Бас прокуратура Қазақстанның футбол федерациясы мен футбол клубтарында тексеру жүргізіп, бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде келісілген матчтар мен букмекерлік кеңселердегі бəс тігу фактілері де әшкере болған. Бұл масқара жайттар Абзал Құспанның депутаттық сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың берген жауабында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Еңбек шарттарымен тыйым салынғанына қарамастан, футболшылар мен бапкерлер букмекерлік кеңсе қызметін тұтынып, бәс тігіп жүре берген. Мəселен, Ақтөбе қаласында 9 футболшы жалпы сомасы 110 млн теңгеге бəс тіккен. Осыған байланысты, 2025 жылғы 2 сəуірде аталған федерацияға заңбұзушылықтың көзін жою туралы ұсыну енгізілді. Федерация тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою жəне қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында "Жол картасы" əзірленді. Онда аудит, қаржы жəне əдеп жөніндегі комитеттерді құру, сондай-ақ қаржылық тəртіпті күшейтуге бағытталған 33 іс-шараны іске асыру көзделген", делінген ресми жауапта.
Федерацияның мəліметіне сəйкес, тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды:
- 2025 жылдың 20 мамырдағы жағдай бойынша федерация əкімшілігінің басшысымен, басқарушы директормен, заң, операциялық жəне маркетинг департаменттерінің директорларымен, қауіпсіздік жəне интегрити қызметінің басшысымен арадағы еңбек шарттары бұзылды.
- сондай-ақ, федерацияның бірқатар басшы қызметкерлері лауазымдарынан төмендетілді.
"Қазіргі уақытта федерация заңдылықты бұзушылықтарды жою, қаржылық тəртіпті күшейту жəне футболды дамытудың жаңа мақсаттары мен міндеттеріне сай ұйымдық құрылымын оңтайландыру бойынша жұмысты жетілдіруде", деп нақтыланады.
Бұған дейін тағы бір депутаттың спорт саласына қатысты көтерген мәселені жазған болатынбыз. Мәселен, 2016 жылы Астана әкімдігі "Тұлпар" ат спорты кешенін аукцион арқылы небәрі 200 мың теңгеге сатып жіберген, кейін қала билігі жаңа "Арғымақ" ат спорты кешенін бюджеттен 7 млрд теңгеге қайта сатып алуға шешім қабылдаған.