Іле ауданында IT-сыныптар ашылып, оқушылар сапалы білім алуда

Dalanews 19 окт. 2018 10:49 992

Қазір елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында маңызды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Жақында Алматы облысы, Іле ауданына барғанымызда аудандық білім бөлімінде физика, математика және информатика пәндері бойынша әдіскері Жанайдар Айдарқұлов бұл бағытта аудандық білім беру саласында IT сынып ашылып, оқушыларға жоғары технологиялардың сырын үйретуде маңызды жұмыстарды қолға алғанын алға тартты.

 

– Жанайдар мырза, Алматы облысында IT сыныптар ашылып, жастарға сапалы білім беру ісі қолға алынғанын білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар Іле ауданында қалай іске асып жатыр?

– Ауданымызда 10 стратегиялық жобаларын іске асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының бастамашы болуының арқасында білім саласына қатысты бес жобаны іске асырып жатырмыз. Соның бірі һәм бірегейі ауданда балаларға арналған ақысыз IT сыныптар ашу жобасы болды. Бұл бағытты біздер бірінші кезекте педагог мамандардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында біраз жұмыстар атқардық.

Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың 25 шілдесінде Өтеген батыр кентіндегі №24 лицей базасында заманауи техникамен жабдықталған  IT сыныбы ашылды. IT сыныбында 14 жаңа компьютерлер интернет желісіне қосылып, робототехникаға арналған құралдармен қамтамасыз етілді. 2018-2020 жылдары 8-16 жас аралығындағы 450 баланы қамтып, жыл сайын 150 баланы оқытуды жоспарлап отырмыз.

– IT күрделі сала екені белгілі. Бұл бағытта білім беруде қандай да бір мекемелердің көмегіне арқа сүйейсіздер ме?

–  Қазіргі таңда ІТ сыныпта 15 оқушы білім алуда. Біздер мемлекеттік білім стандартына сәйкес, KazRoboQuest балалар университетінің орта білім беру негізінде әзірленген бағдарлама бойынша факультатив сабақтар жүргізіп жатырымыз. Мұнда оқушылар STEM centre академиясы бойынша 3 модульден тұратын оқу бағдарламасы негізінде білімдерін ұштайтын болады. Факультатив сабақтар жүргізетін 3 информатика пәнінің мұғалімін Талдықорған  қаласындағы  IT орталығында курсқа жіберуге сұраныс беріп қойғанымызды атап айтуға болады. Сонымен қатар Боралдай кентіндегі №40 орта мектебі базасында IT мамандарды даярлау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Жалпы, барлық пәндердің мұғалімдері мен мектеп директоры және оның орынбасарларының қазіргі заманғы цифрлық технологиялар мен ІТ технологияларды және интербелсенді тақталарды өз сабақтарында тиімді пайдалануды үйрету мақсатында аудандағы №13 орта мектеп базасында  «Интерактивті технологиялар орталығы» атты оқыту орталығы ашылды.

Аудандағы барлық пән мұғалімдерінің интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін мейлінше қолдануы үшін білім бөлімі, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы мен «Интерактивті технологиялар орталығымен» үш жақты меморандумға қол қойылды.

Орталықта ай сайын 100 мұғалімнен 10 ай бойы 1мың мұғалімді курстан өткізбекші. Бүгінде курстан өтетін мұғалімдер тізімі анықталып, курстан өту кестесі жасалып, алғашқы 25 жас маман курстан өтіп жатыр.

– Болашақта аудандағы басқа білім беру мекемелерінде IT сыныптар ашу жоспарда бар ма?

– Әрине. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың соңына дейін ауданымыздағы  №26, №40, №36 орта мектептерінде IT сыныптар ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда №26 орта мектепте IT сыныпқа кабинет бөлініп, талапқа сай стендтермен безендіріліп, робототехникаға қажетті құралдар сатып алынды.

– Жанайдар ІТ мамандар оқушыларға қандай бағыттар бойынша білім береді?

– Ауданымызда ашылған, алдағы уақытта ашылатын ІТ сыныптарда қазіргі заманғы ІТ технологияларды қолдану мен білім алуына бағдарламалаудың негіздері мен робототехниканы тереңдетіп зерделеуді, қарапайым алгоритмдерді жасауды, бағдарламалар мен WEB-сайттар, компьютерлік ойындар, анимациялар құру дағдыларын  меңгеретін болады.

Педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыты бойынша

Сандық технология – табысты болашақтың кілті. Сондықтан цифрлы және ақпараттық технологияларды мектептерде кеңінен қолдану  арқылы  үлкен  жобаларға  қосылу  қазіргі заманғы  басты  міндеттеріміздің бірі болып табылады.

Сұхбаттасқан Нұрлан Әубәкір

Рекомендовать
Последние новости