"Еуразия" арнасының үстінен іс қозғалды

Dalanews 19 мая 2016 03:19 852

Заңгер Нұрхан Жұмабековтың шағымы Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында қарастырылатын болады.

Айта кетсек, шетелдіктерге жерді жалға беруге қарсы шыққан халық наразылығынан кейін «Еуразия» телеарнасы кешкі жаңалықтарының жүргізушісі Аймира Шәукентаева алаңға шыққандарды «бесінші колоннаның бағыныштылары» деп атаған болатын.

Дәл осы журналист Атырауда жерді жалға беруге наразылық танытқандар алаңға шыққаны үшін 50-ден 150 долларға деген ақы алғанын айтқан. Бұған дәлел ретінде телеарна арнайы «видео-деректі» көрсеткен еді.

Бұл жайт қоғамның назарынан қалыс қалған жоқ. Ал заңгер Нұрхан Жұмабеков өз кезегінде телеарнаны сотқа берді.

– Жүргізушінің сөзіне қарағанда, қазақтар алаңға өзінің туған жерінің тағдырына алаңдағаны үшін шықпаған, керісінше «ақылы негізде» 150 доллар алу үшін қайдағы бір «бесінші колоннаның» айтақтатуымен көтерілген. Шәукентаеваның айтқанын естіп қаным қарайды. Намысыма тиді. Халықпен бірге қайғырған және халықтың талабымен үндес жатқан ой-пікірімді мазақ қылды. Шәукентаеваның сөзіне қарағанда мен ата бабамның жерін сақтап қалу үшін наразылыққа шыққанда әлдебір ішкі жаудың, бесінші колоннаның айтқанына бағыныппын. Мұнда қандай қисын бар? – дейді заңгер.

 

Рекомендовать
Последние новости