Ернат Қыдырмоллаев: «ШҚО әкімдігі жастардың исламтанудағы білімін тереңдету үшін жыл сайын оқу грантын бөледі»

Dalanews 22 апр. 2021 07:53 955

Еліміз үшін дінаралық тұрақтылықтың маңызы зор. Осыған дейін біраз адамдардың пиғылы жаман діни ағымдардың құрбаны болғаны жасырын емес. Бүгінде мемлекетіміз еліміздің діни тұрақтылығына баса көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды ретке келтірді десек болады. Осы ретте ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаевпен сұхбаттасып, Шығыс Қазақстан облысындағы дін саласындағы мәселелер жайында ой-бөлісудің сәті түсті. Енді білікті маманның тұшымды ойларына назар аударыңыздар. 

 

Ернат Қыдырмоллаұлы, Шығыс Қазақстан облысында қанша тіркелген діни бірлестіктер бар? Басқарманың олармен арадағы жұмысы жайында аз-кем айтып берсеңіз.

– Шығыс Қазақстан облысында тіркелген діни субъектілердің саны – 314. Олар 12 конфессиядан құралып, облыс аумағында 300-ден астам ғимараттарда өздерінің жұмысын жалғастыруда. Яғни әрбір діни бірлестіктің  жамағаттарымен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Бүгінгі таңда ШҚО Дін істері басқармасы олармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда. Кездесулер, спорттық шаралар, дөңгелек үстелдер өткізіп, өңірде дін саласына қатысты туындаған мәселелерді талқылап, ортақ шешімге келеміз.

Сонымен қатар 2018 жылдан бері діни бірлестіктерде Ашық есік күні өткізіліп келеді. Яғни облыс тұрғындары белгілі бір бірлестікке барып, оның қызметі, алға қойған мақсаты туралы біліп, қажетті ақпарат ала алады.

Қазір әлемде орын алған пандемияға байланысты кездесулердің барлығы онлайн режиміне ауысып, бірқатар өзгертулер енгізілді. Дегенмен дін мәселесіне қатысты қызығушылық өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бір мәселе туындап жатса, діни бірлестіктер басқарамаға немесе біздің орталыққа келіп, оны барынша қарастырып, оң шешімін табуға тырысамыз.

Осыдан біраз жыл бұрын ШҚО Дін істері жөніндегі басқарманың бастамасымен «Қазақстанның діни ағымдары» деп аталатын мобильді қосымша пайда болған еді. Жаңа технологияға сүйеніп жасалынған бұл қосымша облыстағы жастардың діни сауаттылығын қаншалықты кеңейтті?

– 2017 жылы «Қазақстанның діни ағымдары» деп аталатын мобильді қосымша іске қосылды. Мобильді қосымшаны қосудағы мақсат ел азаматтарына Қазақстандағы діни ағымдар жайында мол мағлұмат беру болды.

Мобильді қосымша кез келген адамды экстремистік бағыттағы діни ұйымдардың үгіт-насихатынан қорғауға септесті. Дегенмен әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінің ілгерілеуі нәтижесінде аталмыш мобильді қосымшаның бастапқы өзектілігі төмендеп, қолданушылар саны да азая бастады.

Бүгінде әрбір діни бірлестіктердің, ұйымдар мен басқармалардың жеке әлеуметтік парақшалары мен сайттары бар. Онда елімізде тіркелген діни ағымдар туралы және деструктивті діни ағымдардан өзін қалай сақтандыра білудің жолдары жайында ақпараттар қатары көп. Сондықтан мобильді қосымшаның әу бастағы маңыздылығы жоғалғандықтан, басқарма мамандары цифрландыру жүйесіне қатысты өзге жобаларды жүзеге асыруда.

Таяуда басқарманың ұйытқы болуымен Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандарына арналған онлайн-семинар өткенін естідік. Жалпы, мұндай семинар жергілікті жердегі мамандардың біліктілігін қаншалықты көтереді деп ойлайсыз?

– Жалпы, біздің орталықтың мамандарына танымдық және тақырыптық семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Өйткені біздің мамандар діни мәселені зерттеумен қатар, деструктивті діни ағымдардың құрбанына айналған азаматтармен тығыс байланыста жұмыс атқарады. Ол үшін жан-жақты маман болу маңызды.

