Форум қонақтары не айтты?

Dalanews 18 мая 2018 10:49 1128

Global Challenges Summit бас қосқан самитта әлемнің көптеген елдерінен келген білікті саясаткерлер, экономистер мен футуролог ғалымдар көкейдегі ойларын ортаға салып, әлемінің қай бағытта дамуға бет бұрғанын әңгімеледі. Осы ретте «Қала мен Дала» газеті әсерлі әңгімелерімен жұрттың назарын өзіне аударған спикерлердің ой-пайымдарын ықшамдап оқырмандарына ұсынғанды жөн санады.

 

120 жас қалыпты өмірге айналады

Гил Ацмон, ғалым, Хайфа университетінің профессоры:

– Жыл сайын әлем тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 2-3 айға ұзарып келеді. 2018 жылы туған балалар үшін 100 жыл өмір сүру қалыпты болуы мүмкін. Ал болашақта адамдар ең кемі 120 жыл, тіпті 200-500 жылға дейін өмір сүре алады. Мұны қалай жүзеге асырамыз? Адамның жеке экономикасын қолданамыз, бұлшық еттер инженериясы, жасушаларды өзгерту, нанотехнологиялар бар. Яғни адам ағзасына кішкентай роботтар енгізіліп, қажетсіз жасушаларды алмастырып отырады. Адамның тұтас денесін алмастыра және 200 жастағы дені сау адамды қоғамға қайтара аламыз. Ұзақ өмір сүрушілердің жартысына жуығы 70 жыл бұрынғыдай ішімдік ішеді және шылым шегеді. Олардың арнайы диетасы жоқ, артық салмақтары бар. Олардың ұзақ өмір сүруіне генетика да әсер етуі мүмкін. Әйтсе де, әлемдік зерттеу барысында олардан ұзақ өмір сүрудің сырын сұраған едік. Жапондықтар балық жейтінін айтты, қытайлықтар – көк шай мен зімбір, Францияда – қызыл шарап, Италияда – паста,  Грекияда – зәйтүн майы, Америкада – жаттығулар, ал біздің елімізде – бақытты болу.

 

Ағзаның зақымданған бөлігін қалпына келтіреміз

Обри ди Грей, Кембридж университеті ғалымы,  «Sens» ғылым қорының төрағасы (АҚШ):

– Бізге қартаю проблемаларын шешуде жаңа қадам керек. Бұл мәселені менен басқа да ғалымдар көтерген болатын. 100  жыл бұрын адамдар осыны түсіне бастады. Сондықтан да бізде геронтология деп аталатын ғылым бар.

Әлемде кейбір жануарлардың басқаларына қарағанда, айтарлықтай ұзақ өмір сүру фактісі адамдарды жігерлендіре түсті. Анықтап көрейік, неліктен кейбір жануарлардың қартаю процесі ұзақ? Бұл ретте, сіздер бұл жақсы идея деп бірден ойлар едіңіздер, алайда бұл қадамдар да нәтиже бермеді. Неге? Шын мәнінде біздің ағзадағы болып жатқан процестердің күрделі жүйесіне ықпал ете алмаймыз. Сонымен қатар,  ұзақ өмір сүру үшін бұл процестерді қадағалауға қауқарсызбыз.

Қартаюға қарсы тәсілдер енді ғана пайда болып жатыр. Мен оны сақтап қалу қадамы деп атаймын. Біз метаболизмді баяулатуға тырыспаймыз, сонымен қатар патологияларды алдын алуға ұмтылмаймыз. Біз тура орта жолды ұстанып, бұл процестерді бір-бірінен ажыратамыз. Басқа сөзбен айтқанда, ағзаның зақымданған бөліктерін қалпына келтіреміз. Егер де осыны тұрақты түрде іске асырсақ, біз метаболизмді дәл сол деңгейінде қалдыруымыз мүмкін.

 

Қазақстан жастарын үздік оқу орындарында оқытатын жалғыз ел

Дэвид Голдсмит, футуролог, бизнес-стратег:

– Форумдағы талқылаулар өте қызық өтіп жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемнің түпкір-түпкірінен келген білікті мамандарды біріктіруде өзіне жауапты міндетті алып отыр. Жалпы, пікір алмасулар маған ұнады және алдағы сессиялар да осы бағытта өрбиді деп ойлаймын.

Форумның инвестициялық тұрғыда ауқымды мүмкіндіктері бар. Сәйкесінше, ел аумағында түрлі өндірістерді құру үшінші тиімді жағдай жасаудың мүмкіндігі мол. Сондықтан Қазақстанда әр саланы терең зерттеуге әлеуеті баршылық. Бүгінде әлемнің үздік университеттерінде («Болашақ» бағдарламасы аясында) Қазақстаннан студенттер білім алып жатқанын білеміз және олар өздерін білімді екенін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өздерінің студенттерін үздік білім ордаларында оқытып жатқан елдер көп емес. Жалпы, осындай іргелі факторларды назарға ала отырып, менде өте жақсы пікір қалыптасып отыр.

