Жалғас ТОЛҒАНБАЙ: "Сүмбіле жұлдыз артық..."

Dalanews 09 нояб. 2015 05:13 1233

Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, Әуезов театрының актері:

– «Кезінде театрда жас Абайды ойнағаннан кейін дана Абай рөлін сахнаға алып шығудан бас тарттым» депсіз бір сұхбатыңызда. Ал толыса келе деректі фильмде «Абай» рөлін ойнадыңыз. Бүгінде қарашаңырақ сахнасындағы «Абай» қойылымында Әзімхан бейнесімен көрініп жүрсіз, қазіргі уақытта «қазақтың бас ақынының» бейнесін ойнағыңыз келе ме?

IMG_0118 (1)– Әрине, ойнағым келеді. Алғаш театрға қадам басқан кезімде И.Сапарбайдың «Абай-Тоғжанында» жас Абайдың рөлін ойнадым. Қаншалықты сәтті шыққанын білмеймін, бірақ өз көрерменін тапты. Адам уақыттың кемесі, алға жылжыған сайын толысады, ол кезде қатты жас болмасам да, маған сеніп тапсырылған соң барымды салдым. Режиссер де жас болды. Ал бас тартқан себебім, театрымызда белді, салиқалы актерлеріміз болғандықтан (әлі де бар), мен үлкен Абайға іштей дайын емеспін деген шешімге келдім. Сөзін жаттап, гримін салып, ақ шапанды киіп алып сахнаға шығуыма болар еді, алайда кемеңгер Абайдың рөлін ойнау үшін ішкі жан дүнием дайын емес деген оймен өзіме тоқтау салдым.  Деректі фильм қолға алынған кезде тағы да ұсыныс түсті. Басында «қалай болар екен?», «Абай образын сомдап жүрген актерлер бар ғой» деген ойлар мазалады, қорқыныш сезімінің болғанын да жасыра алмаймын. Дегенмен, қолқа салғанға көнбейтін әдет тағы жоқ, ақыры келістім. Нәтижесінде, керемет әсер алдым. Абайдың үш ақындық мектебі, яғни тіл әдебиеті, шығыс үлгісі, орыс, батыс классикасының қайнар бұлағынан сусындаған ақын шығармашылығына терең бойлап, «мыңмен жалғыз алысқан» соқтықпалы, соқпақсыз өміріне үңілдім, актер ретінде маған «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп күйзелген ақын жанына даңғыл жол ашылды, көзқарасым өзгерді. Ал «Абай» қойылымында Әзімханды рақаттанып ойнаймын. Қорыта келе айтарым: Абай таусылмайтын шексіздік, биыл 170 жылдығын тойлап жатырмыз, уақыт өтіп, заман жаңарған сайын ақынның бейнесін өзге қырынан ашқысы келетін жастар да келер өнерге.

– Өнер саласында «театр, кино, телеарналардың жүгін бірге арқалау – театрды сату» деген пікірлерді естіп жатамыз. Осы ойға байланысты не айтар едіңіз?

– Театрды сату деген болмайды, театр арқылы телеарнаға, телеарнадан киноға бардық. Бір кездері, жарнамаларға жиі түскен жылдары құрбы-құрдас, үзеңгілес достарым арасында «Жарнаманың королі» атанып кеттім. Өмірде де, өнерде де ретімен, сатысымен жылжитын кезеңдер болады. Жас актерлерге де айтамын: «жарқ етіп сөнген шоқ жұлдыздан, сүмбіле жұлдыз артық» деп. Бағдарламаларды жүргіздім, қатыстым, сериал, кино, деректі фильмдерге түстім. Қазақ айтпақшы, бір терінің пұшпағын илеп жүрміз. Ал өнердің қай саласында болсын қарым-қабілетіңді көрермен өзі сараптап алады. Заман талабы солай – үлгеру керек. Егер мен театрдың аясында ғана рөлдер ойнасам, мені тек театр көрермендері ғана біледі. Ал телеарна – танымалдылық әкеледі. Оның өзінде біреуге түрің, біреуге үнің ұнамайды. «Сіздің өнеріңіз ұнайды» деп пікірлерін жазып жататын көрермендерім де бар. Жалпы, өзім туралы «осы да көгілдір экраннан көлбеңдеп түспей қойды-ау» деген  жағымсыз пікір, өсек-аяң ести қоймадым. Алла сәтін салып тұрады. Жақын арада бір телехикаяға түсіп келдім. Жаздай екі телехикаядан бас тарттым. Бұрындары форма киіп жүрген шенеуніктердің, ізкесушілердің рөлдеріне көп шақыратын, атап айтсам, «Мент» киносы мен «Парыз» телехикаясы. Ал жаздағы екі фильмнен бас тарту себебім, қайта-қайта бір бейнені ойнағым келмеді. Соңғы кездері дәрігердің рөліне көбірек шақырып жүр, ол бейне өзіме ұнайды. Бірақ, әртүрлі себептерге орай бара алмай қалдым.

