Ерлан Біләл қызметінен уақытша шеттетілді

Dalanews 17 янв. 2018 09:23 963

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директоры Ерлан Біләлдің ісі сотқа түсті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Ерлан Біләлға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған іс Алматы қаласының Алмалы аудандық сотына түсті", – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметіндегілер.
Соттың мәліметінше, Ерлан Біләл "Сезам" қоғам қайырымдылық-шығармашылық қорының жетекшісінен 2017 жылдың 23 желтоқсанынан 2018 жылдың 7 қаңтары аралығында бірлескен театр қойылымдары жайлы құжатқа қол қойдыру үшін 900 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Осыған дейін Ерлан Біләлдің 1 205 000 теңге кепілмен босатылғаны хабарланған еді.

"2018 жылдың 9 қаңтарында Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотының тергеу судьясы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілге алу туралы шешім шығарды. 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепіл төленді", - деген еді соттағылар.

Еске сала кетейік, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл 5 қаңтарда  1,5 миллион теңге парамен ұсталған болатын. "Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Алматыда Жаңа жыл кезінде балаларға қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", – деп хабарлаған еді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин. Ал 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған болатын.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Біләлов Ерлан Әбділдаұлы 2018 жылдың 4 қаңтарында істің мән-жайы анықталғанша қызметінен шеттетілді. Шеттетілген уақытта міндетті директордың шығармашылық іс бойынша орынбасары Жандарбек Алайдарұлы атқарады", – делінген еді министрлік хабарламасында.

 

 

https://dalanews.kz/33294

Рекомендовать
Последние новости