Ерлан Қарин көпшілік жақтыра бермейтін мәселе жайлы сөз қозғады

Сағыныш Сардарова 29 апр. 2024 17:09 16042

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елдегі бірқатар маңызды мәселеге қатысты ұстанымын айтты. Ол қоғамда Елтаңбаны ауыстыру тақырыбына қатысты қате түсінік қалыптасып жатқанын, сондай-ақ, өңірлерде рушылдықтың көріністері байқалатынын жеткізді. Сонымен қатар, ғылым саласында қандай өзгерістер барын баяндады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ерлан Қарин Қазақстанда рушылдық мәселесі әлі күнге бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл тіпті ішінара партиялар арасынан да көрінеді.

"Өкінішке орай, руға бөлінушілік тек мәдени фактор емес, сонымен қатар, қоғамдыққа да (факторға - еск.) айналғаны рас. Кейбір өңірлерде ол қатты байқалады. Біз оны айтқымыз келмейді. Қазақы ортаға шығып айтсаң, көп адам жақтырмайды. Бірақ оны айтуымыз керек. Бір кездері басылған сияқты болып көрініп еді. Бірақ, өкінішке орай, бұл әлеуметтік құбылыс әлі де бар. Кейбір кезде қатты көрініс тауып, байқалып жүр.

...Бізге аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламент пен Мәслихаттың біршама депутаты партиялық тізімнен басқа, сонымен қатар, бір мандатты округтерден сайланатын болды. "Депутаттарды халық тікелей өзі сайласа екен" деп сарапшылардың айтып жүргені. Бірақ саяси практикада, өкінішке орай, барлық жерде деп айтпаймын, бірқатар өңірде саяси партиялардың арасында бәсекелестікке емес, рулардың арасындағы бәсекелестікке ұласып кетті. Сондықтан бұл проблема бар", - деді Қарин "Jibek Joly" TV-ға сұхбатында.

Президент кейінгі мәлімдемелерінің бірінде атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейгенін ашық сынады. Ал Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, бір ауылдарда 50 көшеге жеке тұлғалардың есімі берілген.

"Қазір ономастика саласын реттеп жатырмыз. Кейбір ономастикалық комиссиялардың функцияларын орталыққа беріп жатырмыз. Себебі жергілікті жердегі көше, елді мекен атауларын берген кезде әрқайсы өз аталарының құрметіне талпынады. Көшелердің атауларын берген кезде кілең сондай әрекеттер. ...Айталық, бір ауылда 50 көшенің атын ауыстыратын болып жатса, барлығы да жеке тұлғаның атында. Тек бізде ғана сондай әдет. ...Екіншіден, ескерткіш салу. Ол да бір проблема. Барлығы өздерінің аталарының құрметтеріне ескерткіш орнатуға тырысады. Сол ғой, біздің ескерткіштер еліне айналып бара жатқанымыз", - деді мемлекеттік кеңесші.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдан кейін Елтаңба төңірегінде қызу пікірталас басталып кетті. Көпшілік қазір Елтаңбаны ауыстыру бірінші кезектегі жұмыс емес екенін айтты. Бұл тұста мемлекет кеңесші Президенттің бұл сөзін кейбіреулер дұрыс түсінбегенін жеткізді.

"Ең алдымен бұл жерде дұрыстап айтып өту керек. Бұл Президенттің ұсынысы емес. Президент өз сөзінде былай деп айтты: "Елтаңбаны ауыстыруға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Егер де қажет деп есептелсе, комиссия құрылуы керек, талқылауы керек. Егер де, шынымен де, қажеттілік болса, онда байқау жариялау керек". Яғни егер де қоғам тарапынан бұл жөнінде пікір қалыптасатын болса, мұны ашық талқылау қажеттігі жөнінде айтылды. Яғни Президент Елтаңбаны міндетті түрде ауыстыру керек деген пікір айтқан жоқ. Көбі мәлімдемелерді дұрыс қарамайды, оқымайды, дұрыс тыңдамайды.

...Оны оған дейін қоғам белсенділері, ұйымдар көтерген болатын, зерттеулер жасалған болатын. ...Ешкім де барлық мәселені ысырып қойып, тек осы Елтаңбаны ауыстырумен айналысып жатқан жоқ. Атырауда құрылтай өткеннен бері біршама уақыт өтті. Ешқандай арнайы шешім, құжат қабылданған жоқ. Билік тарапынан арнайы жасалып отырған жұмыс емес. Бұл қоғамдағы пікірталастардың бір көрінісі ғана", - деді ол.

Қазір өңірлерде болып жатқан төтенше жағдай - су тасқыны жұртты есеңгіретіп тастады. Ерлан Қарин мұның түбірінде үлкен мәселе тұрғанын айтты. Әрине, алғашқысы - жылдар бойы шешуін таппаған мәселелер. Екіншісі - ғылыми көзқарас жетіспеуі. 

"Табиғи апаттар ондаған жыл бойы қордаланған мәселелердің бетін ашып жатыр. Президент бірнеше сөзінде табиғи апаттарды болжауға болар еді деп айтқан еді. Болжау үшін ғылыми жұмысты бір жүйеге келтіру керек еді. Кезінде ғылыми институттар мемлекеттің назарынан тыс қалып қалды, оларға тиісті қаржы бөлінбеді. Кейбір институттар жабылып қалды.

90-шы жылдары, 2000-шы жылдардың басында қалыптасқан жағдай себебінен ғылым жүйесінен 40 мың ғалым кетіп қалған. Саудаға кетті, басқа кәсіппен айналысып кетті. 40 мың ғалымнан айрылып қалдық. Кез келген ғылым тұрақты, жүйелі, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жұмысқа негізделеді. Сондықтан үлкен базадан айрылып қалдық. Соның ішінде су саласы болсын, басқа да салалар болсын.

Қазір мемлекет осы мәселемен шұғылданып, қайтадан осы жүйені қалыптастырды. Ғылым академиясы құрылды, Президент жанынан ғылымды дамыту бойынша арнайы ұлттық кеңес құрылды. Ішінде аға буын өкілдері де, жас буын ғалымдар да бар. Соңғы 2 жылдың ішінде ғалымдардың саны 1,5 есеге өсті, айлықтары да өсіп жатыр", - деді Қарин.


Рекомендовать
Последние новости