Ермек Нарымбаев: "Қазақстанда мұнан әрі өмір сүру мүмкін болмады"

Dalanews 15 июл. 2016 16:53 1066



Киевке барған қазақстандық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Мөлдір Адилова «отанымызда саяси құқықтарымыз шектелді» деп мәлімдеді.






Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлап отыр.

Қазақстандық азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Мөлдір Адилова бүгін Украина астанасы Киев қаласында баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз жиынын жүргізіп отырған азамат, өзі де бұған дейін Қазақстаннан Украинаға кетіп қалған қоғамдық белсенді Айдос Садықов оларды «тұтқындалу қаупі туған соң отандарынан кеткен адамдар» деп таныстырды.

[caption id="attachment_17576" align="alignright" width="987"]Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Айдос Садықов және баспасөз мәслихатында. Киев, 15 шілде 2016 жыл. Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Айдос Садықов және баспасөз мәслихатында. Киев, 15 шілде 2016 жыл.[/caption]

«САЯСИ ҚҰҚЫҚТАРЫМЫЗ ШЕКТЕЛДІ»

Ермек Нарымбаев сәуір айынан бастап Қазақстанның бірнеше қаласында жерге қатысты митингілер өткен соң өзінің қуғын көре бастағанын мәдімдеді. «Қорғалу құқығы бар куәгер» статусын алып, «кез-келген сәтті айыпталушыға айналу қаупіне іліккенін» айтқан белсенді соңғы кездері үнемі аңдуда болғанын баяндады.

– Маған сот үкімі бойынша шетелге кетуіме тыйым салынған. Кейбіреулер ойлағандай, билікпен қандай да бір келісімге келгеніміз жоқ. Соңымыздан аңдыған қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ауысып, сәл қаперсіз қалатын демалыс сәтте қашып шықтық. Көршілес елдің бірінің шекарасынан заңсыз өттік, – деді ол.

Биыл ақпан айында үш жылға шартты жазаға кесілген Ермек Нарымбаев Украинаға қашу себебін «Қазақстанда мұнан әрі өмір сүру мүмкін болмағанымен» түсіндіреді.

– Қазақстан конституциясында кепілдік берілген саяси құқықтарымды талап еткенім үшін бірнеше рет қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылдым. Тіпті жақында мені террористер қатарына қосып қойды. Сөйтіп банктен өзіме тиесілі қаражатты алу мүмкіндігінен айырды. Сот шешімі бойынша маған бес жылға дейін қоғамдық жұмыспен шұғылдануға да тыйым салынды, – дейді ол.

Ермек Нарымбаевтың Украинаға кетуін Қазақстандағы қоғамдық белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары түрліше қабылдаған. Кейбірі оның бұл шешімін қолдамаса, кейбірі «амалсыздан жасалған қадам» деп есептейтінін білдірген.

Саясаттанушы Айдос Сарым Facebook желісінде «эмиграцияға адам мәжбүрліктен кететінін, бірақ онда өмір сүру де оңай емес екенін» айтады. Ол «бұл қадамның Ермек Нарымбаев үшін саяси, құқықтық салдары болуы мүмкін» екенін айтады.

Анықтама

Ермек Нарымбаев 2000-2001 жылдары Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген.

Қазақ-өзбек шекарасын демаркациялаудан кейін Өзбекстанға берілетін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс пен Түркістан ауылдарын қорғау жөнінде жастар қоғамдық комитетін құрған. 2009 жылы «Арман» қозғалысын құрып, ипотекалық несие алушылар құқығын қорғаумен көзге түскен.

Нарымбаев биыл қаңтарда қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша («әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыру») айыпталған. Ол тағы бір белсенді Серікжан Мәмбеталин екеуі әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіргені үшін айыпты болған.

Апелляциялық сот Нарымбаевтың тергеу абақтысында өткізген уақытын ескеріп, оның сот кескен жаза мерзімін жеңілдетіп, үш жылға бас бостандығын шектеген.



Рекомендовать
Последние новости