Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылып жатқан жоқ, сатылмайды да!

Dalanews 02 мая 2016 23:14 1357

Ғарифолла ЕСІМ, академик:

– Ауылшаруашылығы саласына дем беру үшін ауыл тұрғындарына теңдессіз мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынуда.

Мысалы, жерді жалға алған Қазақстан азаматтары ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді жеңілдетілген бағамен он жылға дейін бөліп төлеу құқығымен жекеменшікке сатып ала алады.

Біздегі меншік иелері мен жерді пайдаланушылар ауыл шаруашылығы нысандары мен оған қажетті инфрақұрылымдарды салу құқығын пайдалана алады.

Бұрын ауыл халқының ондай мүмкіндіктері болмаған.

Жер біздің азаматтарымыздың сүбелі экономикалық активіне айналады және бұл ауылдағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру бұл саланың дамуына аса қуатты серпін береді.

Заңның жаңа нормалары агроөнеркәсіп саласының, фермерлердің, шаруа қожалықтар жұмысшыларының қатысуымен талқыланған және ол ауыл мүддесін қорғаудан туындаған.

Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылып жатқан жоқ, сатылмайды да. Шетелдіктер жер телімдерін тек қана шектеулі мерзімге жалға ала алады.

Сонымен бірге Үкімет шетелдіктерге уақытша жалға берілуі мүмкін жер телімдерінің ауқымына шектеу қояды.

Жерді тиімсіз пайдалану фактісі анықталған жағдайда оны мәжбүрлеп қайтарып алуға дейін баратын қатаң әкімшілік шаралар қолданылатын болады.

Тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының ғана ауыл­шаруашылық мақсаттағы жерлерге жекеменшік құқығы бар.

Өз жерімізге иелік ету құқығы тек қана Қазақстан халқына тиесілі. Бұл – мызғымайтын қағидат және біздің мемлекетіміздің нақты ұстанымы.

 

Бақытжан ЕРТАЕВ,  Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жерлер бұрын да шетелдіктерге жалға берілетін. Бірақ онда мерзімі 10 жыл болған. Соңғы өзгеріс бойынша бұл мерзім 25 жылға ұзартылды. Осы он бес жылды қосқанымыз, жерлерді дұрыс қолға беріп, аграрлық шаруашылық жүргізуге мүмкіндік жасау. Ауыл шаруашылығы мамандары біледі, жерге тыңайтқыш төгу керек. Суландыру жүйесін жолға қою керек. Оның бәріне салынған қаржы қайтуы үшін уақытты қажет етеді. Әйтпесе, кейбір жерлер бар, мал да жаюға келмейді. Оны не істеу керек?

Жер кодексін дұрыс қарап шығу керек. Сонда жұрт алыпқашпа сөзге ергендерін сезінеді. Қасиетті Жер-Ана деген сөзді бекер айтпаймыз. Мен ел перзенті ретінде еліме айтарым – жер сатылмайды. Сатпаймыз. Оған қақымыз жоқ! Бұл – болашақтың мұрасы. Бірақ ол жерді жайнату, жағдайын жасау біздің парызымыз.

 

Игорь ЖАБЯК,  Қарағанды облысындағы шаруа қожалығының басшысы:

– Жер тұра берсе, тұралап қалады. Оған күтім жасасаң, жайнайды. Менің иелігімдегі осы жерде бидай өседі дегенге ешкім сен­беген. Жерді аялап, құнарын көтерсең, жемісін береді. Жермен жұмыс істеуден артық қасиетті іс жоқ деуге болады. Жасаған күтімің қаншалықты көп болса, беретін қайтарымы соншалықты мол болады. Қазақстанда игерілмеген, құнарлы жерлер жетерлік. Қор болып, бос жатқан жерді көрсем, жүрегім сыздайды. Жер кодексіндегі өзгерістер аграршылардың жерге басқаша қарауына ықпал етеді.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Шұрайлы жерімізді бос шаңдатпай, кәдеге жарату керек. Жайылым құр жатып, құнарынан айырылғанша, иесі табылып, өнім бергені мемлекетке де, халыққа да әлдеқайда пайдалы. Сондықтан да Жер кодексіне енгізілген өзгерістерден ешқандай да астар іздеудің қажеті жоқ.

