төлеймін, құжаттарым да түгел", – дейді Кристина.

Соған қарамастан, студент соңғы бір ай ішінде бұл тізімге үшінші рет енгізілгенін хабарлады. Алғаш рет ол 30 мамырдан 18 маусымға дейін тізімде болған. Сол уақытта уланып қалып, бір апта төсек тартып жатып қалғанын, тіпті дәріханадан дәрі де ала алмағанын айтады.

"Себебі тізімге енгізілгендердің барлық банк карталары бұғатталады. Бұл – заңды жүрген шетелдікке қарсы жасалған қысым", – дейді ол.

18 маусым күні оны тізімнен шығарған, алайда бар болғаны бір күнге ғана. 21 маусымда қайтадан аудандық ішкі істер бөліміне барып, тағы шығарып тастауды сұрайды. Ал 25 маусым кешке оның аты үшінші рет реестрге енгізілгені белгілі болады.

"ІІМ өкілдері түсініктеме бермейді. Жүйе дұрыс жұмыс істемейді, әзірге солай болады деп жауап береді. Демек мен енді әрбір бірнеше күн сайын ішкі істер басқармасына барып, тізімнен шығаруымды сұрап жүруге мәжбүрмін", – дейді Кристина.

Карталардың жұмыс істемей қалуы – жалғыз мәселе емес. Кристинаның айтуынша, РКЛ-де тұрған шетелдікті жұмысқа алуға болмайды. Бұл жұмыс берушіге ірі айыппұл салуға әкеп соғады.

"Мен армандаған жерден жұмыс ұсынысын алдым. Алайда жұмыс берушім мені жұмысқа ала алмайды – себебі мен бақылаудағы тізімдемін. Ал жұмыс беруші мені жұмысқа алса, заң бойынша үлкен айыппұл төлейді", – дейді ол.

Кристина ІІМ-нен бұл жағдайдың жүйедегі ақаудан екенін түсіндіретін ресми анықтама сұраған. Бірақ аудандық бөлім бұл анықтаманы беруден бас тартқан, тек "Мемлекеттік қызметтер" порталы арқылы өтініш беруді ұсынған. Қазір өтініші 21 маусымнан бері қаралып жатыр.

Осы шектеулердің салдарынан Кристина жұмысқа кірісе алмай, алдын ала келісілген жалақысынан айырылған. Бұған қоса, тіпті бұл жұмыс орнынан толық айырылып қалуы да мүмкін екенін мойындайды.

"Мені бірнеше күн сайын қайта енгізіп-шығарып отырады. Жұмыс беруші мені тіркеуге тіпті үлгермейді. Ал менің кінәм жоқ", – дейді ол.

Қорытындылай келе Кристина Думанова үндеу жасады.

"Мен – достас елдің азаматы, Ресейдің үздік университетінде оқып жатқан студентпін. Бір ай бойы банктік картам бұғатталған, жұмысқа тұра алмай жүрмін, қарапайым өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Мені жүйенің ақауынан еш негізсіз "бақылаудағы тұлғалар тізіміне" енгізді. Енді әрбір бірнеше күн сайын барып, тізімнен шығаруымды сұрауға мәжбүрмін", – деп жазды қазақстандық студент.


Рекомендовать
Последние новости