Ермак неге батыр, Кенесары неге "қарақшы"?

Dalanews 13 мая 2019 12:18 1026

Ол 1979 жылы бостандыққа шыққасын өзінің және туыстарының балаларын аттарын сол жылдары-ақ Абылайхан, Қасымхан, Кенесары, Наурызбай деп қоюдан қорықпайды.

 «1981 жылы «Қазақстанның Ресей империясына өз еркімен қосылуына 250 жыл толады», - деп, екі елдің тарихшылар, жазушылары жарыса мыңдаған мақала, кітап жазып әлек болған 1970 жылдардың ортасында тек Хасен Қожа-Ахмет ғана «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы» атты мақаласында ешқандай «өз еркімен қосылудың» болмағанын,  Қазақстан, Қапқаз, Сібір, Орта Азияны Ресейдің басқыншылықпен отарлап алғанын тарихи деректермен дәлелдеп жазды.

Қожа-Ахметтің 1970 жылдардағы саяси шығармаларына талдау жасаған тарихшы Қ. Атабаев:

«Бір ғана Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Талайлап ғылым атақ-дәрежеге ие болды...

Бірақ, уақыт шындықты тарихшы «ғалымдардың» емес, Қожа-Ахметтің жазғандығын толық дәлелдеп берді. Тек Хасен ғылыми емес, «аса қауіпті мемлекеттік қылмыскер» деген атақ алып түрмеге түсті.


Енді, бүгінгі күні кәсіби тарихшылардың бәрі дерлік Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағанын айтып, дәлелдеп келтіруде.

Тек сол шындықты бұдан 30 жыл бұрын, яғни коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған шағында Хасеннің айтқанын естен шығарып жүр. Оның еңбектеріне сілтеме жасауға да бір күш жібермейтіндей», – дейді.

Әйгілі Кенесарының есіміне Кеңес уақытында «тыйым» салынғаны белгілі.  1973 жылы Хасен Қожа-Ахмет:

«Сырым батыр, Исатай-Махамбеттер, Кенесары-Наурызбай шіркін, ерлер! «Езгіге қазақ елін бермейміз» деп, Бізге үлгі боларлық қылған істер», - деп жазып, замандастарына «Осынау батырлар ісінен үлгі алып, отаршылдыққа қарсы көтеріліске шығалық!», - деген ой айтады.

«Бұратана» халықтарды қырып-жойып, орыстарға «қосқаны» үшін Ермак, Хабаров т.б. жендеттер «орыс халқының ұлттық батыры» атанып, жаулап алған жерлерінде оларға ескерткіштер қойылып, қалалар солардың есімімен аталынады, ал халқын орыс отаршылдарынан қорғамақ болмақ, тәуелсіз ел болуға шақырған Украина гетманы Мазепа, қазақ халқының батырлары: Сырым, Кенесары, Наурызбайлар «қарақшы» атанды. Осыдан-ақ орыс саясатының қаншалықты «әділ» екендігін білуге болады», – дейді ол 1974 жылы.

1977 жылы тұтқындалып, КГБ-нің түрмесіне қамалғанда:

«Енді бұл жерден тірі шығармас», - деп ойлаған Хасен «Тар заман» атты өлең жазып, хатын тергеушілердің оқитынын біле тұра:

«Азды-көпті іс қылдым «Ау, халқым!» деп, Сырым, Кене аруағы риза болсын», - дейді қамауда жатса да батыр бабаларын атаудан қаймықпай.

1979 жылы бостандыққа шыққасын өзінің және туыстарының балаларын аттарын сол жылдары-ақ Абылайхан, Қасымхан, Кенесары, Наурызбай деп қоюдан қорықпайды.


Парламент депутаты, сенатор Сабыр Қасымов «Слово о Хасене» деген мақаласында:

«Еще в начале 70-х годов, в обстановке политического и идеологического диктата Москвы только Хасен смог открыто выступить против тотальной колонизации и русификации...

Только Хасен в те годы открыто призвал народ к борьбе за государственную независимость Казахстана.

Мне всегда горько и стыдно за нас, когда на торжество по случаю «Дня независимости Казахстана» и других государственных праздников не приглашают Хасена Қожа-Ахмета. Я верю, что следующее поколение патриотов Казахстана будут учиться у него и брат пример...»,  – дейді.

