Әкім «Үздік ұстазға» көлік сыйлады

Dalanews 05 окт. 2018 10:39 1071

Ең білікті, ең шығармашыл, ең білімді ұстаз. Бұл – биылғы «Үздік мұғалім» байқауына қойылған талап. Осы сыннан сүрінбей өткен Жамбыл ауданы Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова болды. Қанжығасына бас жүлдені байлаған ол «Жылдың үздік мұғалімі» атағын иеленіп, оған жеңіл автокөліктің кілті табысталды.

Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Ұстаздар күні» қарсаңында өңірдің білім саласына еңбегін сіңірген ардагер, зейнеткер педагогтар мен осы күнде жастарды білім нәрімен сусындатып, бар білімі мен біліктілігін ұрпақ тәрбиелеу ісінде аямай жүрген бір топ ұстаздарды марапаттады.

Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі өз құттықтауында елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етіп, олардың ұшан-теңіз еңбектеріне ризашылығын білдірді.

– Бүгін біздің еліміз үшін айрықша мереке, ерекше мейрам. Өйткені балаларымыздың, жарқын болашағымыздың, бір сөзбен айтқанда, тұтас Қазақстанның тағдырына жауапты жандардың еңбегі еленетін күн. Алматы облысының білім беру мекемелерінің интеллектуалдық әлеуеті зор. Бізде 35 мың педагог балаларға білім беруде. Олар қазақстандық педагогикалық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи әдістерді, инновациялық әзірленімдерді оқыту процесіне ұтымды енгізе бастады. Атқарылған жұмыстың сапасы оқушыларымыздың жеткен жетістіктерімен, мұғалімдердің кәсіби біліктілігімен айшықталуда, – деп атап өтті А.Баталов.

Сонымен қатар облыс басшысы сөзінде білім саласының алдында тұрған бірқатар міндеттерге де тоқталып өтті. Олардың қатарында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде нәтижелі орындалуы, апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдана отырып, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту бағытында нақты шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды.

– Тек өткен жылдың өзінде облыста 118 балабақша ашылды, оның 117-сі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жеке инвестицияға тұрғызылған. Бүгінгі күні облыста 1026 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 433-і жеке инвестиция есебінен салынған. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі өткен жылы 95% болған еді, биылғы жылдың соңына дейін 98%-ға жеткізу көзделген. Осыдан төрт жыл ғана бұрын бұл көрсеткіш 62%-ды құрап, еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш саналған болатын. Дер кезінде қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту бағытындағы жұмысты жолға қойдық, – деді А.Баталов.

Әкім сөзінің қорытындысында педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, толайым табыс, отбасыларына амандық тіледі.

Бұдан әрі шара марапат рәсімімен жалғасты. Еңбегі жанғандар мұнымен шектелген жоқ. 25 адам Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды. Сегіз адам ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісі және «Үздік педагог» төсбелгілерімен марапатталды. Ал Алматы облысы бойынша өткен ұстаздар байқауының 2,3 орын иегерлерін, бас-аяғы 40 адамды үлкен жиын алдында облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев марапаттады. Мерекелік сый-сияпатқа бөленгендер қатарында білім саласына жастық жігер-қайратын жұмсаған 40 ардагер де бар.

І дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты «Үздік ауыл мектебі» аталымы бойынша жүлдегер атанған Қарасай ауданы Жамбыл атындағы орта мектепке берілді. Дәл осындай диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты «Үздік кәсіби білім беру мекемесі» ретінде Талдықорған политехникалық колледжіне табысталды. Сондай-ақ «Үздік балабақша», «Үздік сынып жетекшісі» номинацияларының жеңімпаздарына да марапаттар ұсынылды. Ал Талдықорғандағы М.Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 24 «Экономика және бизнес» лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, мектеп ұжымы 22 млн 627 мың 200 теңгенің сертификатына ие болды.

«Жылдың үздік мұғалімі – 2018» басты номинациясының иегері Жамбыл ауданындағы Ә.Бейсеуов атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова жеңіл автокөліктің кілтін облыс әкімі А.Баталовтың қолынан алды.

Жүлдегер ұстаз мұғалімдерге, жалпы білім саласына көрсетіліп отырған қолдау шаралары үшін ризашылығын білдіріп, әріптестеріне зор табыс тіледі.

Кәсіби мереке бұдан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, онда облыстағы кәсіби әншілермен және өнер ұжымдарымен қатар педагогтардың өздері мен талантты оқушылар да қатысты. Олардың арасында Қапшағай қаласындағы Балалар шығармашылық орталығының, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінің және басқа да шығармашылық ұжымдардың тәлімгерлері мен оқушылары бар.

 

Балжан Қайратқызы

Рекомендовать
Последние новости