– «Біздің ағай» телехикаясында «төрт қыздың әкесі болу оңай емес» деп ағынан жарылыпсыз бір сөзіңізде, сонда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Актердің рөліне сыншылар мен көрермендер баға береді, ал өзіңіз ойнаған  теміржолшы Тілеубек образына көңіліңіз тола ма?

Жалғас– Менің табиғатым негізі «Шын жүректен» бағдарламасында ашылды деп ойлаймын. Бағдарлама біткеннен кейін «Айтуға оңай» ток-шоуына түсірілім тобын қонаққа шақырғанда, басы-қасында жүрген, ұйымдастырған қыздар мен білмейтін бір сырды айтып қалды. Кастингке елу шақты адам қатысқан екен, сонда шетелдік продюсер, режиссерлер бар, менің суретімді көріп: «түрінде бір жылулық бар, осы актерді шақырыңдар», − депті. Ал «Біздің ағай» телехикаясына келсек, «бір биеден ала да, құла да туады» деп атам қазақ айтпақшы, басты рөлдегі Жомарт ағадан бастап, балалары Тілеубек пен Әкім рөліндегі актерлердің барлығының мұрты бар, бір тонның ішкі бауындай үйлесім тауып тұр, ал менің бейнем алабөтендеу. Соған қарамастан, «анама ұқсаймын, нағашыма тартқанмын, томпиып жүретін томпақтаумын» деп күліп қоямын. Ағайындарымыздың ішіндегі ниеті таза, жүрегі жылы, қолы ашық, әйелі бесінші қызын тауып жатса де ренжімейтін әке, тазалықтың символы ретінде көрсетуге тырыстым кейіпкерімді. Жаһанданған заманда баласының былдырлаған үніне қарағанда ыдыс-аяқтың сылдыры басым отбасылар көбейіп бара жатқан тұста біз режиссермен келісе отырып, қазақылығымызды жоғалтпаған, бірін-бірі көзінен, ымынан түсінетін берекесі жарасқан жанұя, айрандай ұйыған отбасы бейнесін жасадық. Міне, жан жылуы, мейірімділік, гуманистік қасиеттерді дәріптеу жағынан телехикая «Шын жүректен» телебағдарламасымен үндеседі. Төрт қыздың әкесі болу оңайға түспеді деген сөзімді тарқата кетсем, ұл бала болса, тентекті тезге салатын қазақы тәрбиемен, ал қыз бала болса, өзіңнің үлгі-өнеге тәрбиеңмен ержеткізуге тура келеді екен. Осындай бойжеткендерім болса, шынымен өзгереді екенмін ғой деп ойладым. Түсірілімде басынан-ақ кішкентай қыздар да бауырыма үйіріліп, әкелік мейірімімді төгуіме ықпал етті. Көрермендер тарапынан да оң пікірлер естідім: «басында түсінбеп едік, уақыт өте келе, қызыға бастадық, мынандай тамаша табиғатты қайдан тапқансыңдар?» деп ойларымен бөлісті. Фильмнің сәтті шығуына түсірілім болатын жерді дұрыс таңдаудың маңызы зор. Түсірілім барысында ауылдың адамдарымен танысып, етене араласып қалдық қой, телехикаяны эфирден көргенде: «бізде мұндай жерлер бар екен ғой, қалай біз байқамағанбыз?» деп олар да таңғалыстарын жасыра алмады. Күнделікті күйкі тірліктің қамымен жүріп, тұмсығымыздың астында тұрған табиғаттың тамаша көрінісінен ләззат алуға жағдай жар бермейтіні шындық қой.

– Бүгінде қазақ киносының қоржыны күн сайын қомпиып келеді. Алайда, санын көбейтеміз деп сапасын түсіріп алған жоқпыз ба? Көрерменнің көзайымына айналған үнді, корей, түрік, орыс фильмдерін ысырып тастап, менмұндалап алдыңғы шепте жүрген қазақ киносы деп қандай туындыны атай алар едіңіз?

