Жыланбаев "экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар" тұлғалардың тізіміне енгізілді

Қаракөз Амантай 11 апр. 2024 14:49 3091

2023 жылы жабық соттың нәтижесінде 7 жыл түрмеге кесілген танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың аты-жөні "экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар" тұлғалардың тізімінде пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тізім Қазақстан қаржы мониторинг агенттігінің сайтында жарияланды. Жыланбаев тізімге 8 сәуірде енгізілген.

Бұған қатысты пікір білдірген Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев совет кезін еске алды.

"Совет кезінде құқықтан айыратын баптар болды, дәл қазір сондай нәрсе жүріп жатыр" деді адвокат Азаттыққа берген сұқбатында.

"Бұл заңсыз. Мұны реттейтін заңдар бар. Олар Конституцияға қайшы деп ойлаймын. Себебі адам өмір сүруі керек, нәпақа таба алуы керек, қандай да бір әрекет жасай алуы керек. Ал жеке сәйкестендіру нөмірі шектелген адам не істей алады? Тіпті шетел азаматтары көбірек құқыққа ие" деді ол.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген.

"Белсенді, танымал марафоншы Марат Жыланбаев бейбіт әрекеті мен саяси ұстанымы үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды" деді Amnesty International желтоқсандағы мәлімдемесінде.

60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі жылдары билікті сынап, бейбіт наразылық акцияларына қатысқан.

Қаңтар айында Марат Жыланбаев Степногорск түрмесіне ауыстырылған. Оның қамауда отырғанына 11 айдан асты, оның көбін тергеу изоляторда өткізген. Ол былтыр көктемде саяси тұтқындарды қолдап, бейбіт акциясын өткізгеннен кейін 20 тәулікке қамалды, ізінше мамырда тергеу изоляторына ауыстырылған.

Билік мәжіліс сайлауына қатыспақ болған және өзге белсенділермен бірге "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркемек болған Жыланбаевты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (мәселе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жөнінде болып отыр, Қазақстан билігі оны экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деп айыптады. Жыланбаев 2023 жылы парламент сайлауына өзін-өзі ұсынушы ретінде қатыспақ болған кандидаттарға сайлау жарнасын төлеуге көмектесу үшін қаржы аударған, сол үшін оған "экстремизмді қаржыландырды" деген айып тағылды. Жыланбаев тергеу органдары "экстремистік қозғалыстың мүшелері" деп атаған белсенділерге ақша аударған.

Былтыр 29 қарашада сот Жыланбаевты жеті жылға соттады. Белсенді мен жақтастары айыпты жоққа шығарды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Түрмеде отырған кезде Жыланбаев кемінде екі рет ұзақ аштық ұстады: бірінде ашық сотты талап етті, ол кезде белсенді қарсылық ретінде аузын тігіп тастады. Екінші рет үкімнің күшінде қалуына наразылық білдіріп, аштық жариялады. Туыстарының сөзінше, екі жағдайда да ол айтарлықтай салмақ жоғалтқан.

Қазақстан билігі құрастырған "экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар" тұлғалардың тізімінде 1,5 мыңнан астам адамның аты-жөні бар.

Қазақстанда "экстремизм бабымен" сотталғандар банк, нотариус және сақтандыру қызметін пайдалана алмайды.


Рекомендовать
Последние новости