 

«Жасыл экономика» – Қазақстан бастамалары қолдауға лайық

Пан Ги Мун, Жаһандық жасыл өсім ассамблеясының президенті:

– Біз көптеген ел жүзеге асырған тамаша қадамдарды бақылап отырмыз. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі, «жасыл экономика» үлесі арта түсуде.  ЖЭК-пен байланысты энергетикалық шешімдердің құны дәстүрлі және экологиялық тұрғыда таза емес энергия көздерімен бәсекелес бола алатындай нүктесіне жетіп отыр. Осы орайда, Қазақстан осынау жаһандық ұмтылыста көшбасшы елдердің бірі болып отырғандығын айрықша атап өткім келеді.

2017 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан Жасыл технологиялар халықаралық орталығы Қазақстанның бүкіл әлем бойынша бұл міндеттемелерге басшылық етуге мүмкіндік беретін жақсы құралға айналарына сенімдімін. Меніңше, біз Қазақстанға бұл бағытта қолдау көрсетуіміз қажет.

 

Зияткерлік – роботтардың қолынан келмейтін қабілет

Митио Каку, футуролог, физик-теоретик:

– Роботтар зияткерлік капитал мен инновациялық-шығармашылық жұмыстарды алмастыра алмайды. Өйткені олар көптеген элементарлық дүниелерді білмейді. Әлі күнге дейін 5 жасар баланың интеллектісін алмастыратын бағдарлама жоқ. Мәселен, әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынастардан бейхабар. Олар қарапайым үстелді тани алмайды, төртбұрыш пен үшбұрышты сызып, аумақты өлшей алмайды. Жақын болашақта роботтар қоқысты жинап, машинаға тией алмайды. Ауыр жұмыстарды алмастыруы мүмкін, бірақ оған көптеген онжылдықтар керек.

Зияткерлік – роботтардың қолынан келмейтін қабілет. Мәселен, робот мені – профессорды алмастыра ала ма? Профессор-робот студенттің қарапайым жоспарын түзей алмайды. Студентке тікелей қарым-қатынас жасай алатын жетекші керек, адам керек. Полиция да қылмыскердің дүниетанымымен жұмыс істейді және бұл роботтың қолынан келмейді. Роботтар ән жаза алмайды, жетекші болып, тиімді шешім қабылдай алмайды. Сондықтан, роботтар – адам өміріндегі көмекші құрал ғана, ал адамдар роботтар алмастыра алмайтын біліктілігі жоғары мамандықтарға бейімделгені жөн. Алдағы онжылдықта еңбек нарығында адами капитал әлі керек деп толық айта аламыз.

 

Криптовалютаның болашағы бар ма?

Ханс Тиммер, Дүниежүзілік банктің Аймақтық басқармасының Еуропа мен Орталық Азия (ЕОА) бойынша бас экономисі:

– Біз криптовалюталар пен блокчейн қағидаты қаншалықты тиімді екенін байқау үшін айтарлықтай сараптама жүргіздік. Бұл компоненттер – цифрлық төңкерістің бір бөлігі. Ең алдымен, күмән – цифрлық эволюцияның даму қарқынына байланысты болып отыр.

2009 жылы блокчейн өзінің жұмысын бастады да, онымен тұспа-тұс алғашқы криптовалюта пайда болды. 2009 жылы сонымен қатар алғашқы айфон өмірге келді. Осылайша, интернет-қызметтердің ауқымы кеңейді. Денсаулық сақтаудан бастап көптеген салаларда интернет қызмет дамып кетті. Екінші жағынан, бұл қалыптасып қалған стандарттарды өзгертті.

Бүгінде дамудың екі түрі – дұрыс және бұрыс бағыттағы жолы бар. Дұрыс жағы туралы сөз қозғағанда, онда криптовалюталар арқылы Үкіметтің есебін көруде басымдық беретінін ұмытпауымыз керек. Екінші жағынан, азаматтық қоғамның ықпалы арта түседі. Сонымен бірге, екінші, яғни бұрыс жағын алсақ, бұның арты ірі компаниялар ауқымды конгламераттарға бірігіп алып, мәселен, Фейсбук криптовалюталық компаниялармен бірігіп алса, онда осы ірі ойыншылар Үкіметті өзінше бақылауға алғысы келуі мүмкін. Осылайша, біз бәріміз көптеген ақпараттар эксклюзивті ойыншылардың ғана қолында қалатындай жағдайда қалуымыз мүмкін. Бұл ойыншылар әдейі үкіметтерге қатысты айла-шарғыларды жүзеге асырып отыруы ықтимал. Менің ойымша, жүйелерге бұлай араласудың қауіптілігі де бар.

Сондықтан әлеуетті қауіптерді айналып өтетіндей эволюцияға жол берілуі керек. Мен криптовалютадан түңілген адам ретінде көрінгім келмейді. Бірақ, сонымен бірге, нарықтың қалыптасуының өз ережелері бар. Біз ең алдымен, цифрландырудың өзіне ауқымды инвестиция керектігін ескеруіміз керек.