– Фильмдердің көбейгені жақсы, актерлер де ашылады, кино дамиды. Осыдан бес, он  жылғы фильмдерге қарағанда техника өзгерген, шетелге барып, тәжірибе алмасып қайтқан режиссерлердің жаңашылдығы өз алдына, бастысы бәсеке бар. Ал бәсеке болған жерде өнер дамиды. «Жаңа қоныс» деген телехикаяның эпизодына түстім. Толық нұсқасын көрмесем де, ғаламтордан көзім шалып қалды, жақсы шыққан деп айтар едім. «Қара шаңырақ» та көрермендерді көп тартты. Үндімен уланғанша, өзіміздің ұлттық туындылармен сусындағанымыз артық. Үнділердің 300, 1000 сериалы фильмдері адамдарды жалықтырады, ал қысқа сериалдар бізде, құдайға шүкір баршылық. Жақында Берік Айтжан ініміз ойнаған «Аманат» фильмі мен Мәскеуде 37-рет өткен кинофестивальде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алған ініміз Еркебұлан Дайыров түскен «Шлагбаум» фильмін де халық жақсы қабылдады деген ойдамын. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» түсіріліп жатыр. Тарихи фильмдерді жақсы көретіндіктен, осы фильмнен тамаша жаңалық күтемін.

Жалғас1– Болашақта тарихи рөлдерді ұсынса ойнар ма едіңіз? Қандай тұлғалардың бейнесін ойнағыңыз келеді?

– Әрине, ойнаймын. Фильм түсіруге сұранып тұрған тарихи фильмдеріміз көп қой, 100-300 сериялар содан туындайды. 550 жылдықтан бері қарай алғанның өзінде қаншама хандар, дана билер мен батырларымыз бар. Сценарийлер жазылса... Алаш көсемдерінің өзі қаншама?! Қазір Жамбыл Жабаев, Нұрғиса Тілендиев туралы фильмдер түсіріліп жатыр. Осындай тарихи тақырыптағы туындыларға қаражат бөлініп, қолдау көрсетіліп жатса қуанамыз. Тарих біздің болашағымызға керек. Өткенде ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Елордамыз бен Таразда атқарылған іс-шараларда қазақ өнерінің қарашаңырағы бас болып, абыройымыз сынға түскен сәтте мойнымызға артылған жүкті театр ұжымы болып жұмыла көтердік. «Қазақ халқында тарих болмаған» деп айтқан жұртқа тарихы тереңнен бастау алатын қарға тамырлы қазақ екенімізді дәлелдедік. Талдықорғанда сахналанған Жоңғардың 50 мың қолына 600 әскер тойтарыс берген, қазақтың өр рухы жалындағын «Орбұлақ шайқасы» қойылымында қалмақты қазақтың батыры жеңген соңғы шайқаста, баладан бастап, ақсақалды қарияға дейін көздеріне ыстық жас үйірілді дегенді спектакльді сахналаған каскадер жігіттерден естігенде, көңілім босап, тебіреніп кеттім. Тарихын түгендеген елдің ұрпағы ұлағатты болады. «Бүгінгі әңгіме – ертеңгі тарих» деп аузымызды толтырып айтқанымызбен, сол ертеңге қалатын ісіміз болуы керек. Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, алтын күн аспанының астында, алтын дәнді елде өмір сүрген егеменді елімізге дейінгі аралықта тарихымызды қамтып, Ұлы даланың төл перзенттері мен тұлғаларының әрқайсысына жеке туынды арнасақ, мысалы, Бауыржан Момышұлы, ғарышкерлер, т.б. артықтық етпейді.

– Театрда комедия, трагедия, драма жанрларының қайсысын алсақ та, кейіпкерге кенде болған жоқсыз. Осы жанрлардың қайсысы жан дүниеңізге жақын?

