Жолдауда жүктелген міндеттер жүзеге асуда – саясаттанушы пікірі

Жарбол Кентұлы 29 авг. 2024 13:39 6538

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары». Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бір жыл бұрын халыққа арнаған Жолдауы осылай аталды. Маңызды құжат түгелдей дерлік Қазақстан Республикасының экономикалық даму бағдары және оны жүзеге асыру жолдарына қатысты берілген тапсырмаларға толы болды. Жолдауда көрсетілген өзекті бағыттар мен жүктелген міндеттер қаншалықты іске қосылды? Біз дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе? Осы тақырып жөнінде саясаттанушы Жомарт Сімтіковпен сұхбаттасқан едік.  

 

- Жомарт мырза, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына бір жыл өтті. Осы уақыт ішінде жүктелген міндеттердің орындалуы қандай деңгейде?

- Біріншіден, айтылған міндеттердің барлығы 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс болатын. Яғни бүгінгі таңда екінші жыл жақындап қалды. Атқарылатын жұмыстар әлі алда. Ал осы бір жылдың ішінде өзім байқап, зерттеп-зерделеп жүрген жұмыстарымызға тоқталып өтсем, өнеркәсіпке байланысты өңдеу саласын жедел дамыту, мұнай-газ, көмір, ауыр машина жасау, өнім кластері, ауыл шаруашылығы, туризм жөнінде берілген тапсырмалар орындалып жатыр. Ел Президенті мынадай мәселелерге ерекше көңіл аударды. Онда уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер мен тыңайтқыштарды шығару мәселелеріне баса назар аудару керектігін айтты. Сонымен қатар, өңделген өнім шығаратын кластер құру қажеттігін қадап айтты.  

- Расында да өңделген өнім, өнеркәсіп саласы еліміз үшін аса маңызды. Ең алдымен өнім өндірушілер, қорғаныс өнеркәсібі жайлы сөз қозғасақ?

- Қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайту, онда ұлттық қауіпсіздікке өндірістік кешенді құру, оған заманауи технологияны тарту, әсіресе цифрландыру мәселесі бойынша үлкен тапсырмалар берілді. Бұлар да жүзеге асып жатыр. Осы тұрғыда отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндеттеген болатын. Сонымен қатар біздің экономикамыздың басқалар үшін жабық деген сөзді білдірмейтіндігін және сонымен қатар біздің елімізде әрдайым басқа адамдарға ашық бола тұрып бірақ дегенмен ұлттық бизнестің негізін қорғау мәселесі айтылған болатын. Осы айтылғандардың бәрі біртіндеп орындалып жатыр.

- Заманауи технологияларды енгізу қазір күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселе. Инновациялар және креативті индустрия салаларында қандай жетістіктер бар екен?

- Елімізде инновациялық дамудың басты бағыттарының бірі ретінде Алматы мен Астанада қажетті экожүйелерді қалыптастыруға үлкен мән берілуде. Бұл экожүйелер дарынды жастарды қолдап, аймақтық ЖОО базасында біртұтас инновациялық орта құруды көздейді. Мұнда теориядан гөрі практикалық бағытқа басымдық беріледі. Мысалы, заманауи азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталын тиімді пайдалану үшін креативті өндіріс салалары мен инклюзивті экономиканы дамыту жұмыстары қолға алынуда. Алатау қаласы маңында болашақ креативті орталықтарды қалыптастыру индустрияның негізгі элементі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, елімізде жасанды интеллект, цифрландыру және креативті индустрия салаларында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жасанды интеллектті жоғары оқу орындарында пайдалану және цифрландыру процестерінің жалғасуы – осының айқын дәлелі. Қазақстанның креативті индустрияға бет бұрғанын анық байқауға болады.

- Энергетика және көлік-логистика салалары қазір ең көп талқыланып жатқан тақырып десек артық айтқандық емес. Бұл салалардағы жағдайға қандай баға берер едіңіз?

- Болашақта энергетика тапшылығына ұшырайтынымыз мәлім. Осыған байланысты елдегі энергетика саласы зерттеліп, атом электр стансасы салынуы бойынша 2027 жылға дейінгі аралықта талдау қолға алынды. Жасыл экономика, атом энергетикасы бойынша референдум өткізу мәселесі қойылған болатын. Яғни алда 1,5 жылға жуық уақыт бар. Дегенмен бүгінгі таңда АЭС салу мәселесін қозғап, соған дайындықты, халықтың көзқарасын білу жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Ол әрбір ірі қалаларда, аудан, облыс орталықтарында түрлі өнеркәсіп азаматтарымен, Қазақстан азаматтарымен пікірталастар жүріп жатқанын білеміз. Баса айтатын жайт, еліміздегі тау-кен саласын басқару жүйесін жаңғырту қажеттігін, осыған байланысты геологиялық барлауға ерекше назар аудару керек. Минералды шикізаттардың базасын толықтыру үшін тау-кен саласын басқаруға қатысты жаңа заңдар қабылданған болатын. Бірақ заң талаптарының кейбір мәселелерінің дұрыс орындалмай жатқандығына байланысты теориялық жағынан да практикалық жағынан да бұл елге  инвестиция тарту, елдің инвестиция әлеуетін ашуға үлкен көңіл бөліп жатқандығын айтуға болады. Осы сала бойынша еліміздің 1,5 млн шаршы шақырымды аумағын геологиялық және геофизикалық барлау жасалса, үкіметтің міндеті ретінде 2026 жылға қарай оның көлемі кемінде 2 млн 200 мыңға жеткізу керектігі айтылды. Бұл сала бойынша да біраз жұмыстар орындалды.

