«Еңбек» бағдарламасы жетісулықтардың бизнес бастауына ықпал етуде

Dalanews 19 мая 2021 15:50 1109

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы жаңа бизнес бастамаларға мүмкіндік ашуда. Мемлекеттік қолдау шараларына Алматы облысының тұрғындары белсене қатысып келеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде биылғы жылы 3,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында шағын несие алған және грант ұтып алғандар арасында қапшағайлықтар да бар. Бүгінде Қапшағайдың 30-дан астам тұрғыны осындай көмекке қол жеткізіп, кәсібін бастаған.

Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде 30 адам мемлекеттік грант пен 3 адам шағын кредит алды. Соның ішінде 5-еуі көп балалы және аз қамтылған отбасы, 11-і – 29 жасқа дейінгі жастар, 2 адам – мүмкіндігі шектеулі жан, 12 грант иегері – басқа да санаттағы азаматтар.

Солардың қатарында кондитерлік өнерге бұрыннан бейімі бар, түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, машығын жетілдірген қапшағайлық 25 жасар ана Гүлнұр Задаш да бар. Ол осы «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алды. Кондитерлік іске керекті құрал-жарақтарын, ас үй комбайнын сатып алған.

– Менің кішкентай балам бар. Сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеген қолайлы. Мемлекеттің қолдауымен кондитерлік істі бастау арқылы мен соған қол жеткіздім. «Бастау Бизнес» курсында бізді бизнесті бастау, дамыту және нәтижесін көру, айналымдағы ақшаны есептеу сияқты кәсіпкерлік негіздеріне үйретті. Қазір кондитерлер өте көп, бәселестік те үлкен. Сондықтан үнемі өз шеберлігіңді жетілдіріп, дамытып отыруың керек, – дейді Г.Задаш.


Жас кәсіпкердің торттары, рулеттері және басқа да кондитерлік өнімдері Қапшағайдағы «Семерка» дүкенінде тұрақты саудаланады.

Сол сияқты «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеясын іске асырған қапшағайлық Мадина Құлжабаева да «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алды. Соның негізінде «Халыққа цифрлық қызмет көрсету салонын ұйымдастыру» бағытында өз жобасын қорғап, 555 600 теңге грант иеленді. М. Құлжабаева осы қаражатқа ісін бастауға қажетті ноутбук, принтер, үстел, орындықтар сатып алды. Қазіргі таңда Қапшағай қаласында «Сандық қызметтер салонын» ашып, халыққа қызмет көрсетуде.

– Қазір цифрлық дәуір. Сондықтан заманның сұранысын зерттей келе, мен халыққа цифрлық жағынан қызмет көрсету тиімді деп шештім. Осы қызметке жүгінетін тұрғындар баршылық. Ісім ақырындап алға басып келеді, – дейді М.Құлжабаева.

Атап өтсек, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие және несиелер мен шағын несиелерді кепілдендіруді ұлғайту міндетін жүзеге асыру үшін Алматы облысында 2021 жылы 3 319,2 млн теңге қарастырылды, соның 239,2 млн теңгесі қалалар мен моноқалаларға, ал 3080,0 млн теңге ауылдық жерлерге шағын ниеселерге бөлінді. Өткен жылы бағдарлама аясында 4791,3 млн. теңге сомасына 1104 шағын несие беріліп, 1525 жұмыс орны құрылған.

Еске салсақ, 2021 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Алматы облысында 123 290 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,6% ұлғайған. Шағын және орта бизнесте 263,6 мың еңбек етеді.

Рекомендовать
Последние новости