Google-де істейтін күршімдік инженер не жайында не білеміз?

Dalanews 22 дек. 2021 15:24 786

Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумасы Жасан Байпақбаев Google компаниясына жұмысқа тұрды.

Жасан қазіргі күні әлемге әйгілі компанияда инженер болып істейді. Бұған дейін Dalanews.kz-ке шағын сұхбат берген Жасан өзінің туған өлкесі жайында айтып берген еді.

"Кір жуып, кіндік кескен жерім ШҚО Күршім ауданы. Осы өлкенің Қаратоғай деген алақандай ауылында туып өстім. Мектептен кейін Алматыдағы С.Демирел атындағы университеттің табалдырығын аттадым. Осынау оқу орнында "Ақпаратты жүйелер" мамандығы бойынша білім алдым", – дейді ол.

Осы арадан бакалаврды тәмамдаған Жасан білімін толықтыра түсуді жөн көреді. Оқуын аяқтай сала Қазақ-британ техникалық университетіне дәл осы мамандық бойынша магистратураға түседі.

Айтуынша, алғашқыда Google секілді жаһанға танымал компанияда жұмыс істеймін деп мүлде ойламаған, әйтсе де жүрегінің түкпірінде мұндай арман бүгулі жатқанын жасырмайды.

"Мұндай дәрежедегі компанияға жұмысқа орналасу нағыз сынақ. Ақпараттық технологиялар саласын жетік меңгергенің аздық етеді, дүниетанымың, көзқарасың Google-дың деңгейіне сай болуы керек.

Шыны керек, менің бұл салада азды-көпті тәжірибем бар еді. Магистратурадан кейін  АҚШ-та стартап саласында аздап еңбек еткенмін. Сол жақта жинаған тәжірибем Google-ге жұмысқа тұруға себепші болды", – дейді талантты жас.

Оның атап өткеніндей, осынау компанияға қызметке орналасқан әрбір қызметкердің айналасына тез бой үйретіп, бейімделуі үшін кәсіби дәрістер өткізіледі.

«Мұндай мәжілісте Google-дың құрылу кезеңінен бастап, онда қызмет істеу, маманның мақсаты пен мұраты туралы, сонымен бірге ұжыммен тіл табысу жолындағы пайдалы кеңестер беріледі. Мен үшін бұл дәрістің көмегі көп болды», – дейді ол.

Google компаниясына жұмысқа тұру үшін жас таланттар қандай талапқа сай болуы керек? 


Жасан Байпақбаевтың айтуынша алпауыт компанияға жұмысқа тұруды армандайтын қазақ жастары ғылымға құмбыл көңіл бөлгені жөн. Бірінші кезекте есеп шығару деңгейіне назар аударылады. Сонымен қатар түрлі стартапта істеп тәжірибе жинағаны жөн. Google тәжірибесі толыспаған маманға есігін айқара аша салмайды.

"Мұндай компанияда қызмет істеудің тағы бір жақсы жері маманға барлық жағдайдың жасалуы. Өз басым мұны дұрыс үрдіс деп есептеймін. Google-дегі мамандар үш мезгіл ыстық тамақпен және қызметтік көлікпен қамтамасыз етілген», -дейді ол.

 

Рекомендовать
Последние новости