“Ешкімге пышақ тақамады”. Куәгер Шерзаттың әкесіне қатысты ақпарат берді

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 10:03 169858

Бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап еткеннен кейін, полиция қызметкерлері әділдік сұраған Қаржаубай Нұрымовты ұстап әкетті. Ресми деректе Шерзаттың әкесі қолына пышақ ұстап, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасамақ болғаны және өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқаны хабарланған. Алайда куәгер бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Куәгер оқиғаның мән-жайын Stan.kz агенттігіне түсіндіріп берді.

“Біреуге пышақ тақады дегеннің барлығы өтірік. Ол пышақты өзін қорғау үшін ғана ұстады. “Егер маған жақындасаңдар, маған осы жерде әділ сөзді айтқызбасаңдар қолымды кесемін, деді. Ешкімге пышақ сермеген де тақаған да жоқ. Ол БАҚ өкілдерін күтіп, соларға шындықты айтамын деді. Қаржаубай ағаға қатысты ешқандай іс қозғалмауы керек. Нұрқанат бауырымыз өзіне қол жұмсады дегенге Қаржаубай аға да, мен де, бүкіл қазақ халқы келіспейді. Ол өзінің бауыры үшін күресті. Әділдікке қол жеткізген кезде мұндай қадамға бармас еді", – дейді куәгер.

Айтуынша, Қаржаубай Нұрымов тек шындықты айтқысы келген.

“Мен келген кезде Қаржаубай ағамыз бір көлікті қыспаққа алыпты. Қаржаубай аға көліктегі адамды шығармақ болған, алайда ол шықпай қойған. Көлікпен жолын бөгегеннен кейін туыстарының барлығы сол жерге жиналды. Ол жерге барлық құқық қорқау органдары келді. Қаржаубай ағаның бір ғана талабы болды. Ол – әділ тергеу. Жаңағы адамды шығарып, сол жерде тергеу жүргізуді талап етті. Өйткні Нұрқанаттың денесін тапқанда сол адам көрген деген күдік бар. Қаржаубай аға тек шындықты айтқысы келді. Ешқандай митингіге үгіттеген жоқ. Сол жерде тұрып, “Маған тек әділдік керек” деді”, –  дейді Дінмұхамед Қаматай Stan.kz-ке.

Оның сөзінше, марқұм Нұрқанат көзі тірісінде тек аудиохабарлама қолданған. Сондай-ақ өте сауатты жазатын болған.

“Қалай бір уақытта бірнеше адамға хабарлама жібереді. Ол әрдайым аудохабарлама жібереді екен. Жай ғана хат жазып кете салуы мүмкін емес. Сонымен қатар Нұрқанат қатесіз жазатын. Менің ойымша хабарламаларды Нұрқанат жазбаған”, – дейді ол.

Айта кетейік, кеше марқұм Шерзат Болаттың отбасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті. Аталған оқиғадан кейін Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

Ресми дерекке сүйенсек, сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған. Айтуларынша, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости