Қазақстанның ішкі тұрақтылығының өзегінде ұлтаралық келсім жатқанын бәріміз білеміз. Таяуда Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында өткен «Азаматтық қоғаммен жұмыс істеудегі басқарушылық және коммуникациялық дағдылар» курсы осы парадигманың маңызы зор екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Осы ретте курсты «Шаңырақ» кафедралар қауымдастығы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесі ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Бұл екі құрылым да ұлттық тұтастық идеологиясын ғылыми-практикалық тұрғыдан дамытудың алдыңғы шебінде келеді. Олардың бұл бастамасы ағартушылықтан басқа, саяси технологиялар негізіндегі ішкі тұрақтылық моделін қалыптастыруға күш салу екенін байқадық.
Бұл шара еліміздегі этносаяси келісімнің жаңа форматына жол ашқан, саяси мәдениетті трансформациялау процесінің тәжірибелік алаңына айналып отыр. Курсқа еліміздегі этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары қатысып, Қазақстандағы ішкі ұлттық консолидацияның жай-күйі жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Бүгінде Ассамблея қызметкерелері ел ішіндегі көп этностың мәдени жадын сақтаушы ғана емес, стратегиялық ішкі жұмылдыру әлеуетінің тасымалдаушыларға айналғанын айта кетуіміз керек. Сондықтан да бұл курс қатысушылар үшін әдеттегі басқару тренингі емес, саяси жүйенің ішкі тетіктерін нақты тануға, шешім қабылдау орталықтарымен тиімді коммуникация құруға бағытталған интеллектуалды-практикалық маңызды тәжірибе алмасу болды десек артық айтқандық болмас еді.
Шараны ұйымдастырушылар оқу процесінің негізіне азаматтық қоғам институттарымен, мемлекеттік құрылымдармен және медиа өкілдерімен өзара әрекеттестіктің тиімді тетіктері алынғанын алға тартты. Бұл – электоралдық емес саяси ықпал ету мәдениетін қалыптастыратын маңызды механизм. Яғни, этномәдени қауымдастықтар енді тек мәдени іс-шара ұйымдастырып қана қоймайды, олар мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы делдал ретінде нақты саяси-практикалық рөлге ие бола бастайды.
Бұл «гибридті делдал институт» функциясы, яғни, этникалық топтардың өкілдері азаматтық қоғам мен мемлекеттік аппараттың тоғысқан тұсында жүйеішілік келісімді қамтамасыз етеді.
Курс аясындағы ең салмақты талқылау «Қазақстан халқы Ассамблеясы шатырының астындағы 30 жыл: жаңа перспективалар» деген тақырып болды. Ассмблеяның 30 жылдығы тек атаулы дата емес, Қазақстанның транзиттік көпэтностығын жүйелі түрде реттеудің институционалды тәжірибесін түйіндейтін кезең десек болады. Осы жиында сөз алған Владимир Божко елдегі ішкі этносаяси архитектураны қалыптастыру турасындағы ойларын ортаға салды.
Владимир Божконың сөзінен қоғамдағы этносаралық байланыс мемлекеттің іргелі тұрақтылығына бағыттап түсіндіруі – саяси мәдениетіміздің эволюциялық даму сатысына жеткенін көрсететінін тілге тиек етті. Ол этностар арасындағы диалогты мемлекеттік қауіпсіздік стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастыратынын және посткеңестік аумақта орын алған қандайда бір этникалық дағдарысты Қазақстан үлгісінде еңсеру мүмкіндігінің маңызы зор екенін алға тартты. Оның ойынша, Қазақстан моделі – тұрақтылықтың идеологиялық емес, тәжірибелік тетіктерге негізделген симбиоз.
Жалпы курс шеңберінде көтерілген мәселелердің бірі – этномәдени бірлестіктердің медиасаяси ықпалы. Қазіргі кезеңде ақпараттық кеңістік ұлттар мен этностар арасындағы сенім мен үрейді қатар тудыратын аренаға айналғаны жасырын емес. Сондықтан да бұл бірлестіктердің жетекшілері тек мәдени іс-шара ұйымдастырушылар ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырушылар ретінде де танылуы қажет. Олар ақпараттық қауіпсіздіктің ішкі деңгейін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алатынын білеміз. Медиа мен этностар арасындағы байланысты күшейту – бұл этносаралық шиеленісті алдын ала болжап, алдын алуға мүмкіндік беретін проактивті механизм екені анық.
Қазіргі таңда Қазақстанда этносаралық қатынастардың эволюциялық моделі қалыптасып келеді. Бұл модель – кеңестік тоталитарлық жүйеден кейінгі этноцентризм мен ультраұлтшылдыққа бой алдырмаған, керісінше, плюралистік келісімге негізделген ұлттық идеяның тәжірибелік формасы. Этностардың мәдени автономиясы мен саяси интеграциясы арасындағы балансты сақтау – Қазақстан ішкі саясатының басты жетістігі. Дәл осы тепе-теңдікті сақтаудың бірден-бір жолы – осындай курстар, осындай білім алаңдары екені анық.
Мұндай курстар – еліміздегі этносаралық байланысты тек мәдени деңгейде ғана емес, саяси және институционалдық деңгейде дамыту үшін қажет. Себебі, XXI ғасырда этностық мәселелерді шешудің негізгі құралы мәдени диалогтан басқа тиімді басқарушылық дағдылар мен стратегиялық коммуникация екенін де ұмытпауымыз керек. Ал бұл дағдыларды қалыптастыру – ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі.
Сөз соңында айтарымыз, Еуразия ұлттық университеті өткізген бұл курс – Қазақстанның этносаралық саясатындағы жаңа парадигманың бастауы. Еліміздің ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, әрбір этностың дамуына мүмкіндік беретін жүйелі бағыт. Елдің ішкі тұтастығы мен саяси орнықтылығы – дәл осындай қадамдардан басталатынын ұмытпауымыз керек.