Ескі Қазақстанды жоқтаушылар қайта топтасуы ықтимал - Айдос Сарым

Dalanews 17 июл. 2025 11:51

Жаңа Қазақстан құру туралы бастама көтерілгеніне алты жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта қоғамда не өзгерді? Елдің саяси кеңістігінде ілгерілеу байқала ма? Бұл сауалдарға мәжіліс депутаты Айдос Сарым жауап беріп, қазіргі жағдайды ашық талқылапты, деп жазады Dalanews.kz.

Депутаттың пайымынша, Қазақстанда билік ауысқаннан бері қоғамда түрлі пікірлер қалыптасты. Халықтың бір бөлігі «бәрі жаман» деген ұстанымда болса, келесі бір тобы «бәрі жақсы» дегенге сенеді. Мұндай жағдай Назарбаев тұсында да болған, бірақ ол кезде мақтау сөздер қаттырақ, ал сындар бәсеңдеу естілетін. Қазір, керісінше, сын ашық айтылып, мақтаулар бәсеңдеген. Бірақ бұл екі көзқарас та бір адамның санасында еркін үйлесіп, қатар өмір сүре береді.

Сарым соңғы жылдары қоғамда «Назарбаевтың кезінде жақсы еді» деген сағыныш сезімінің күшейіп келе жатқанын мойындайды.

«Қазір әлеуметтік желіде Елбасының «Мен кеткен соң әлі өкінесіңдер» деген сөзі жиі тарап жүр. Шын мәнінде, бұл ностальгия – қалыпты жағдай. Алдағы сайлауларда сол «Ескі Қазақстанды» аңсайтын күштер қайтадан бой көрсетуі әбден мүмкін», – дейді депутат.

Сарымның пікірінше, Қазақстанда қазір жаңа саяси мәдениет пен жаңа ережелер қалыптасып жатыр. Әсіресе, кейінгі уақытта билікке келген адамдар нақты мәселелерді митингпен емес, жүйелі жұмыс арқылы шешуге болатынын түсіне бастаған.

«Көп адам билікке келмей тұрып, эмоциямен сөйлеп, билікті сынға алып жатады. Ал парламентке келген соң ақпараттың шынайы көлемін, мемлекеттің мүмкіндіктерін көріп, көзқарасы өзгеріп жатады. Қазір парламент осындай алаңға айналды. Бұл – жаңа мәдениеттің белгісі», – дейді ол.

Айдос Сарым қазір билік оппозицияны мүлде жоққа шығармайтынын, керісінше, нақты ұстанымы бар күштермен жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.

«Бұрын Президент әкімшілігі бүкіл саяси алаңды өзі басқарып, бәрін бақылауда ұстауға тырысса, қазір жағдай күрделенген. Мемлекет шешім қабылдағанда бұрынғыға қарағанда көп тараптың пікірін ескереді, саяси процестер күрделенді», – дейді депутат.

Сұқбат барысында депутат коррупция мәселесіне де тоқталып, қазіргі мемлекеттік қызметкерлер үшін жағдай қиындай түскенін айтты.

«Қазір мемлекеттік қызметкер болу бұрынғыдай жайлы жұмыс емес. Ашықтық артты, бақылау күшейді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар күшейтілді. Жемқорлық бұрын да болды, қазір де бар, бірақ ережелердің өзгергенін бәрі түсіне бастады. Сондықтан қазір билікке ашкөздікпен келу қауіпті екенін сезетіндер көбейді», – дейді Айдос Сарым.

Журналистің «Жаңа Қазақстан» деген бастамадан жұрт үлкен нәтиже күтіп, көңілі қалды емес пе?» деген сұрағына депутат былай жауап берген:

«Шын мәнінде, қоғамда бұрын-соңды болмаған терең өзгерістер болып жатыр. Бірақ бәрі бірден білінбейді. Алдағы бірнеше жылда осы өзгерістер тұрақты институттарға айналып, нәтиже береді деп ойлаймын. Ең бастысы – адам өмірінің құны артып, қоғамның үні билікке жететін болды. Бұл жетістікті қазір билікті сынаушылардың өзі мойындап жүр».

Сарым болашақта Қазақстанның саяси алаңында жаңа күштер пайда болатынына сенімді. Оның пікірінше, қоғамда жаңа идеялар мен нақты идеологиясы бар партиялар қалыптасуы тиіс.

«Саясатты айқай-шу мен митинг арқылы емес, нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен жасау керек. Ескі лозунгтармен қоғамды өзгерте алмаймыз», – деп сөзін түйіндеді депутат.

Ескерту: Айдос Сарымның shapalaq.kz сайтына берген сұқбаты негізінде әзірленді.


Рекомендовать
Последние новости