 

Apple қалай құрылды?

Стив Возняк, Apple компаниясының негізін қалаушы:

– Мен оқып жүргенімде математикадан, сонымен қатар ғылымнан үлгерімім жақсы болды. Ол кезде цифрландыру туралы ештеңе білмейтінбіз. Компьютер мектепте және ЖОО-ларда да жан-жақты қолданылмайтын-ды. Өмірімді жеңілдету үшін бірдеңе жасауға деген ынтам болғанын білем. Осынау кіп-кішкентай чипті компьютерге қалай қосуға болады деп өзіме сауал қойдым. Бірде әкем құны біршама қымбат болатын компьютердің пайда болатынын айтты. Біз ол кезде бұл жайында тек армандаушы едік. Мен әлемдегі ең танымал гаджеттерді жобалаумен айналыса бастап, компьютерлік клуб ұйымдастырдым. Және де бұл видео ойындар қалай жұмыс істейтіндігін түсіну үшін жасалған еді. Бұған қоса, біз университеттік желі құрайық деп шештік. Бірақ бұл идеямызды жүзеге асыру үшін бюджетіміз болмады. Бірақ біз қуаты жоғары, жылдам жұмыс істейтін компьютер жасаудан бас тартпадық.

Стив барынша қызығушылық танытып: «Өзіміз неге компания құрмасқа? Бизнесті одан ары дамыту үшін ақша табу қажет», деді.  Мен де барынша адал болдым және оған идеяны Hewlett-Packard-қа сатуды ұсындым. Өйткені олар бес есе жылдам жұмыс істей алатын алғашқы дербес компьютерді құрастыра алатын еді. Осылайша, біздер Apple компаниясын ұйымдастырдық. Міне, дәл осылай біздің жұмысымыз біртіндеп дамыды. Сіз қаламсаптың көмегімен бір сөз жазсаңыз машина түсінетін болады. Осыны жасағаннан кейін бейсенбі күні кешкі сағат 5-те тіс дәрігерім Саруға бару керек деп жаздым. Enter-ді басып қалғанымда машина менің күнтізбемді ашып, аталған жазбаны тіркеп қойды. Мен қатты таңғалдым. Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Мен бірдеңе жаздым, ал машина оны түсінді. Қазір сіз компьютеріңізбен достық пейілмен сөйлесе аласыз. Ол сізге жауап та береді. Бұл таңғаларлық жайт еді.

 

Тұтынушы дамудың қайнар көзі

Джим О'Нил, қаржыгер:

– Әлемдегі экономикалық дамудың негізінде не жатқаны туралы маған сұрақ қойылып отыр. Менің жауабым ол – тұтынушы. Әсіресе, бұл жерде азиялық тұтынушының рөлі маңызды. Осы пікірімді дәлелдеп беруге рұқсат етіңіздер. 2010 жылы әлемдегі ЖІӨ орташа есеппен 3,7 пайыз өскен еді. Бұл одан 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен аса көп емес. Ең маңыздысы – 2010 жылдан кейінгі онжылдық ЖІӨ мөлшерінің артқанын көрсетіп отыр. Соңғы он жылда әлемдік дәрежедегі экономикалық өсім бәйгесінде, әсіресе екі аймақ «оза шапты. Ол – Қытай мен АҚШ. Менің есептеуімше, барлық жаһандық долларлық өзгерістердің 84 пайызы АҚШ және Қытаймен байланысты болып отыр. Осы үлестің басым бөлігі АҚШ, Қытай және Үндістанға тиесілі. Еуропалық Одақ, Ресей, Бразилия елдерінің бұл ретте өсімі төмен. Сондықтан біз келешекке ой жүгіртіп көрелік. АҚШ пен Қытай соңғы онжылдықта экономикалық өсімнің 35 пайызына ие болды. Ал ЕО ол үлестің төрттен бірін, ал Бразилия, Ресей мен Үндістан 5 пайызды қосты. Бұл – өте үлкен сұрақ. Себебі Еуропалық Одақ, Бразилия, Ресей өз өсім тұғырына қайтып келе ала ма? АҚШ басшылығының бұл ретте жаһандық тиімді жолды таңдауы оңды болар еді. Бұл – менің ойым. Қазір Қытай әрдайым осыған дейін экономиканың жоғары дәрежеде субсидияланатын секторына ие ел болып келеді. Қазіргі уақытта барлық өсім тұтынушының айналасында болып отыр. Айта кетерлігі, біз тіркеп отырған экономикалық өсімдегі 20 пайыздық өзгерістер қытайлық тұтынушылардың өзгерістеріне қарай құбылады. Үлгі келтірейін. Стив Возняктың «Аpple» компаниясы АҚШ-тан гөрі Қытайға көптеп айфон сата бастады. Қытай халқының 20 пайызы ғана 260 миллион Ұлыбритания халқынан төрт есеге көп. Бұл әлбетте, дамуға әсер етеді.

 

Рекомендовать
Последние новости