Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және "Жеңіс" спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжат мектеп спортын дамыту бағытында тараптардың тұрақты өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруды көздейді.
Қазақстанда дзюдо спорты тұрақты дамып келеді. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы тарихи алтын жүлдесінен кейін бұл спорт түріне деген қызығушылық едәуір артты. Қазір елімізде дзюдомен шамамен 90 мың адам айналысады, ал спортшыларды даярлаумен 1300-ге жуық жаттықтырушы айналысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылдан бастап еліміздің 217 мектебінде дзюдо секциялық бағытта енгізіледі. Бұл бағытта Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) оқушыларға арналған арнайы жеңілдетілген бағдарлама ұсынған.
Алдағы үш жылда дзюдоны мың мектепке енгізу жоспарланып отыр. Басымдық ауыл мектептеріне беріледі. Бағдарлама аясында бапкерлерді даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді.
