Қазақстанда тек күнкөріс деңгейінен емес, азық-түлік себетінің құнынан да төмен табыс алатын отбасылар бар. Мұндай отбасылар саны – 3 мың. Бұл көрсеткіш бір жылда 14,5%-ға өскен. Осы үй шаруашылықтарында тұратын адамдар саны 7,7%-ға өсіп, 16,4 мың адамға жеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл деректерді Finprom.kz сарапшылары алға тартып отыр.
Осындай өте төмен табысы бар отбасылар еліміздің тек алты өңірінде тіркелген:
- Қарағанды облысы – 898 отбасы, оларда 6,3 мың адам тұрады.
- Шымкент қаласы - 752 отбасы, 3 мың адам;
- Жетісу облысы - 469 отбасы, оларда 2,3 мың адам тұрады.
Сонымен қатар, осындай отбасылар Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында да бар.
"Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың көбі бес немесе одан көп адамнан тұратын отбасыларда өмір сүреді. Мұндай адамдардың жалпы саны – 788,1 мың, өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға ғана азайған. Сонымен қатар, төрт адамнан тұратын отбасыларда 86,5 мың адам, үш адамнан тұратын отбасыларда – 40,4 мың, екі адамнан тұратын отбасыларда – 7 мың және жалғыз тұратын отбасыларда – 2,4 мың адам бар. Ал табысы азық-түлік себетінен де төмен отбасыларда 11,6 мың адам бес немесе одан көп адам тұратын үйлерде, тағы 4,9 мың адам төрт адамнан тұратын шаңырақта тұрып жатыр", делінген сараптамада.
2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 160,4 мың үй шаруашылығы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,1%-ға аз. Осы отбасыларда тұратын адамдардың саны бір жылда 0,4%-ға азайып, былтырғы 928,1 мыңнан биыл 924,4 мыңға дейін төмендеген.
Өңірлер бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табысы бар отбасылар Түркістан облысында тіркелген: 21,9 мың. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6,8%-ға артқан. Екінші және үшінші орында Алматы қаласы (17,1 мың отбасы) мен Жамбыл облысы (10,6 мың отбасы) тұр.
Ал кедейшілік шегі ең аз тіркелген аймақтар:
- Ұлытау облысы (2,2 мың),
- Атырау облысы (3 мың),
- Батыс Қазақстан облысы (5,1 мың отбасы).
Егер отбасы санын емес, күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар адамдардың жалпы санын алсақ, онда бұл көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы, Алматы қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр. Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында тіркелген.
Our World in Data зерттеу ұйымының деректеріне сүйенсек, ресми статистикаға сәйкес, Қазақстан халқының экстремалды кедейлік деңгейі ең төмен елдер қатарына кіреді. Бұл көрсеткіш Қазақстанда – 0,02%. Мұндай деңгей Албания, Финляндия және Тонга елдерінде де тіркелген.
Бұдан да жақсы көрсеткіш Кипр, Ресей және Таиландта анықталды: әрқайсысында 0,01%. Әрине, бұл жерде де аталған елдердің ресми статистикасының ерекшеліктерін ескерген жөн.
ТМД елдері арасында экстремалды кедейліктің төмен деңгейі Украинада тіркелген – 0,03%. ТМД бойынша ең жоғары көрсеткіштер - Өзбекстанда (2,25%), Арменияда (0,78%) және Қырғызстанда (0,31%).
Әлемдегі ең жоғары кедейлік деңгейі Конго Демократиялық Республикасында (78,94%), Мозамбикте (74,53%), Малавиде (70,06%), Орталық Африка Республикасында (65,67%) және Замбияда (64,35%) тіркелген.
"2024 жылы жаһандық экстремалды кедейлік деңгейі 8,55% болған. Былтырғы 2023 жылы бұл көрсеткіш – 8,79% еді. Жалпы соңғы жылдардағы динамика төмендеу үрдісін көрсетіп келеді. 1990 жылы жаһандық көрсеткіш 37,87% болса, одан кейін төмендей келе 1996 жылы аздаған өсім байқалып, кейін қайтадан төмендеген. 2018 жылға дейін үздіксіз төмендеу үрдісі болды, бірақ 2018 жылдан кейін екі жыл бойы аздаған өсім тіркеліп, кейіннен қайта төмендей бастаған", - дейді сарапшылар.