Есілдің бойына ел қондырған Елбасының еңбегі ерен

Dalanews 30 нояб. 2018 04:25 890

Еліміздегі тарихи таңдау күнi болып саналатын 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнін өз басым барша қазақстандықтардың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңiрегiне топтасу күнi деп айтар едім. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт-бағдар берген, әлемге танытып, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы осынау игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Мемлекет басшысының толассыз еңбегі мен көреген саясатының арқасында ғасырда жасалатын ғаламат жобалар тәуелсіздігіміздің 27 жылында жүзеге асты. Халық пен мемлекет алдында осындай толағай тірлік атқарған Президент күнін атап өту сіздер мен біздер үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе деп есептеймін.

Елбасымыз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы армандарын ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік туғызды.

Сондықтан да бүгінгі мейрамның сыры мен сипаты, халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше.

Елбасының бастамасымен Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Астана – Елбасының төл түлегі, еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды.

Мәселен, өткен күндерді бір төбе деп қарасақ, ғасырларға тең Тәуелсіздік жылдары ел мерейін тасытып қана қоймай, халықтың әлеуметтік ахуалы, өңірлердегі инфрақұрылымдардың қалыптасуы, заман табалына сай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі әлем елдерінің мемлекетімізге деген сенімі мен құштарлығын арттырғаны сөзсіз.

Тәуелсіздік жылдары орасан мол табыстарға қол жеткіздік. Қай саланы алып қарамаңыз, мейлі ол білім мен ғылым, спорт, мәдениет пен өнер, құрылыс пен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп болсын бәрі-бәрінде де қарыштап дамып келеміз.

Елбасы тәуелсіздік жылдары Түркістан қаласының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Соның ішінде «Түркістан ежелден келе жатқан біріктіруші функциясынан жаңылған емес және түркі тілдес елдерді біріктіруші тірек болып табылады», деп Елбасымыз ерекше екпін берген қаламыздың да Тәуелсіздік жылдарында ажары ашылып, әлеуетті едәуір арта түсті.

Егемендіктің алғашқы күндерінен бастап, өңіріміз мемлекет басшысының үнемі назарында болды. Оған дәлел мемлекеттік маңызы бар ұлы істердің бастауында үнемі Түркістан тұратыны өздеріңізге белгілі.

Елбасымыз ерекше тарихи таңдауының нәтижесінде Түркістан қаласын жаңа облыстың орталығы етіп бектілді. «Еліміздің рухани және мәдени орталығы» деп, мемлекет басшысының өзі атап өткендей, әрдайым мемлекет және облыс деңгейінде өңіріміздің қасиетіне назар аударылып, Түркістанды түлетуге деген ерекше мән берілуде. Бүкіл әлем назарын Түркістанның келешек жаңа келбетіне аударуда. Оның нақты дәлелі ретінде өңіріміздің дамуына үлес қосуға ниетті инвесторлардың күн санап артып жатқандығынан аңғару қиын емес.

Ендеше, баршаңызды Бүкілхалықтық Таңдауының Бірлігі күні ретінде енген мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен тағы да құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, бақыт, қуаныш, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Тәуелсіз Қазақстан,Тұғырлы Түркістан жасасын!

 

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі. 

Рекомендовать
Последние новости