– Театрға келгенде бәрін көрдім. Бөліп-жара алмаймын. Алайда, оң жамбасыма келіп жататын рөлдер болады. Актер болғаннан кейін қандай рөл берілсе де, өз деңгейінде шығару керек деп ойлаймын. Кезінде кассалық спектакль болған «Желіккен жастар» деген комедияда ойнадым. Трагедия, драманың біразын көрдім. Қазір жеке бір рөл болса, тапсырыспен жазғызып ойнасам ба деген ойым бар. Оны да өзіміздің театрдың артистері сахналаса... Дулыға Ақмолданың бойынан режиссерлік қабілетті байқаймын. Ешкімге айтпай жүрген сырым еді. «Дулыға, менің режиссерім болып, бір спектакль қоймайсың ба?» деп астарлы қалжыңдап, көңіліне ой саламын.  Адамға алдымен ой тастау, онан кейін жүзеге асыру керек. Бізге үлкен залдың керегі жоқ, кіші залдың бір бұрышында ойнасақ деген ойым бар. «Менің 60, 70, 80 жастағы мерейтойларымдағы режиссерім,  Дулыға – сен, жүргізушім – Ерлан Біләл мен Асылбек Боранбай болады» деп құрдастарыма әзілге салып астарлап қоямын. Құр сөз емес, бастысы ой бар.

– Актер үшін бастысы режиссер және әріптестермен сәйкесе жұмыс істеу сияқты. Режиссердің айтқанына келіспей немесе әріптестеріңізбен тіл табыса алмайтын жағдайлар бола ма?

– Әрине, кішігірім келіспеушіліктер, мизансцена мен монолог ұнамай, ішкі жан дүниеңнің, жүрегіңнің қалауы режиссердің талабына сәйкеспей әуре-сарсаңға салатын кездер болады. Алайда, қандай режиссермен жұмыс жасасам да тіл табысуға тырысып, ойымыздың бір арнада тоғысқанын қалаймын.  Спектакльден кейін кейіпкерімнің артық түскен, кем кеткен жерлерін бағамдаймын. Кейде: «қап, мына жерде былай істеуім керек еді» деп қынжылатыным бар, ал дөп түскен тұсымда көрермендер де, өзім де рақаттанамын. Артық кеткеннен, жетпей қалған жақсы деп ойлаймын. Алдымыздағы аға буыннан көп үйрендім, «сырт көз сыншы», өзіңе байқалмағанды өзгелер көбірек аңғарады. Көрермендер орындығында отырып, актерді бақылай қалсақ, кем-кетігін түзеуге тырысып, ақыл айтып жатамыз. Ал оның орнына өзімізді қойып көрсек, бізден де шықпай жатады. Сондықтан, сырт көз пікірімен бөлісіп, көзқарасын айтып, артық-кеміңді таразылап жатса, қуана қабылдаймын. Қойылым кезінде сахнада әріптесіңмен сәйкесе алмайтындай жағдай туындаса, актер айласын асырып, қиындықтан сытылып шығуға міндетті. Спектакльдің басында айтылатын сөз аяғында айтылатын, сахнада күлкі қысатын т.б жағдайларда көрерменнің көңілін алаңдатпау керек.

– «Ер сүрінбей, ел танымас» демекші, әттеген-ай деген, көңіліңізден шықпаған рөлдеріңіз болды ма?

– Бәрі керемет деп айтпаймын. Әттеген-ай дейтін «Еңлік-Кебекте» Көбей (реж. Ж.Хаджиев) рөлінде ввод жасадым, қазір сондай мүмкіндік туса, басқаша ойнар едім. Есейе келе қарайсың, кейде түсірілімді көресің, сонда «қап, мына рөлді былай ойнау керек еді» деп ойлайсың. Арман шығар енді. Жалпы, шығара алмаған не қатты өкінген кездерім болған жоқ. «Әр спектакль – соңғы рет» дегенді көкейіңе түйіп, көкірегіңмен сезініп ойнасаң, шын мәнінде дүниеге нағыз қайталанбас туынды әкелесің.

– Егер актер болмағанда, қандай маман иесі атанар едіңіз?

Актер болмағанда, әнші немесе мектепте музыка сабағынан беретін мұғалім болсам да, өнердің бір бұрышында жүретін едім. Әкем де өнерлі кісі еді, мектепте оқып жүріп әнші болсам деп армандайтынмын, сол арманым жетеледі өнерге. Бала шақта қиял жүйрік болады ғой, детектив жанрындағы фильмдерді көріп отырып, өскенде ізкесуші боламын, қылмыскерлерді құрықтап, елімде тыныштық орнатамын  деп қиялдайтынмын. Есесіне, фильмдерде құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде жиі көріндім.

 

Сұхбаттасқан Мөлдір БЕКЖАН

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости