Жаңа буын ғалымы

Dalanews 02 нояб. 2022 05:46 998

Мынау ешқандай өлшемге саймайтын алмағайып өмірде «өз орнымды таптым» деп кесіп айтатын біреу бар ма екен? Бар болса, солардың қатарына филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Эксетер және Ноттингем университтерінде (Англия) академиялық ағылшын тілі курстарын оқыған және Ноттингем университетінің магистратурасын «Білім саласындағы басқару» мамандығы бойынша бітіріп шыққан, қазір Абай атындағы ҚазҰПУ-да аға оқытушы Еділбай Оспановты қосуға болатын шығар.

Әрине, ол мұндай жетістікке өзінен өзі жеткен жоқ. 1981 жылы Оңтүстіктегі Бабайқорған елді мекенінде дүниеге келген Еділбай Абай атындағы орта мектепті 1998 жылы бітіріп, осы жылы Алматыдағы Заң колледжіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Осы колледжді 2000 жылы арнайы орта заңгер деген дәрежесімен  үздік бітіреді. 2001 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің филология факультетіне «қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2005 жылы үздік дипломмен аяқтайды. 2005-2008 жылдары аралығында аталған жоғары оқу орынының магистратурасын «филолог-педагог» мамандығы бойынша оқиды және оны да үздік дипломмен тәмәмдаған соң өзі оқыған университетте оқытушылыққа қалдырылады. Содан бері оның бүкіл педагогтік қызметі осы оқу орны мен тығыз байланыста өрбіп келеді. Ол осында қызмет атқара жүріп, белгілі тілші ғалым, академик Фаузия Оразбаеваның жетекшілігімен 2010 жылы «Тілдік бірліктердің қатысымдық табиғаты (Ғ.Мүсірепов шығармалары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Кандидаттық зерттеу жұмысының нәтижесінде Ф.Оразбаевамен авторлық бірлестікте «Коммуникативтік мағына негіздері» (2012 ж.) типтік бағдарламасын жариялағандығы да көтің есінде. Қазіргі таңда қос ғалымның аталған жұмыстары Қазақстан ЖОО-да оқытылатын «Коммуникатитік мағына негіздері», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің семантикасы», «Тілдік қатынас теориясы», «Коммуникативті грамматика», «Қазақ тіліндегі синтаксистік парадигма» пәндерін оқытуда кеңінен қолданылатынын айта кетсек артық емес.

Ғылым демекші, «ғылым – инемен құдық қазғандай» өте қиын мамандық. Бейнеті мол, кедергісі қисапсыз шаруа түсінген кісіге. Еділбай 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасының иегері болады және оны 2015 жылы Англия еліндегі Ноттингем университетінің магистратурасын «Білім саласындағы басқару» мамандығы бойынша аяқтайды. 2016  жылдан бастап «Нархоз» университетінің «Экономика» кафедрасында доцент болып қызмет атқарды. Осы жылдары аталған оқу орнында жүргенде өз бетінше «Академиялық жазылым» пәнінің бағдарламасын жазып, оны ЖОО-ларда оқытудың әдістерімен айналысты. Бұл пән бойынша «Академиялық жазылым. Эссені қалай жазуға болады?» онлайн-курсын құрастырды (2016) және 90 академиялық сағаттан тұратын «Жоғары оқу орындарының студенттеріне академиялық бағытта жазба жұмыстарын жазуды үйретудің жолдары» атты семинарын жүйелі түрде жүргізіп келді (2019). Яғни, жас ғалымның айналысытан ғылыми бағыттары туралы сөз қозғасақ, олар – тілі білімі, тілдік қатысым, білім саласындағы басқару, академиялық жазылым. Бұл бағыттар бойынша қазақ және ағылшын тілінде отыздан аса ғылыми мақалалар жариялапты. Ал, ғылымның бұл саласы айрықша төзімділікті, шыдамдылықты талап ететіні айтпаса да белгілі. Осы тұста талантты ғалымның  «Академиялық жазылым» пәнін оқытуға қажетті мынадай оқу құралдарының авторы екендігін айта кеткіміз келеді: «Академиялық жазылым: шағын эссе мен шағын зерттеу жұмыстарын жазу» (2019 ж), «Академическое письмо: основы написания исследовательской работы» (2020 г.), «Тілдік бірліктердің қатысымдық табиғаты (Ғ.Мүсірепов шығармалары бойынша): Монография» (2021 ж.), «Эссе және оның түрлері» (2022 ж.).

Ал, білікті маманның кез келген әңгімесінің тұжырым түйіндері қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемелері мен ғылыми жүйеленген нұсқаларына тіреліп, қазіргі білім жүйесінің заманауи бастамаларымен тоқайласып жатқанын біз заңдылық деп ұғынамыз.

–Бүгінгі білім беру жүйесінің басты кредосы – өзгеріс, жаңару, даму және өркендеу. Соған байланысты заманауи сұраныстарға сәйкес тың идеяларға қолдау көрсетіп, оң бастамалардың қолданысқа енгізілуіне жол ашылуы керек. Осы тұста айта кетсем, қолданыстағы жаңартылған білім беру бағдарламасы  – сапалы білім алуға негізделген заманауи үлгідегі бағдарлама деп сеніммен айтуға болады. Онда әр пәннің әлеуетін қолдануға, оқу, жобалау, зерттеу тәсілдерін меңгерту арқылы студенттердің тұлғалық дербестігін дамыту көзделген. Осыған орай оқытушылардың қоғамға көзқарасы, сабақ өткізу әдісі, сондай-ақ білім алушылардың да қоғамға және өзара қарым қатынасы өзгеріске түсіп жатыр. Оқытушылар әміршілдік стильден арылуда. Студенттер оқу процесі барысында тек тыңдаушы, орындаушы ғана емес, ізденуші,  тұлғалық қасиетін қалыптастырушы ретінде дәріс алатын деңгейге жете бастады, – дейді жас ізденуші.

Болат Жұмынұлы

Рекомендовать
Последние новости