Жайықтың деңгейі қауіпті межеден асуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 08 апр. 2024 09:30 4488

Жем өзенінің Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі бойында су деңгейі кейінгі тәулікте 6 сантиметрге төмендеді. Дегенмен алдағы күндері Жайықтың деңгейі қауіпті межеден асуы мүмкін. Қанат Бозымбаев облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік ведомстволармен бірлесіп, екі күн ішінде Жайық өзеніне қатысты болжамды ұсынуды тапсырды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір қорғаныш бөгеті тұрғызылып, Атырауды айналып өтетін арналар салу жөнінде нақты жоспар әзірленіп жатыр.

"Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі 15-20 күн ішінде айтарлықтай көтерілуі мүмкін. Сарапшылардың болжамы осындай. Әдетте су Ресей Федерациясы шекарасынан өтіп елге жеткенше 20-25 күн болады. Бірақ ол судың көлемі мен ауа райына тікелей байланысты", - деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, 6 өңірде 4 мыңға жуық жекеменшік үй су астында қалды. Жерлікті жерлердегі 155 автожол учаскесін су шайған. Тағы 88 учаске бақылауға алынды, оның төртеуі - көпір. Ал 58 елді мекен көлік қатынасынан ажырап отыр. Оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынына қатысты елдегі ахуал күрделі екенін мәлімдеді. Аймақтардағы құтқару шараларына 17 мыңннан аса адам тартылған. 1900-ден аса арнайы техника мен 500 дана су сору, жүзу құралдары бар.

Бұған дейін Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында су тасқыны болған еді. ТЖД мәліметінше, бұл қаладағы жұмыстарға ЖАО, полиция, әскери бөлімнің, ТЖД 323 қызметкері, 142 техникасы, еріктілер мен жергілікті тұрғындар арасынан 4540 адам жұмылдырылған.

Алайда су тасқынынан зардап шеккендер қатары сағат сайын артып барады. Бірі туыстарының үйін жағаласа, бірі ауыл мектептерін паналап жатыр. Тұрғындар ұялы байланыс сапасы да нашарлағанын айтады. 

Ал 4 сәуірде сағат 09:50 шамасында А-33 Доссор-Құлсары тасжолының 101-шақырымында Жем өзенінің арнасынан су тасып, жолды су алып өткен еді.

"Қазір еріген қар суын ағызу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 10 адам мен 4 техника жұмылдырылды", - деп хабарлады ҚазАвтоЖол бұған дейін.

Сонымен қатар, Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау тасжолының 4-119 шақырымында көлік құралының барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. 


Рекомендовать
Последние новости