Жастар – ең осал топтардың бірі: Дәрігер ВИЧ инфекциясының жаңа қауіптері мен алдын алу жолдары туралы айтты

Азамат Қойшығара 12 июл. 2025 12:40

Соңғы жылдары әлемде ВИЧ инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Қазақстан да бұл жаһандық мәселеден шет қалатын емес. Әсіресе, жастар арасында тәуекел деңгейі артып келеді. Бұл туралы Астана қаласындағы ВИЧ-инфекцияның алдын алу орталығы директорының орынбасары, салада көп жылдық тәжірибесі бар маман Салтанат Мусина айтып берді.

– Салтанат Сәкенқызы, жалпы еліміздегі және Астана қаласындағы ВИЧ инфекциясының қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі уақытта қай топтар ең осал болып отыр?

– Қазақстанда ВИЧ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Соңғы жылдары ВИЧ жұқтырудың жыныстық жолы алдыңғы орынға шыққаны байқалады. Дегенмен, инъекциялық есірткі тұтыну арқылы таралу да әлі де өзекті күйінде. Бүгінде жастар – ең осал топтардың бірі. Бұл жастағы адамдарда жауапкершілік деңгейі әлі толық қалыптаспайды, қоршаған ортаға еліктеу, тәуекелге бару, тәжірибе жасап көру құштарлығы өте жоғары. Осының бәрі ВИЧ инфекциясын жұқтыру қаупін арттырады.

– Қазір синтетикалық есірткілердің жаңа түрлері кең тарап жатыр. Бұл ВИЧ таралуына қалай әсер етеді?

– Өте орынды сұрақ. Соңғы жылдары «спайс», «соль», «скорость» деген атаулармен белгілі болған синтетикалық психобелсенді заттар жастар арасында кең тарап жатыр. Бұл заттар арзан, оңай табылатын болғанымен, өте қауіпті. Олардың психологиялық әсері болжанбайды – агрессияны арттырады, паранойя, елестеулер тудырады, тіпті кейде суицидке дейін алып барады.

Мұндай жағдайда адам өзінің әрекетін бақыламай, шектен тыс жыныстық белсенділікке немесе топпен есірткі тұтынуға барады. Бұл – ВИЧ инфекциясының таралуына жол ашатын ең қауіпті орта.

– ВИЧ-тің инъекциялық жолмен таралуы туралы нақты не айтуға болады?

– Бұл жолмен таралуы – әлі күнге дейін ең қауіпті түрі. Себебі, бір адам – орта есеппен жылына 120 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Егер ол екі жыл бойы есірткіні бір реттік шприцпен, ортақ құралмен қолданса, бұл көрсеткіш 20 мыңнан астам адамға жетуі мүмкін.

Ең қорқыныштысы – есірткі сатушылар шприцті өздері алдын ала дайындап, сол арқылы тауарын «ұсынады». Ондай шприцтерде вирус болуы мүмкін. Бір шприцпен бірнеше адам қолданған жағдайда ВИЧ-тің берілу ықтималдығы жыныстық қатынас арқылы жұғудан бірнеше есе жоғары болады. Осыны жастар түсіне бермейді, түсінсе де елемейді. Құмарлықтарын жеңе алмайды.

– Бұл жастардың есірткіге тәуелді болуы мен ВИЧ инфекциясына шалдығуы арасындағы байланысты күшейте түседі ғой?

– Дәл солай. Есірткі мен ВИЧ – бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік проблема. Екеуін бөле-жарып қарауға болмайды.

Қазіргі таңда синтетикалық есірткінің бағасы арзан, табылуы оңай, ал әсері – жойқын. Оның психогендік әсері қысқа мерзімді болғандықтан, адам оны жиі қолдануға мәжбүр болады. Топпен бірге қолдану үрдісі жиілейді, бұл да жұқтыру қауіпін арттырады. Мұндай өмір салты адамның тез деградацияға ұшырауына, психикалық және физикалық тәуелділікке, оқшаулануға, жұмыссыздыққа, қылмыстық ортаға тартылуына әкеледі.

– Мұндай жағдайда жастармен жұмысты неден бастау керек? Профилактика қай бағытта жүргізілуі тиіс?

– Ең алдымен, мектеп қабырғасынан бастап жүйелі әрі жас ерекшелігіне бейімделген профилактикалық жұмыс қажет. Мектеп – тек білім беретін орын емес, тұлға қалыптасатын әлеуметтік орта. Мұнда оқушының бойында құндылықтар мен өмірлік дағдылар қалыптасады. Сондықтан ВИЧ-тің алдын алу тек ақпарат берумен шектелмей, қауіпсіз мінез-құлықты, жауапты өмірлік ұстанымдарды тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. Бұл – тек дәрігердің немесе психологтың міндеті емес. Бұл – бүкіл білім беру жүйесінің, қоғамның міндеті.

– ВИЧ-пен күрестегі табысты тәжірибе қандай елдерде бар және бізге не үйрену керек?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ВИЧ эпидемиясын тоқтатудың ең тиімді жолы – халықты ақпараттандыру арқылы мінез-құлқын өзгерту. Мысалы, Скандинавия елдерінде мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие, ВИЧ туралы ақпарат ерте жастан енгізіледі. АҚШ, Германия, Франция мемлекеттерінде мектеп оқушылары үшін интерактивті тренингтер, рөлдік ойындар арқылы қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру жолдары сәтті енгізілген. Біз де осы тәжірибені бейімдеп, қоғамдағы жабық, айтыла бермейтін тақырыптарды ашық талқылауға дайын болуымыз керек.

– Бірақ мұғалімдердің, ата-аналардың көбісі мұндай тақырыптарды қозғауға қиналып жатады. Мұндайда не істемек керек?

– Иә, қоғамда «бұл туралы айтуға болмайды» деген түсінік әлі бар. Алайда үнсіз қалу, елемеу – ВИЧ-тің ең мықты одақтасы. Бала естігісі келмегенді емес, өмірлік маңызды ақпаратты дер кезінде, дұрыс форматта естуі керек. Сондықтан педагогтарды арнайы оқытып, психологтардың көмегімен сенімді диалог алаңдарын құру қажет. Жасөспірімдер сұрақ қойып, еркін ой бөлісе алатын интерактивті тәсілдер – ең тиімді құрал дер едім.

– Жастарға арнаған негізгі тілегіңіз қандай болар еді?

– Өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар. Уақытша әсер, бір сәттік қызығушылық денсаулыққа орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Ешқашан кеш емес – сұрақ қойыңыз, ақпарат алыңыз, көмек сұраудан қорықпаңыз. Ең бастысы – денсаулығыңыз өз қолыңызда. Біз, мамандар, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз.

– Әңгімеңізге рахмет!


Рекомендовать
Последние новости