Жарнама және креативті индустрия өкілдері жаңа Салық кодексіне қарсы билікке үндеу жолдады

Сағыныш Сардарова 21 июн. 2025 13:01

Қазақстанның жарнама және креативті индустрия өкілдері салық заңнамасына енгізілгелі жатқан өзгерістерге алаңдаулы. Олар бұл мәселеге қатысты ел билігіне ашық наразылық білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның жарнама және креативті саласында жұмыс істейтін мамандары жаңа Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге наразылық білдіріп, ел басшылығына үндеу жолдап отыр.

Креативті сала өкілдері хатта салық салудың жалпы белгіленген тәртібі бойынша жұмыс істейтін компаниялар үшін жеңілдетілген жүйедегі жеке кәсіпкерлерден (ЖК) сатып алынған қызметтердің шығындарын салық есебінде сақтап қалуды сұрап отыр.

Салық кодексінің қазіргі нұсқасына ұсынылған өзгерістерге сәйкес, жалпы белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істейтін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер жеңілдетілген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлерден сатып алынған қызметтерді шығын ретінде есептей алмайды. Бұл дегеніміз:

  • Жеке кәсіпкерлер үшін бұл B2B сегментінде заңды жұмыс істеу мүмкіндігінің айтарлықтай шектелуі. Олар үшін "жеңілдетілген режим" – қызметін заңды түрде жалғастырудың жалғыз жолы. Себебі олардың айналымы аз, жеке бухгалтер жалдауға мүмкіндігі жоқ, жалпы тәртіпке көшу олардың қызметін экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді.
  • Жарнама агенттіктері мен продакшн-студиялар үшін шығын кем дегенде 20%-ға өсіп, келісім жасалатын серіктестер қатары айтарлықтай азаяды, әкімшілік жұмыстар күрделенеді.
  • Видеографтар, аниматорлар, дизайнерлер, дыбыс режиссерлері сияқты талантты мамандардың нарықтан кету қаупі бар.
  • Жалпы экономика үшін заңсыз еңбек нарығының ұлғаю, салық азаю, шағын бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеу, кадрлардың шетелге кету қаупі бар. Бұдан креативті индустрия ғана емес, сонымен қатар, цифрлық өнімдер, жасанды интеллект, медиа мен кино секілді басқа да аралас салалар зардап шегеді.

Жарнама саласының өкілдері мынадай ұсыныстар жасап отыр:

  • Жеңілдетілген режимдегі ЖК-лардың B2B сегментінде, яғни заңды тұлғалар мен жалпы белгіленген тәртіптегі ЖК-ларға қызмет көрсету құқығын сақтап қалу.
  • Жалпы белгіленген тәртіптегі компаниялар мен ЖК-лар үшін жеңілдетілген жүйедегі ЖК-лардан сатып алған қызметтерін келісімшарт және қаржылық құжаттар болған жағдайда шығын ретінде есепке алу мүмкіндігін қалдыру.
  • Қажет болған жағдайда жеңілдетілген режимдегі, B2B сегментінде жұмыс істейтін ЖК-лар үшін бөлек, мысалы 6-8% көлемінде арнайы салық мөлшерлемесін белгілеу.
  • Қажет болған жағдайда ЖК-лардан сатып алынған қызмет шығынына белгілі бір шекті белгілеу (мысалы жылына 100 млн теңгеге дейін).

Бұл хаттар премьер-министр Олжас Бектеновке, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге және Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаевқа eotinish.kz электрон платформасы арқылы 19 маусымда жолданған.

Барлық хат бойынша орындаушылар тағайындалған, жауап беру мерзімі – 2025 жылдың 10 шілдесіне дейін. Сонымен қатар, электрон форматпен қатар, қол қойылған хаттар да дайындалып, жолданбақ.

Мұндай бірлескен іс-әрекетке түрткі болған – 29 мамырда Almaty Creative Hub алаңында MarCom Club CA қауымдастығының бастамасымен өткен жарнама саласының өкілдерінің кездесуі. Бұл басқосу бастапқыда жарнама, PR мен маркетинг салалары креативті индустрияға кіре ме және қандай салық жеңілдіктеріне қол жеткізуге болатынын талқылауға арналған еді. Бірақ жиын барысында жеке кәсіпкерлердің қызметіне қатысты салық шектеуінің салдары да талқыланып, осы мәселе төңірегінде кәсіби чат ашылып, бірлескен хат дайындалды. Құжатқа жиынға қатысқан мамандардан бөлек, кейін қосылған мамандар мен компанияларды қосқанда барлығы 30-дан аса адам қол қойған.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Депутаттар пен Үкіметтің бiрлескен жұмысы нәтижесiнде, соның ішінде қосылған құн салығы реформасы бойынша бірқатар шешiм қабылданған болатын.


Рекомендовать
Последние новости