Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған шара өтті

Dalanews 27 нояб. 2022 02:44 1224

Жастар – ел болашағы. Сондықтан қоғам бәсекеге қабілетті, яки дені сау ұрпақ қалыптастыру мәселесіне бейжай қарамайды. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Жастар есірткіге қарсы! Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» деген ұранмен өткен акция да соның дәлелі болса керек-ті.

Акцияны ұйымдастыруға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Салауатты өмір салтын  қалыптастыру орталығы, ЖИТС орталығы және №3 қалалық емхананың "Жас Толқын" жастар денсаулық орталығының мамандары ұйытқы болған.

Әрі осы күні жастар денсаулық орталығының бастамасымен фойеде "Денсаулық бұрышы" ұйымдастырылып, онда студенттер мен акцияға келген қонақтар уролог, психолог, гинеколог дәрігерлерден кеңес алды.

Сондай-ақ осы маңда қант диабетіне, ЖҚТБ-ға (Жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі) жедел тест тапсырған студенттер де аз болмады. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған акцияда нашақорлықтың салдарымен қатар есірткі саудасымен айналысқандарға тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік жөнінде жан-жақты айтылды.

– Иә бүгінгі іс-шараның мақсаты жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болды. Негізі осы бағытта Астанда жергілікті әкімдіктің бастамасымен жоспарлы іс шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгін жастарға есірткінің зиян екенін, оны саудалағандарға тағайындалатын үкім ауыр екенін барынша түсіндірдік.


Қазір жастар әлеуметтік желіден нашоқорлықтың соңы қандай жағдайға апаратынан біледі деп ойлаймыз. Ең бастысы жастар есірткіден бас тартуы, яғни, тұтынбауы керек. Өйткені синтетикалық есірткі тұтынғандар өзінің зиянды заттың жетегіне ергенін білмей де қалады.

Сондай-ақ есірткі саудасымен де айналысқандар яғни есірткі сақтағандар немесе жарнамалағандар жазадан құтылмайды. Міне, осылайша біз жастарға нашақорлықтан келетін қауіп-қатерлерді барынша түсіндірдік деп ойлаймыз,– дейді Астана қаласы полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы Сергей Ильинов.

Ізін ала ЖИТС орталығының маманы Ажар Тұрымова студенттерге ЖИТС-тің белгілері және сақтану жолдары туралы айтып берді. Сала маманы студенттермен кездескенде ЖИТС туралы білмейтін жастардың көп екенін еске салып, аурудың бұл түрі есірткі қолданатындарға қан арқылы тарау қаупі бар екенін түсіндірді. Ал Астана қаласы бойынша салауатты өмір салтын  қалыптастыру орталығының директоры Қанат Хамзин де жастар арасында нашақорлық

–26 маусым есірткіге қарсы күн деп белгіленген. Бірақ біз мұндай акцияларды бір күнге теліп қоймай, бірнеше рет ұйымдастырамыз. Қазір есірткі қолданатындарды былай қойғанда жастар арасында есірткі таратындар көбейіп барады. Есірткі пайдаланатындармен қоса, оны саудалайтындарға да жаза қатаң. Жастар соны білсе дейміз.


Студенттер есірткінің зияны және қылмыстық жауапкершілік туралы ақпаратты мамандардың өзінен естіген соң түйсігіне жетеді деп ойлаймыз. Орталық балабақшадан бастап, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында аурулардың алдын алу шараларын ұдайы өткіземіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жастар, тіпті оқушылар арасында электронды темекі тұтынатындар көбейген. Мұндай өзекті мәселелермен қоғам болып күресуіміз керек деп ойлаймыз, – дейді ол.

Акцияда құқық қорғау және медицина саласының мамандары студенттермен еркін пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына жауап берді.

 

Рекомендовать
Последние новости