Жемқорлық салдарынан стратегиялық әскери кәсіпорын тоқырауға ұшыраған

Сағыныш Сардарова 02 июл. 2025 09:57

Қазақстандағы авиациялық-техникалық орталықтың жұмысы толық тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Елде ұшақтар мен тікұшақтарға техникалық қызмет көрсететін жалғыз кәсіпорынның бір жылдан аса уақыт бойы қаңтарылып тұруы үлкен қаржылық шығындарға әкеліп, кәсіби мамандардың жаппай шетелге кетуіне түрткі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"КТК" арнасының мәліметінше, бұрын 180 адам еңбек еткен орталықта қазір небәрі 30 маман ғана қалған. Кәсіпорын басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс өндірісті тоқыратып, тіпті ангарының ішінде Су-25 жойғыш ұшақтарының өзі жөндеусіз қалып қойған. Одан бөлек орталық әскери мақсаттағы дрондарды құрастыратын бірегей кешен саналады, бірақ олардың да өндірісі тұралап қалған.

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұл мәселеге алаңдаушылық танытып, елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін маңызды нысанның тағдырына қауіп төніп тұрғанын ашық айтты.

"Орталық - еліміздің Әуе күштерінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін аса маңызды әрі бірегей кәсіпорын. Қазір ел ішіндегі былықтың кесірінен өзіміздің әскери-техникалық қажеттіліктерімізді өтеу үшін сырттағы бөтен компанияларға ақша төлеуге мәжбүрміз", – деді депутат.

Халық қалаулыларының айтуынша, мәселе тек қаражатта емес. Отандастарымыздың ақшасы шетелдік компаниялардың қалтасына түсіп жатқанымен қатар, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты маңызды әрі құпия ақпараттар сыртқа шығып кетуі мүмкін.

Саланың кәсіби мамандарын елде ұстап қалу, стратегиялық нысанды қайта іске қосу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мемлекет тез арада шешім қабылдап, кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіруге кіріспесе, жағдай ушыға түсуі ықтимал.


Рекомендовать
Последние новости