2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағына сәйкес, тек өндірістік нысандар мен тұрғын үйлер тұрғызған жер учаскелері ғана шетелдіктердің, азаматтығы жоқ тұлғалардың және шетелдік компаниялардың жеке меншігінде бола алады. Ал ауыл шаруашылығы өндірістерін және орман өсіру ісін жүргізуге арналған жерлер олардың жекеменшігінде бола алмайды. Бұған тыйым салынған. Мұның барлығы заңда қолмен қойғандай көрсетілген. Нақты айтсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетел азаматтарына сатылмайды.

Өкінішке қарай, бізде әлі құқықтық қоғам толық қалыптаса қойған жоқ, жаңа ғана құру үстіндеміз. Азаматтардың барлығы бірдей заң актілерін қарай бермейді. Бұл өзгерістер жалға алған адамдардың жерге әлдеқайда ұқыптырақ қарауын көздейді.

 

Артур ПЛАТОНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жер шетелдіктерге сатылмайды. Ұлттық заңнамада ол нақты айтылған. Шетел азаматтары, азаматтығы жоқтар және шетелдік компаниялар ауыл шаруашылығы жерлерін онда мал өсіру, егін шаруашылығын жүргізу үшін тек 25 жылға жалға ала алады.

Мұны қарастыратын заңның қабылданғанына бірнеше ай өтті. Бірақ базбіреулер дәл қазір осы мәселеге екпін түсіріп, оны саясиландыра бастады. Егер мәселе саясилана бастаса, ұтымды, байсалды ойлаудың орнын эмоциялар басады. Бұдан сұрақ туады: бұл сонда кімге керек болып отыр? Кім қандай мақсатты көздеп отыр?

Егер дамыған елдердің тәжірибесіне қарасаңыз, Еуропа елдерінде, АҚШ, Ка­надада жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға береді, тіпті кейбір еуропалық мемлекеттерде жерді жекеменшікке де ұсынады. Қазақстан жерді шетелдіктерге беруге тыйым салып тастаған. Сондықтан бұл мәселеге салиқалы қарап, құқықтық тұрғыдан келген дұрыс.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақ үшін өте қасиетті, қастерлі дүниенің бірі ол – жер. Жер – ол біздің ата-бабадан келе жатқан байлығымыз. Сондықтан оны қорғау, аялап ұстау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Десек те, есте ұстайтын, нарық заңдылығына сәйкес қаперге алатын нәрселер бар.

Мәселен, 2016 жылдың 30 наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жеке­меншікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ІІІ. «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады. Дұрыс. Маған, әсіресе, осы «100 нақты қадамның» 35-қадамы ұнады. Өйткені онда былай жазылған, «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу» делінген. Демек, осы 35-қадамды бетке ұстай отырып, жерді пайда әкелетін дүниеге айналдыру деген сөз. Былайша айтқанда, кезінде көптеген азаматтар жерді 49 жылға жалға алып, оны әлі пайдаланбай отыр. Бір сөзбен айтқанда, не егін екпейді, не мал жаймайды, не айналымға енгізбейді. Осылайша, қаншама жер игерусіз сарғайып, құнарсызданып жатыр. Осылай жалғаса беруге тиіс емес. Сондықтан Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізе отырып, игерусіз жатқан аймақтарды тиімді пайдаланудың жолын қарастырған жөн. Сонда ғана қордаланып қалған мәселелерді шешуге болады. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бірақ ауылшаруашылық жерлерін рәсімдеуді жеңілдету деген мәселеге де байқап қарау керек. Кезінде бұл мәселе қиын еді. Егер енді оны жеңілдететін болса, бұрын егін егіп отырған жерлерге жаппай үй салынып, басқа да нысандар салынып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай шетін мәселелерге өте сақтықпен қараған жөн. Жерді сатылымға шығармас бұрын шетін мәселелерді әбден пісіріп алған жөн.