Еліміздегі соңғы әлеуметтік, саяси жағдайлардан хабардар болып, кез келген жағдайға бейімделу бағытына қатысты тренингтер ұйымдастырып келеміз. Айта кету керек, орталықта төрт бөлім бар – әкімшілік, талдау және ақпараттық-түсіндіру бөлімі, деструктивті ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге кеңестік көмек көрсету бөлімі, интернет кеңістігіндегі блогерлік және қарсы насихаттық жұмысын мониторингілеу бөлімі.

Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауы мен нұсқаулығының нәтижесінде әр бөлімнің мамандарына арналған семинарлар өткізіліп тұрады.

Қазір барлық жұмысымыз онлайн режиміне ауысты. Бірақ бұл тақырып өзектілігі мен қатысушылар санына еш кедергі келтірген емес. Менің ойымша, сапалы мамандар – білімді мамандар. Заман ағымына сай бейімделген, жаңа технологияны меңгерген және психологиядан хабары бар мамандар орталықтың кәсіби беделін жоғарылатуға зор септігін тигізбек.

Ернат мырза, ШҚО Дін істері жөніндегі басқарма мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен арадағы жұмысы жайында аз-кем айта кетсеңіз?

– Облыстық Дін істері жөніндегі басқармасы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Семей және Өскемен аймағы бойынша филиалдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өйткені екі жақтың да мақсаты бір – еліміздің зайырлылығы туралы халық арасында кең насихат жүргізіп, адамдардың рухани білімділігін арттыру. Сонымен қатар қазіргі пандемия кезінде діни мекемелердің жұмысы, дін саласындағы шектеулер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз.

ҚМДБ Шығыс Қазақстан облысы бойынша бекіткен 4 теолог маман халықпен кездесулер жүргізіп, дін саласында туындаған өзекті сауалдарға жауап береді. Және діни мейрамдарды бірлесе өткізіп, конфессияаралық келісімге баса назар қоюда. Ол – Құрбан айт, пасха, Қазақстан халқының рухани келісім күнін бірлесе өткізу.

Айта кету керек, осы іспеттес мейрамдар ұлт пен ұлыстар арасындағы достықты нығайтып, Қазақстан біртұтас мемлекет екенін айшықтай түседі. Сонымен қатар мектеп түлектеріне облыс әкімі Даниал Ахметовтің исламтану, дінтану білімдерін тереңдетіп оқу үшін жыл сайын оқу гранты бөлінеді. Осы уақыт аралығында 9 мектеп түлегі Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алуда. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

– Облыс аумағында жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарды қалай анықтайсыздар? Олармен қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?

– Жат ағымның жетегінде кетіп, оны құрбанына айналған азаматтарды анықтаудың бірнеше жолы қарастырылған. Айта кетсек, біздің орталықта сенім телефоны жұмыс істейді. Оған деструктивті діни ағымның құрбаны атанған азаматтардың жақындары мен туыстары хабарласып, ақпарат бере алады. Сондай-ақ жергілікті діни мекемелерге мониторинг жұмысы жүргізіледі, яғни келушілер мен дін уағыздаушыларының жұмысы сараланады. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде де мониторинг жұмыс жүргізіліп, ҚР Заңымен рұқсат етілмен сайттар мен парақшаларын қолданушылардың тізімі жасалып, олармен жекелей жұмыс жүргізіледі.

Жат ағымның жетегінде кетіп, оның құрбаны атанған облыс тұрғындарымен психологиялық, мемлекеттік дін саласындағы заңның негізгі тармақтарын түсіндіру бойынша оңалту жұмыстары да қарастырылған. Оның және отбасында туындаған мәселелері болса, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе әлеуметтік көмек беру қарастырылған. Яғни жұмысқа орналастыру, тұрғын үй кезегіне қою, әлеуметтік төлемдер бойынша ақпарат беру.

Біздің орталықтың басты міндеті – зайырлылық принциптерін сақтай отырып, азаматтарды деструктивті діни ағымдар мен эстремистік топтардың қатарына түспеуінің алдын алу және олардың құрбандарына кеңестік көмек беру. Жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен психологтар, теологтар жұмыс істеп, қалыпты өмірге бейімделуіне нұсқау береді. Әрине, бұл бір күннің жұмысы емес, ол – кешенді жұмыс. Жекелей, отбасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша көмек пен қолдау көрсетуге әзір.

Сұхбаттасқан Әсем ЖЫЛҚЫШЕВА

Рекомендовать
Последние новости