Ермегияев соты қалай өтеді?

Dalanews 17 мар. 2016 22:39 1131

ЭКСПО-ның экс-төрағасы Талғат Ермегияевтің соты бүгін басталады. Жемқорлық  фактісі бойынша қамауға алынып, тергеуде отырған оған және оның командасына тағылған айыптың тергеу мерзімі мен тергеу материалдарымен танысуға ұзақ уақыт кетті. Ермегияевке «халықаралық көрме құрылысына бөлінген 4 миллиард 200 миллион теңгені ұрлады» деген айып тағылған. Күдікке ілінгендер қазірше өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

dc4f9efad31721576c10dc11003Ермегияев әулеті

Ермегияев туралы бүкіл жұртшылық 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада кезінде кеңірек білді. Оның әкесі, белгілі меценат, биліктің әр сатысында қызмет еткен, «Алматықұрылыс» компаниясын ұзақ жылдар басқарған, «Отан» партиясын құрушылардың бірі (қазіргі «Нұр Отан»), саяси әрі іскерлік әлемде аты елге танымал Амангелді Ермегияев жайында бүкіл ел жақсы біледі. Оның бастамашыл, халықшыл көзқарастары мен қазақы құндылықтарға демеуші бола білген пайымдылығы жөнінде ақпарат құралдары жиі жазып жүрді. Аламан айтыстарда жиі төбе көрсетіп, Жүрсін Ерманның жүйріктеріне таалй темір тұлпарды мінгізгеннің бірі осы – Ермегияев.

Ал Талғат Ермегияевті Лондон олимпиадасы кезіндегі Қазақстан құрамасының ерен жетістігімен бірге танып, бүкіл ел жас та іскер басшының болашағына үлкен үмітпен қарады. Әнұранымыз Лондон төрінде жеті рет шырқалған сәт – біз үшін әлі де айрықша мерей. Мұндай жетістікке жетудің бір сыры – спортшылардың үздіксіз дайындығы, қажыр-қайраты болса, екіншісі – басшылық қызметкерлердің тынымсыз еңбегі еді.

[caption id="attachment_14255" align="alignright" width="300"]1434619177_ermegiyaev190412 Амангелді Ермегияев[/caption]

Сол кезде БАҚ-тарда Талғат Ермегияевтің жарқын бейнесі сомдалып, оның әулеті туралы, ол өскен орта жайлы жылы пікірлер айтыла бастаған. Әсіресе, жастайынан зерек, қағылез, ұлтжанды, айналасына сенімді серіктерін топтастыра білетін, қандай шаруа болса да топ бастауға бейім екенін айтып, болашақта бұдан да зор биіктерге жетеріне сенім артқан. Көп өтпей ЭКСПО-ның төрағалығына сайланды.

Кланаралық қақтығыс па?

Көпшіліктің пікірі, әсіресе жоғарғы саяси элитаның арасындағы шым-шытырық байланысты жақсы білетін адамдардың айтуынша, соңғы жылдары қамалған ірі шенеуніктердің бәрі кланаралық қақтығыстардың құрбаны. Бұған күні кеше 8 жылға бас бостандығынан айырылған экс-премьер-министр Серік Ахметовтің ісін дәлелге тартады. Көптеген саясаттанушылар бұл істе ірі саяси кландардың арасындағы «үлкен кісінің» маңына топтасып, сеніміне кіру» процесінің қитұрқы әрекеті деп бағалайды.

Талғат Ермегияев те солар секілді ірі қаржыгерлердің толайым ақша үшін таласының кесірінен зардап шекті деген пікір бар.

Мұның себебі де жоқ емес. ЭКСПО – ел экономикасының негізгі қайнарын бұрып отырған жоба. Оған бөлінетін қаржының қомақтылығы соншалық, бұған бүкіл қаржылық топтар араласуға мүдделі. Тіпті, ЭКСПО ғимараттары салынып жатқан аймақ, оның инфрақұрылымдары жүретін жер, оған кететін әрбір құрылыс материалдары үшін қызу талас қазірдің өзінде тоқтаған жоқ, әлі де талай былықтың беті ашылады дейді білетіндер.

