Енді мінеки, биыл әлемдік аса ауқымды шара – ЭКСПО көрмесін өткізудеміз. Халықаралық көрме 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады.
ЭКСПО – бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме. Ең алғаш 1851 жылы Ұлыбританияда өткен. Содан бері қарай бұл көрме алпыс бес рет өткізілген. Америка Құрама Штаттарының әр қаласында бұл көрме жиырма рет өтсе, бір ғана Париждің өзі сегіз рет бүкіләлемдік көрме қонақтарына қызмет көрсеткен. Брюссельде төрт рет өткен. Айтпақшы, Парижде 1889 жылы Эйфель мұнарасы, ал 1908 жылы Амурдан өтетін көпір салынған. Яғни, ЭКСПО көрмелері ғажап нысандардың, ғажайып туындылардың дүниеге келуіне себепші болған.
Тарихқа көз жүгіртсек, EXPO дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір – жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы Кеңес республикаларымен, сондай-ақ, Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас мемлекетте өткізу Астанаға тағы бір ұпай алып келеді. Шынтуайтына келгенде, мұның барлығыда салиқалы саясатымен елін жасампаздыққа жеткізіп келе жатқан халқымыздың бағы – Елбасының еңбегі арқасында жеттік десек нақты шындық.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу – Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуынатағы бір үлкен қадам болды. Айтулы халықаралық көрмені өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынды. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да, әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік. Астана – алғаш атқан таңынан бастап жақсылыққа тұмар, жаңалыққа құмар болған ерекше шаһар. Әрбір қазақстандық біздің жеңіске жететінімізге сенеді.
ЭКСПО-2017 – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсетіп отыр.
ЭКСПО – 2017 – Қазақстан тарихындағы негізгі оқиғалардың біріне айналады және бұл іс-шараның өтуі біздің еліміздің имиджіне үлкен үлес қосып, экономика және мәдениет дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Өзіміз еліміздің қауіпсіздігін қадағалап отырған, ел айбыны – Ұлттық ұланда қызмет атқарғандықтан өзім нақты білетін бір жайтты айтайын. Көрмені өткізу барысын жіті қадағалау үшін қауіпсіздік саласы ерекше назарға алынған. Әр қызметкеріміз Елорда төрінде жауапкершілікті сезініп, ерекше екпінмен қызмет атқарып жүр демекпін.
Мәселен, ЭКСПО қалашығының аумағында 2 мыңнан аса заманауи үлгідегі бейне камералар орнатылса, күнделікті түрде құқықтық тәртіпті 4 мыңнан аса ішкі істер мен құқықтық тәртіп әскерінің қызметкерлері қадағалауда. Бұл, әрине, біздің өз тарапымыздан еліміздің жасампаздығын паш етіп жатқан халықаралық шараға қосқан үлесіміз деп білеміз.
Қайрат АҚТАНОВ, генерал-майор, Қазақстан Республикасы «Оңтүстік» өңірлікқолбасшылығының қолбасшысы