Жолдардың сапасын жақсартуға 62,7 млрд теңге жұмсалады

Dalanews 09 июн. 2020 12:25 965

Биыл Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын жақсарту үшін 556 жобаны жүзеге асыруға 62,7 млрд.теңге қарастырылған, соның ішінде республикалық бюджеттен – 12,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 49,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 15,3 млрд теңгелік 40 жобасын «Нұрлы жол» шеңберінде, 3,5 млрд теңгелік 19 жобасын «Ауыл – Ел бесігі» бойынша, 19,7 млрд теңгелік 337 жобасын «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша, 24,2 млрд теңгелік 160 жобасын жергілікті бюджет есебінен Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асыру қарастырылған, – деп  хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2020 жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті маңыздағы автокөлік жолының 326,3 шақырымын қайта жаңғырту мен құрылысын жүргізу жоспарланған.

Атап айтқанда, 29 шақырымды қайта жаңғыртуға 4 634,3 млн. теңге, соның ішінде Балқаш көліне дейінгі 19 шақырым автожолға – 4 010,0 млн теңге, 4 шақырым автожол мен 12 көпірді күрделі жөндеуге – 1 799,6 млн теңге, 293,3 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізуге 8 881,1 млн теңге бағытталады.

Жалпы 2025 жылға дейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 188,7 шақырым жолға құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, 120,2 шақырым жол мен 16 көпірді күрделі жөндеу, облыстық маңыздағы 1 480 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жалпы сомасы шамамен 148 511,9 млн теңгеге жүргізіледі деп жоспарланған.


Солардың қатарында айтулы ірі жобалар да бар. Мәселен, бұл қатарда жалпы сомасы шамамен 51,0 млрд теңге болатын ұзындығы 36,4 шақырымдық «БАКАД-тың алты радиалды жолдарының құрылысы» жобасын, Балқаш көліне дейінгі ұзындығы 75 шақырым автожолды 18,0 млрд теңгеге қайта жаңғыртуды аяқтау жұмыстарын атауға болады.

Қабылданған шаралар мен жоспарланған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде «Нұрлы Жол» бағдарламасымен 2025 жылға дейін өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңыздағы жолдардың үлесін 99 %-ке жеткізу көзделіп отыр.

Рекомендовать
Последние новости