Қазақстанда теміржол тасымалы құнының күрт қымбаттауы бизнеске ауыр соққы болып тиді. Әсіресе, металлургия, көмір және астық экспорты саласындағы компаниялар жағдай қиындап, кейбірі жабылулары мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz "31 арнаға" сілтеме жасап.
1 мамырдан бастап магистральдық теміржол желісінің тарифі бірден 35%-ға өскен. Ал 1 маусымнан бастап локомотив жегу қызметінің құны тағы да қымбаттайды. Экспортпен айналысатын отандық ірі компаниялар өздеріне банкроттық қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Өйткені бұл қымбатшылық кәсіпкерлердің алдын ала жасалған келісімшарттарын бұзып, дайын өнімдердің қоймаларда тұрып қалуына түрткі болуда. Айналып келгенде, логистика саласындағы қымбатшылық отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін жоюға әкеліп соқпақ. Өйткені тасымалданатын тауарлардың 65%-ы теміржол арқылы жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, экспорттық нарықтардан да айырылу қаупі туындамақ.
"Транспорт и логистика" салалық кеңесінің мүшесі, TIS Service ЖШС басқарушы директоры Данияр Дүйсемәлиев бұл шешімдер асығыс қабылданғанын айтады:
"Кәсіпкерлерге тарифтің көтерілуіне икемделуден басқа амал жоқ. Бұл күтпеген жерден жасалған шешім, ал біз бұған дайын болмадық. Енді бизнес бұған қалай бейімделеді, ол жағы белгісіз".
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы болса, тарифтің өсуін соңғы жылдары өздерінде қордаланған қарыздармен байланыстырады. Себебі осыған дейін компания тасымалдап отырған көмір, астық және кен сияқты жүктердің 70%-ын өзіндік құнынан төмен бағада тасып келген.
"Тарифті көтеру – теміржол инфрақұрылымын жаңарту үшін қажет. Біз бұл тарифке инвестициялық бағдарлама мен локомотив паркін жаңарту шығындарын енгіздік", – дейді ҚТЖ тарифтік саясат департаментінің директоры Диас Түсіпбеков.
Экономистердің айтуынша, тарифтерді көтеру – мәжбүрлі қадам.
"Ұлттық оператор қайырымдылықпен айналыса алмайды. Біз нарықтық бағаға бірте-бірте келуіміз керек. Бірақ тариф саясаты ашық болуы тиіс, бизнес келер жылы қандай шығынға дайын болу керектігін нақты білуі қажет", – дейді Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтова.
Десе де, кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер тарифтің алдын ала болжамды болғанын талап етіп отыр. Өйткені биыл тарифтердің тосыннан көтерілуі экспорттық бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп, шетелдік нарықтарды жоғалту қаупін тудыруда.
Астық саласының ғана жолы болды – үкімет олардың өтінішін ескеріп, тарифтің жоғарылатылған коэффициентін бірнеше күн ішінде алып тастады. Ал металлургия және көмір кәсіпорындарына бұл қымбатшылықтың салдары ауыр тимек.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақстан транзиттік үстемдігінен айырылып қалуы мүмкін – сарапшы" деген мақала жарияланған болатын.