Тағы бір ерекше көңіл бөлген сала - көлік-логистика саласы. Көлік-логистика бойынша орталық Азиядағы бірлескен интеграциялық ықпалдасуға келіп жатқан бес мемлекеттің арасындағы мәселе бойынша, әсіресе ҚХР және еліміздің шығысы мен батысының арасын қосатын жолдарды реттеу тек теория, келісім-шарт жүзінде емес, нақты іске асып жатқандығын көрсетеді.  Көлік-логистика саласы бойынша өз әлеуетімізді толыққанды пайдалану, әсіресе Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтарға Қытайдан жіберілетін тауарлардың көлемін айтарлықтай көбейту көзделген болатын. Қазақстанның геосаяси жағынан алып қарастырған кезде солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқандығын біз бүгінде көлік-логистика саласы бойынша экономикамызды алға бастайтын күштердің бірі ретінде қолдануымыз керек. Бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан шекаралық аймақтардағы аудандардың дами бастауы, олардың белгілі бір дәрежеде соның жемісін көріп отырмыз. Бұл мәселе бойынша бәсекелердің болып жатқандығын, ең біріншіден Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтарал сияқты теміржол жобаларының сапалы түрде жүзеге асып жатқандығын біз естен шығармауымыз керек. Осы мәселе бойынша болашақта қолға алынбақ. Мысалы Алматыны айналып өтетін теміржол желісі негізделді. Бұл да белгілі бір дәрежеде жүзеге асып жатыр. Осы бағытта Бақты өткелінде жаңа құрғақ порт салу, Ақтаудағы контейнер хабтарын құру және оның құрылысы жүзеге асуда. Қара теңіз арқылы өтетін орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру, онда Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларына өз терминалдарымыздың құрылысы басталатындығы айтылды. Бұл Қытайдың «бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бағдарламамызбен толықтай қабысып жатқандығын көрсетеді. Бұл іргелес елдермен оның ішінде Ресеймен, Қытаймен, Орта Азия және Оңтүстік Азиядағы көршілерімізбен тату-тәтті, сындарлы, әрі достық қарым-қатынаста болуымыздың өзі көлік әлеуетін тиімді пайдалануымызға үлкен негіз бола алады.

 

- Ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылы қандай өзгерістерді байқадыңыз?

- Ауыл шаруашылығы тақырыбына тоқталатын болсақ, «Ауыл аманаты» атты бағдарламаның бүгінгі таңда үлкен қажеттілігі туындап тұр. Яғни бір жылдың ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының бірталай жобасы жүзеге асты деп айтуға болады. Бүгінгі таңда ауыл аманаты бағдарламасының бірталайы жүзеге асты деуге болады, онда заманауи технология ауыл шаруашылығында, ауылдық жерлерге барғандығын байқаймыз. Ауыл шаруашылығы, әсіресе ет-сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжайлар шаруашылықтарын дамыту сияқты мәселелерде басымдықтар берілгендігін байқауымызға болады. Еліміздің оңтүстігінде болсын, оңтүстігінде болсын, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін әр уақытта қаперден тыс қалдырмай отыр. Шаруаларға үлкен көмектер беріліп жатқандығын байқауға болады. Еліміздегі Солтүстік Қазақстан облысында жүзден астам ірі сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Олардың шаруашылық тәжірибесі, жем-шөп қорын дайындауы, сонымен қатар құс фабрикалары, көкөніс қоймалары, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарының тәжірибелерін басқалар алуы керектігі айтылды. Президентіміз сонымен қатар егін шаруашылығында басқа да агроқұрылымдарды дамыту барысындағы үлкен шаралардың қажеттігін, ауыл шаруашылығындағы жоғары технологиялық салаларды қабылдау керектігін, азық-түлік келісім-шарт корпорациясындағы ахуалды тұрақтандыру керек деген мәселелерді көтерген болатын. Ауыл шаруашылығына байланысты көптеген шарашалар орындалып жатқанындығына біз куәміз.

- Барлық саланы талқылап, туризм туралы айтпай кеткеніміз жөн болмас, елімізде туризм саласында қандай жетістіктер бар?

- Екінші мәселе ретінде еліміздегі туристік әлеуетті нығайту, туризм саласына баса көңіл бөлу жөнінде мемлекетке келіп жатқан азаматтардың санын арттыра отырып оған инвестиция салуды көздеді. Мәселен осыған байланысты 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуы тиіс болатын, бүгінгі таңда олар жасалынып жатыр. Жобаларды тиімді орындау мерзімдері айқындалды.

- Жомарт мырза, уақытыңызды бөліп, егжей-тегжейлі жауап бергеніңіз үшін рахмет.

- Сізге де рақмет! Қазақстанның дамуы үшін жасалып жатқан қадамдар туралы осындай ашық сұхбаттар өте маңызды.

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости