"Жылдам ақшаға" басымен "кіріп алғандарға" енді микроқаржы омбудсманы көмекке келеді

Кәмшат Тілеухан 17 дек. 2024 12:38 739

Қазақстанда микроқаржы омбудсман институты енгізіледі. Ол проблемалық шағын несиелердің көбеюіне байланысты сотқа дейін мәселелерді шешуде жеке тұлғаларға тегін қызмет көрсететін болады. Бұл туралы бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Микроқаржы омбудсман институты 2024 жылдың 21 желтоқсанынан бастап өз жұмысын бастайды.

"Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және дауларды сотқа дейін жеткізбей реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті реттеу мәселелерін және коллекторлық агенттіктермен арадағы дау-шарғыларды қарастыратын болады", делінген ведомство хабарламасында.

Омбудсманның қызметіне микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар ғана жүгіне алады. Оның қызметтері - тегін. Ол сотқа жүгінбестен жанжалдарды шешуге ықпал ететін тәуелсіз төреші ретінде әрекет етеді.

"Омбудсманның шешімі қарыз алушы қабылдаған жағдайда микроқаржы ұйымы үшін міндетті түрде орындалуы тиіс, ал егер тараптар өзге мерзім туралы уағдаласпаса, 30 күн ішінде орындалуы тиіс", - дейжі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Сондай-ақ, ведомство микроқаржы омбудсманының құзыретіне сотқа берілген немесе заңды күшіне енген сот актілері бар істер кірмейтінін нақтылайды. Мұнымен қоса, дәлелденбеген мән-жайлармен немесе істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайта жіберілген өтініштер қаралмайды.

Айта кетсек, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард жұмыс істейді.


Рекомендовать
Последние новости