 

Жолан ОМАРОВ, Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Бірде-бір шаршы метр шетелдік азаматтарға, болмаса Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адамдарға берілмейді. Заңмен де шектелген, аукционды өткізу қағидасымен де, ережесімен де. Олар аукционға да қатыса алмайды. Жерге иелік еткен қазақстандықтар оны сатуға, алмастыруға және мұра есебінде қалдыруға құқылы. Бірақ бұл мәселенің бәрі мемлекеттің бақылауында болады.

 

Роман КИМ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жерді жалға беру институты бұрыннан болған, біз тек былтыр оның мерзімін ұзарттық. Егер жалдық мерзім бұрын 10 жыл болса, енді 25 жыл жасадық. Мұны не үшін істедік? Жер, біле білсек, тиісті күтімді талап ететін объект. Қазір 10 жылдың ішінде оған салғаның қайтып үлгермейді, сондықтан жалгерлер оған қаржы салмайды. Ал көп қаржыны салу дегеніміз – жердің сапасын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу. Осы үшін жалгерлерді тарту үшін, инвесторларды ауыл шаруашылығына әкелу үшін мерзімді 25 жылға создық. Мұндай жерлер үлкен аумақта берілмейді. Әрбір өңірде жергілікті атқару органдарының көмегімен, эко­номика министрлігінің және басқа мемор­гандардың келісімімен шетелдік компанияларға қанша гектар жердің жалға берілетіндігі анықталады.

 

Айгүл СОЛОВЬЕВА, қоғам қайраткері:

– Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруіміз керек. Бізге дәл қазір ауыл шаруашылығын көтеру аса қажет. Бізде жарты әлемді асырайтын жер бар. Адамдар ойланып көріп, түсінеді, олар өз жеріне жау емес қой. Шын­дығында, бұл – бізге қанмен, термен келген жер. Сондықтан оны жай ғана сата салуға ешкім жол бермейді. Оған заң жол бермейді.

 

Кеңес ОМАРОВ: ауыл кәсіпкері, Шығыс Қазақстан облысы Глубоков аудандық мәслихаттың депутаты:

– Ауыл шаруашылығының пайда­лануындағы жерлерді шетелдіктерге сату туралы соңғы уақытта айтылып жүрген әртүрлі әңгімелердің жөнсіз екендігі туралы Ұлт Көшбасшысының ассамблеядағы айтқан сөзімен толықтай келісемін. Ондай алып­қашпа сөздер ешқашан жерді игермеген, жерді пайдалануды, қалай дән себуді, шалғыны қалай ұстауды білмейтін адамдардан шығады деп ойлаймын. Жермен жұмыс істеу керек, ал оның қараусыз, арам шөп басып жатқанын көргенде, жүрегің жылайды. Жерге шаруашылық тұрғыдан қарау керек, сонда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

 

Рүстем ДОСЖАНОВ, шаруа қожалығының басшысы:

– Жер шетелдіктерге сатылмайды, ол шаруашылығымызды дамыту үшін бізге – шаруалар мен фермерлерге сатылады. Мысалы, мені алайықшы. Жерім болмаған соң, шаруашылығымды кеңейте алмай отырмын. Ал егер ертең жерді сатып алсам, мы­салға 2 мың гектар жерді сатып алсам, мал басын көбейтуге мүмкіндік болар еді.

 

Ықылас МҰҚАШЕВ, ауылдық кәсіпорынның директоры:

– Егер жермен жұмыс істей алмасақ, біріншіден оны арам шөп басып, тозады. Жер бос жатпауы керек, бұл – қосымша жұмыс. Білесіздер ме, қазіргі кезде барлығы жұмыс іздеп ауылдан қалаға көшіп жатыр. Алайда ауылда да жақсы табыс тауып, жақсы тұруға болады.

 

Дереккөзі: aikyn.kz

Рекомендовать
Последние новости