Жаңа мемлекеттік орган: Жасанды интеллект министрлігі немен айналысады?

Көркем Алдабергенова 09 сент. 2025 12:50

Қазақстанда жаңа ведомство – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қайта ұйымдастыру қалай жүргізіледі?

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) негізінде құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Жаслан Мәдиев айтты. Оның сөзінше, ЦДИАӨМ-нің бірқатар функциялары қайта бөлінеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ЦДИАӨМ базасында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Ал инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі", – деді ол.

Мәдиевтің айтуынша, тиісті жарлықтың жобасы дайындалып, мемлекеттік органдарға келісуге жолданған.

Қай функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне өтеді?

Министр Саясат Нұрбектің мәліметінше, оның ведомствосына мынадай функциялар беріледі:

инновациялық гранттар бөлу;

өнеркәсіптік инновациялық жобаларды қаржыландыру;

инвестициялық қорлар құру;

арнайы экономикалық аймақтарды дамыту;

акселерация және бизнес-инкубацияны жүргізу;

білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу.

"Бұл міндеттер тиісті функциялар мен ведомстволық ұйымдарды Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру арқылы іске асырылады", – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Мәдиев парламентте Цифрлық кодекс бойынша жұмыс басталғанын айтты.

"Цифрлық кодекс парламенттің қарауына енгізілді. Оны жетілдіру үшін арнайы құзыреттер орталығы құрылды. Жоба Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданады", – деді министр.

Қыркүйектегі Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Цифрлық даму министрлігінің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажеттігін айтқан болатын.


Рекомендовать
Последние новости