Жылыой ауданында су тасқынының беті қайтпай тұр

Сағыныш Сардарова 05 апр. 2024 16:12 3874

Атырау облысы Жылыой ауданында су тасқынының беті қайтпай тұр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін Жылыой ауданында су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын халықты хабардар ету үшін дабыл сиренасы қосылды.

"Автобус тұрғындарды 10 эвакуациялық пунктке эвакуациялап жатыр. Қазіргі уақытта 130 адам эвакуацияланды, оның ішінде 84 бала", - деді Төтенше жағдай департаменті өкілдері.

Ведомство мәліметінше, жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға ЖАО, полиция, әскери бөлімнің, ТЖД 323 қызметкері, 142 техникасы, еріктілер мен жергілікті тұрғындар арасынан 4540 адам жұмылдырылған.

Ал жергілікті Atyraupress басылымы мәліметінше, Құлсары қаласының станциясынан Атырау қаласына 5 вагоннан тұратын жолаушылар пойызы халықты тегін тасымалдап жатыр. Өйткені Жылыой ауданында Жадырасын, Болашақ, Қарағай ықшамаудандарын су басып жатыр. 

"Жадырасын ықшамауданында тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Жаға бекіту жұмыстарына 321 қызметкер, 5 мың ерікті мен ауыл тұрғыны, 121 техника жұмылдырылды, 6809 мал қауіпсіз аумаққа көшірілді. Ауданда 20 мектеп онлайн оқуға көшті. Ал 5 мың бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан 20 балабақша уақытша жабылды", - деп жазылған әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Су тасқынынан зардап шеккендер қатары сағат сайын артып барады. Бірі туыстарының үйін жағаласа, бірі ауыл мектептерін паналап жатыр. Тұрғындар ұялы байланыс сапасы да нашарлағанын айтады. Қазір 2 және 3-ауылдар қауіпті аймақта тұр.

4 сәуірден бастап Жылыойда төтенше жағдай жарияланған болатын. Су тасқыны Құлсары-Атырау тасжолының бір бөлігін де шайып кетті. Сондықтан жол қозғалысы толықтай тоқтатылды.

"1993 жылы Құлсары суға кетіп, мыңдаған үй жарамсыз болып қалған еді. Ол кезде топан сумен бірге жаңбыр жауып жағдайды қиындатып жіберген. Бірақ дәл осындай су келген жоқ, бұл өзгеше... Үш күн түнімен қарғын сумен алысып жатырмыз. Негізі әкімшілік о баста табиғи судың қауіптілігі жоқ деп сендіруімен халық қамсыз отырды. Су келіп, қауіп төне бастағанда іске кірістік. Алғашқы күндері техника, қапшық, күрек жетіспеді, жанар, жағармай тапшы болды. Осы жерде мыңдаған адам жұмыс істеп жатса да топан суға тосқауыл бола алмай жатырмыз. Бірақ адам күші жеткіліксіз. Әбден жағдай ушыққасын аудандық әкімшілігі мекемелерге хат жазып, адамдармен көмектесу жөнінде хат жолдады. Вахтада жүрген жігіттер ақысыз күн алып келіп жатыр", - дейді тұрғындар.


Рекомендовать
Последние новости