Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр бұл біржақты шешілетін оңай мәселе емес екенін атап өтті. Өйткені экономикалық теорияларда оған қатысты түрлі көзқарас бар.
“Әрине, ең төменгі жалақыны көтеру қажет. Бірақ бұл қадам біртіндеп, өте сақтықпен жүзеге асырылуы тиіс. Экономика – бұл тек нақты сандар емес, түрлі теориялар мен болжамдарға сүйенетін ғылым. Мұндай қадам инфляциямен де тығыз байланысты. Себебі жалақыны өсіру – бір жағынан, өндіріс шығындарының артуы”, – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл өзгеріс тұтынушылық секторға да әсер етеді.
“Бұл қосымша қаражат айналымға түсіп, келесі күні-ақ ішкі сұраныс пен инфляцияға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұндай қадамдарға өте мұқият, есеппен қараған жөн. Ұзақмерзімді перспективада нақты тәуелділік болмаса да, түрлі экономикалық мектептер арасында бұл мәселе төңірегінде ортақ пікірлер бар”, – деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды.