fcbk 2024: Қаржы секторына жаңашылдық енгені қауіп-қатерді көбейте түспей ме?

Dalanews 10 сент. 2024 10:31 4769

Бірінші кредиттік бюроның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «fcbk 2024: Бизнеске қарай» конференциясында Қазақстанның қаржы секторының болашағы жайлы талқы жасалды. Сол жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова бірқатар маңызды мәселені көтерді. Dalanews тілшісі сол мәселелерге шолу жасады.

Стресс-активтердің салдары ауыр ⠀

Әбілқасымованың мәлімдемесіне сәйкес, кейінгі бес жылда Қазақстан банктерінің активтері екі есеге жуық өсіп, 56,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл елдегі ЖІӨ-нің 54%-ына тең. Дегенмен осы сандардың астарында қаржы жүйесіндегі талай мәселе тасаланып жатса керек. Банктер активтерінің қатты қарқынмен өсіп жатқаны олардың сапасы және қаржы жүйесіндегі нақты қауіп-қатерлерге қатысты сұрақтар туғызады. Негізі активтер қарыз көбейгенде өседі. Алысқа көз тастайтын болсақ, бұл кейін банктерге иығына артылған ауыр жүкке айналуы ғажап емес. ⠀

Бұл ретте әлдебір шаралар жасалуы керегі анық. Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, несие беру осылай «бетімен» кете берсе, болашақта стресс-актив молынан жиналуы мүмкін. ⠀

Шетелдік банк бәсекелес бола ма әлде жол жаба ма? ⠀

Әбілқасымова көтерген келесі мәселе — шетелдік ойыншыларды отандық нарыққа кіргізу. Агенттік төрайымының айтуынша, бәсекелестікті күшейтуге жақсы әдіс болғанымен, шетелдік банктерді оңды-солды кіргізудің тәуекелі барын ұмытпауымыз керек. Яғни шетелдік банктер нарыққа стимул берудің орнына жергілікті қаржы институттарына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі әлемдік деңгейдегі бәсекеге әзірге дайын емес жергілікті банктер шетте қалып қалуы ғажап емес.

Микроқаржы ұйымдарына қатысты не айтты? ⠀

Агенттік төрайымы микроқаржы ұйымдарының банктерге айналу мүмкіндігі нарықта жаңа банк құрылымдарының пайда болуына әкелуі мүмкін деп отыр. Бірақ бұл экономиканың дамуына нақты үлес қосатын құралға айнала ма, әлде жаңа шағын банктердің көптеп пайда болғаны мен олардың жеткіліксіз пруденциялық нормалармен жұмыс істегені қосымша мәселелер тудыра ма? Оны да уақыт көрсетеді. ⠀

Синдикатталған несие: жаңа мүмкіндік пе, әлде тәжірибе ме?

Қаржы секторының жаңа тренді — синдикатталған несиенің енгізілуі. Әбілқасымова төрт ірі жоба бойынша 444 млрд теңге көлемінде қаржыландыру басталғанын хабарлады. Бұл бастама болашағы зор болып көрінгенімен, нарықтың синдикатталған несиелендіруге қаншалықты дайын екені белгісіз.

Шетелдік банктер мен жеке институттардың қатысуы жаңа мүмкіндік сыйлағанымен, ашықтық шектеулі болып, реттеу жағы да әлсіз кезде синдикаттар мүдделер қақтығысына және сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін. ⠀

Банк секторындағы реформа: жаңа заң үміт отын жаға ала ма?

Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңның қабылданатынын жариялады. Онда финтех секторын дамыту және банк саласына инновациялар енгізу қарастырылған. Алайда, бұл заң қаржы секторын модернизациялауға қаншалықты ықпал ететініне қатысты нақты жауап жоқ. Финтех үлкен өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуы мүмкін екені сөзсіз. Десе де, қадағаланбаса жаңа технологияларды кері мақсатта пайдаланатын алаяқ саны артуы әбден мүмкін екені тағы бар. ⠀

Сонымен қатар, проблемалық активтерді сату үшін дижитал платформаларды қолдану идеясының артында ашықтық аз екені және манипуляция қаупі бары да айтылды. Себебі дижитал платформалар дұрыс бақыланбаса, қаржы жүйесінде бұл жаңа қауіп көзіне айналуы мүмкін. ⠀

Жалпы, fcbk 2024 конференциясы мен Мадина Әбілқасымованың мәлімдемелері Қазақстанның қаржы секторын дамытуға қатысты көптеген амбициялық жоспар ұсынды. Дегенмен бұл ретте таяқтың екінші ұшы барын ескеру қажет. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, жан-жақты талдап, бағалайынша, әлдебір «төңкеріс» жасауға деген ұмтылыстың арты күрмелген проблемаға әкеп соғуы ғажап емес.


Рекомендовать
Последние новости