Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында журналистерге түсіндіріп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі жүйеде азаматтар жалақы мөлшеріне қарамастан, тек 850 мың теңгеге дейінгі табысынан ғана 2 пайыз жарна төлейді. Мәселен, бір адам 150 мың теңге жалақы алса да, 1,5 миллион теңге алса да, жарна тек 850 мың теңгеге дейін есептеледі.
«Болашақта жалақы көлемі қанша болса да, 2 пайыз сол толық сомадан ұсталады деген өзгеріс енгізу көзделіп отыр», — деді Ақмарал Әлназарова.
Оның сөзінше, бұл бастама табысы жоғары азаматтарға ғана қатысты болады және табысы төмен тұрғындарға қосымша ауыртпалық түсірмейді.
Министрдің мәліметінше, мұндай жоғары жалақы алатындар халықтың небәрі 10 пайызына жуық. Сондықтан ұсынылып отырған өзгеріс көпшілікке әсер етпейді.
«Егер бұл өзгеріс қабылданса, халықтың 90 пайызы үшін қазіргі жүйе сол қалпында сақталады. Тек 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатындарға қатысты болады», – деп нақтылады ведомство басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы бір санаттағы азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына жарнаны әкімдіктер төлейтінін жазған едік. Бұл жаңашылдық 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Тиісті норма МӘМС туралы заң жобасына енгізіліп, Мәжілісте бірінші оқылымда қаралды.
Жаңа жеңілдік санатына әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар кірмек. Нақтырақ айтқанда, әл-ауқат деңгейі "дағдарыстық" немесе "шұғыл" деп бағаланатын отбасылар қамтылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бері елімізде "Отбасының цифрлық картасы" жүйесі жұмыс істейді. Сол арқылы 20 миллион азамат 6,2 миллион отбасыға бөлінген. Қазіргі таңда әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтаудың арнайы әдістемесі бар. Бұл әдістеме 8 негізгі бағыт бойынша 80 көрсеткішті қамтиды.