Елтаңбаны өзгертуді талқыламас бұрын, қаржылық шығынын анықтап алу қажет - депутат

Азамат Қойшығара 03 апр. 2024 20:55 1982

«Хабар» арнасының «Талқы» бағдарламасы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 70 пайызы Елтаңбаны ауыстыруға қарсылық танытқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал жоба қонағы Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілдің пайымынша, мемлекеттік рәмізді ауыстыру үшін алдымен оның шығынын есептеп алуымыз керек.

«Мен осы мәселе жөнінде депутаттық сауал жолдағанмын. Бұл орайда, ауыстыруды қолдайтындардың ғана емес, оға қарсы шыққандардың да аргументті пікірлері назарға алыну қажеттігін алға тарттым. Бұл – бірінші. Екінші, Елтаңбаны өзгертуге қарсы шығып жатқан эксперттердің дені қаржылық шығынды қозғайды. Сондықтан біз Үкіметке осы талапты қойдық. Нақты шығынды анықтап алу қажет. Сонда ғана осындай талқылауды бастауға болады», - деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, қаржы шығынын анықтап алған соң, өзгертеміз бе, өзгертпейміз бе деген сауалды талқылаймыз. Егер өзгерту керек деп шешсек қана, жаңа Елтаңбаның нобайы қандай болу қажеттігіне қатысты ұсыныстарымызды білдіре аламыз.

«Негізі, қазіргі Елтаңбаны шикі деп айтуға болмайды. Тек мұндағы композиция Кеңес заманынан қалған. 1992 жылы Жандарбек ағамыз кеңестік Гербтің элементтерін өзгертіп, жалпы композициясын қалдырды. Бұл бізге ғана тән дүние емес, КСРО құрамында болған барлық мемлекетте сондай. Мысалы, ондағы қанаттардың орнына бидайдың масағын қойдық, балға мен орақтың орнына шаңырақты ілдік, күнді көтеріп, кереге қылдық, жұлдызды сол күйі қалдырдық. Мұны шикілік деуге болмайды, сол кезден қалған геральдикалық дәстүр», - деді депутат.

Ал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Тойбектің сөзінше, тәуелсіздік алғаннан кейін 294 үміткер Елтаңбаның ішінен таңдап алынған осы рәмізіміз жарқырап тұра бергені дұрыс.

«Бұл Елтаңбада біздің ұлтымыз үшін қасиетті дүниелер көрініс тапқан. Мысалы, шаңырақтың өзі елімізде қоныс тепкен ондаған ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астына ұйысқанын білдіреді. Қанатты пырақ Сақ заманынан сыр тартады, тарихымыздың тереңде екенін айшықтайды. Мұны шетелдіктер танымаса, біз танытайық, насихаттайық. Ал еліміздің шежіресін білген адам мұны тез түсінеді. Жұлдызды Кеңес заманына теліп жүргендер бар, мұндай жұлдызды АҚШ, Түркия сияқты алдыңғы қатарлы елдердің туынан да көреміз. Бұл ықылым заманнан бар», - деп түсіндірді спикер.

Оның пайымына қарағанда, Елтаңбаны өзгерту туралы бастама көтеріп жүрген жастар еліміздің кешегісін білмейді, өткенін танымайды.


Рекомендовать
Последние новости