Кейбіреулер Ермегияев командасы өзінің үлесін алып, сырттан бақылап отыруға ниетті аса ықпалды адамдарды ішке енгізбеген, сол үшін аяқтан шалуды олар алдын ала жоспарлаған деп қарайды. Мұның салдары – ЭКСПО ісі бойынша тергеуге алып келді. Бұл ұзаққа созылған процесс туралы алдағы сот кезінде талай қитұрқы әрекеттер болуы мүмкін.

Ермегияев кешірім сұрай ма?

Байқасаңыздар, Ахметов пен Ермегияев ісінің арасында бір ұқсастық бар. Екеуі де – ірі шенеунік, екеуі де – іскерлігімен елге танылған, билікке келмей тұрып-ақ өзіндік дәулетін еселеген жандар. Оларды билікке шақырмаса да, қоғамда белгілі кәсіпкерлер ретінде талай шаруаның басын қайырар еді. Біздегі биліктің кемшілігі – іскер азаматтарды шенеуніктік қызметке шақырып, кейін оларды кландар арасындағы соғысқа айдап салатындықтары.

«Серік Ахметов ақталар» деген үміт селге кетті. Ол бірнеше рет ел Президентінен кешірім сұрап, қатты өкінетіндігін білдірді. Бірақ, жүйе босаған жоқ.

Ермегияев ше? Оның ұзақ уақытқа созылған тергеу және тергеу материалдарымен танысу барысынан-ақ бұл істің күрмеуі оңай тарқамайтыны белгілі сыңайлы.

Енді Ермегияев те кешірім сұраса... не болады? Біздіңше, солай еткен жағдайда Президент оған тағы бір мүмкіндік беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды сарапшылар. Себебі, Ермегияев ісі Ахметов ісіндей саяси сипатқа жатпайды. Бұл жерде таза экономикалық мүдде бар. Егер «ірі шонжарлардың» көңілін таба алса, араағайындық жұмыстары дұрыс бағытта жүрсе, күні ертең босап шығуы мүмкін. Әрине, мемлекеттің қаржысын толықтай қайтартуы, саяси карьерасын шектеуі әбден мүмкін.

652714e29eec5a07d410acc75803a87dПрезидент бұрынғы жолдастарын ескере ме?

Ахметов те, Ермегияев те – Президент командасының мүшелері. Олар осы жүйенің төл туындысы. Мәнсапқа осы жүйе жеткізген әрі оларды қалыптастырған да осы жүйенің ішкі «тәжірибесі».

Біз Амангелді Ермегияев туралы жоғарыда айттық. «Отан» партиясын құрушы әрі сол партияны мемлекетшіл қосын ретінде саяси бағытын анықтаушы тұлға. Президент Назарбаев осы партияның құрамына өтіп, Төрағасы болған кез де – Амангелді Ермегияевтің партия басшылығында жүрген кезі.

Бүгін «Нұр Отан» – елдегі саяси жүйені қолында ұстап отырған бірден-бір саяси ұйым. Билік партиясының бүгінгі жетістігіне Амангелді Ермегияевтің қосқан үлесі зор. Ендеше, өзге-өзге, Президент бұрынғы сенімді адамдарының бәрін ысырып тастауы неғайбыл.

Неде болса, анық-қанығын алдағы сотта білетін боламыз. Кейбір дерек көздері Ермегияев ісіне аса белсенділікпен кірісіп, қалайда оны осы шырғалаңға толы науқан арқылы босатпауға құлшынып отырған бір емес, бірнеше топ бар деп болжанады.

Әрине, бәрін бір адам – жалғыз қамқоршы шешеді...

 

Рекомендовать
Последние новости