Ержүректілікпен қатар, Хасенде даулы мәселені бір-ақ ауыз бұлтартпас уәжімен шешетін қасиет те бар.

Желтоқсан көтерілісіне байланысты мына екі мысал соның дәлелі:

1993 жылы Хасен Ақтөбе облысында сотталған үш жігіттің ақтау туралы арыздарын Конститутциялық сотқа әкеліп тапсырады.

Бірнеше күннен кейін нәтижені білмекке келген Хасенге Конститутциялық соттық судьялары:

«Хасеке, ақтөбелік жігіттердің «Қылмыстық істерін» алдыртып, танысқан едік, олар Желтоқсан көтерілісі кезінде үй қабырғаларына бояумен «Бейте, убив...е русских!», - деп жазғандары үшін сотталған екен.

Оларды ақтау туралы мәселе көтерсек, біздегі орыс судьялары қарсы болары анық. Не істейміз?», дейді.

Сонда Хасен көп ойланбастан: «Оған несіне қиналасыздар? Желтоқсан көтерілісіне қатысты репрессияланғандарға Қазақстан президентінің 12.12.1991 жылғы жарлығында «Милиция қызметкерлерінің, сондай-ақ жасақшылардың өміріне қастандық жасаған азаматтардан өзгесі түгелдей ақталсын!» делінген ғой. Бәлен-түген сөздер жазғандан ақталмасын деп жарлықта жазылмаған.

Сондықтан: «Әлгіндей қызметкерлердің өміріне қастандық жасамағандықтан Президент жарлығына сәйкес ақталсын» демейсіздер ме, дегенде, сот жігіттер «Туу, бұл тіпті де ойымызға келмепті-ау!», деп артынша әлгі үш ақтөбелік желтоқсандықтарды толық ақтау туралы Жоғарғы сотқа тиісті құжаттарды дайындапты.

1990 жылы 16 мамырда «Желтоқсан» ұйымы мүшелері қазақ тарихында тұңғыш рет саяси аштық жариялап, түрмеген қалған төрт желтоқсандықты босатуды талап еткені естеріңізде болар. Аштықтың төртінші күні Үкімет үйін қоршап алған халықтан сескенген билік депутаттардан топ құрып, желтоқсандықтармен келіссөз жүргізеді.

Бір кезде депутаттық топ басшысы Заманбек Нұрқаділов:

«Жігіттер, қоғамда заң бар емес пе, «Түрмеден тез арада босатып беріңдер!» деген талаптарың заңға қайшы ғой, істі қайтадан қарап, шешім шығару үшін Жоғарғы сотқа 40 күні мұрсат беріңдер», -дегенде, алдында бір сағат бойы айтар талап, дәлелдерін айтып болған желтоқсандықтар мен оларды қолдаушылар үнсіз қалған еді.

Кенет Хасен Қожа-Ахмет:

«Бізді 1986 жылы жедел түрде топырлатып соттағанда Заң қайда қалып еді? Желтоқсандықтарды қалай заңды бұза оытырып жылдам соттаған болса, дәл солай заңды бұзып жылдам босатуға тиіссіздер!», - деп уәж айтады.


Сөзге тоқтаған комиссия басшысы:

«Жарайды, мен сөздеріңді жеткізейін», - деп жүріп жатқан Жоғарғы Кеңес жиынына мәлімдеуге кетеді.

Ертесінде-ақ түрмедегі екі жігітті жедел босату, қалған екеуінің жаза мерзімдерін азайту туралы үкімет бұйрығы желтоқсандықтардың қолына беріледі.

Бұл туралы Роза Спанов «Біз білетін Желтоқсан» деген кітабында жазыпты.

Бүгін, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде өз халқымыздың тарихын «ақтаңдақсыз» жазу, осындай мәліметтерді мемлекет игілігіне жарату білу – үкімет біліктілігінің, тарихшы ғалымдарымыздың кәсіби парызына адалдығы деңгейінің өлшемі болуы тиіс.

Қуан АҚОРДАҰЛЫ


2006 ж.


Рекомендовать
Последние новости