Huawei компаниясы таңдаулы 30 студентті оқытып, Қазақстанда әлемдік деңгейде білім алуға болатынын дәлелдемек

Dalanews 09 нояб. 2022 08:33 1085

Huawei компаниясының «Seeds for the Future – 2022» жаһандық бағдарламасы бойынша еліміздегі 30 студентті оқытуды бастады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандық жастар әлемдегі студенттермен бірге АКТ саласындағы білімдерін арттыруға және инновациялық технологиялар бойынша халықаралық сертификат алуға мүмкіндік беретін Huawei компаниясының «Seeds for the Future – 2022» оқыту бағдарламасы бойынша білімін шыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері 4G және 5G технологиялары, заттар интернеті, бұлттық шешімдер, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік сияқты озық технологиялар мен шешімдерді зерделеу бойынша халықаралық бағдарламаға қатысады.

Huawei компаниясының «Seeds for the Future – 2022» бағдарламасына қатысушылардың қатарына техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына қызығушылық танытатын еліміздің жетекші университеттерінің үздік өкілдері кіріп отыр.

Үстіміздегі жылы бірнеше қазақстандық жоғары оқу орындарының, атап айтқанда АЭжБУ, КИМЭП, ҚҚЭУ, ҚазҰУ, ХАТУ, Назарбаев Университеті, ҚБТУ, Астана IT университеті және Сәтбаев университетінің 30 студенті іріктеу турының финалистері атанған болатын.

«Seeds for the Future – 2022» қазақстандық бағдарламасының ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов, Huawei Technologies Kazakhstan Бас директоры аппаратының басшысы Фарида Төлеубаева және АХҚО Төртінші Өнеркәсіптік Революция Үлестес Орталығының басшысы Павел Коктышев сөз сөйледі.

– Қазір экономиканың бірде-бір саласы өзінің дәстүрлі сипатында емес, бұл ретте цифрландыру үлкен рөл атқарады. АКТ мамандықтарында оқитын студенттердің ЖОО бағдарламасымен қатар көп көлемде қосымша құзыреттіліктер алуы өте маңызды. Елімізде бүгінгі таңда мүмкіндіктер өте көп – біздің нарыққа қызығушылық танытатын және өз құзыреттерімен бөлісуге дайын әртүрлі компаниялар бар. Біздің қазақстандық студенттерге халықаралық тәжірибемен танысып, практикалық кейстерді зерделеп, сарапшылармен әңгімелесу маңызды. «Seeds for the Future» бағдарламасы цифрландыру саласында белгілі бір міндеттер қоя отырып, елімізде IT саласында көптеген мамандар даярлайтын бағыттардың бірін іске асыруға көмектеседі, – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов.


7 күн ішінде жас мамандар 5G, Big Data, AI, IP, Cloud-технологиялар, «ақылды» үйлер мен қалалар, киберқауіпсіздік сияқты АКТ негізгі бағыттары бойынша онлайн-курстардан өтеді.

Сабақтарды Huawei компаниясының жетекші сарапшылары жүргізіп, компанияның жылдар бойы дамытып келе жатқан цифрлық технологиялар саласындағы қазақстандық мамандарды даярлау экожүйесін құру стратегиясына сәйкес студенттермен АКТ саласындағы өз білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі.

Бағдарлама барысында қатысушылар Tech4Good командалық жобасында жұмыс істейтін болады. Онда олар адам өмірінің маңызды салаларындағы инновациялық технологиялардың рөлі мен құндылығын көрсете алады.

– «Seeds for the Future 2022» бағдарламасы АКТ инфрақұрылымының бүкіл экожүйесіне ықпал етеді. Біз жас ұрпақтың осы секторды дамытудағы заманауи инновациялық трендтер мен инновацияларды түсініп, білуін және болашақта бұл білімді Қазақстанда қолданғанын қалаймыз, – дейді Huawei Technologies Kazakhstan Бас директоры аппаратының басшысы Фарида Төлеубаева.

– Курсқа бүкіл әлем бойынша үздік дәріскерлер жиналғандықтан, оқу барысында студенттер жаһандық білім алады. Бұл – бағдарлама Huawei компаниясының негізгі жобаларының бірі болып табылады және Қазақстанда біз өз студенттерімізге қолдау көрсетіп, елімізде әлемдік деңгейдегі білім алуға болатындығын көрсеткіміз келеді. Осы мақсатта біз ҚР университеттерінде АКТ-академияларын ашамыз, онда студенттер тренингтерден өтуге және бүкіл әлемде танылған халықаралық сертификат алуға мүмкіндік алады, – деді Фарида Төлеубаева.


Қазақстанда іріктеу туры 11-21 қазан аралығында өтті. Осы уақыт ішінде студенттерден 199 өтінім қабылданып, олардың арасынан 30-ы жобаға қатысушы атанды.

GPA-ның ең жақсы көрсеткіштері, мотивациялық хат және АКТ индустриясына үлкен қызығушылық жобаға іріктеудің негізгі критерийлері болды. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін барлық курстарды сәтті оқып, жоба қызметіне белсенді қатысқан қатысушылар сертификаттар мен естелік сыйлықтарға, сондай-ақ Huawei компаниясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.

Рекомендовать
Последние новости