Бекет ата мешіті немесе баба туралы баян

Dalanews 11 авг. 2017 03:19 2093

Қазақтан шықты дейтін пайғамбар жоқ,
Біздікі əулиелік əрі асқанда...
Е. Раушанов


 

Бір нəрсе ақиқат: пендені парасат биігіне сүйреп шығаратын да, хайуандық хəлге түскен пендені  «ұйықтан» шығаратын да – cенім. Жаратқанның  бар екеніне, оның тылсым құдіретіне шексіз сенген қазақ əулие-əмбиелердің Алладан келген мұғжизаларына, Тəңір көзі түзу түскен киелі жан екендіктеріне һəм олардың сүрінгенді демеп, сұрағанға ғайыптан көмек беретініне шүбəланбаған. Мүбəда, ол Əулиеңіз өзі –

батыр, өзі – сəулетші, өзі – абыз-ұстаз болса ше?! Əрине, ұлыс түгілі, Ұлтқа ұран болып кете барары сөзсіз.  

Біз бүгін шама-шарқымыз, қадари-хəліміз жеткенше  «Ел иесі, жер киесі» (Əбіш) пір Бекет ата жөнінде аз-кем ой қозғағалы отырмыз.

Ғұмыр кешкен жылдары нақты белгісіз данагөй, ағартушы, абыз Бекет Мырзағұлұлы ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Үстірт, Атырау жерін мекендеген, Адай тегінен (Қосқұлақ руынан) шыққан ол жас кезінен қолына қару алып, жаугершілікте көзге түсіп, ел ішінде Ер Бекет аталып кеткен. Кейін сопылық дін жолына түсіп, Хиуадағы медресеге оқуға барып, Пақыржан сұпының алдын көреді. Қожа Ахмет Иассауи мектебінің шəкірті Бекет атаның Маңғыстау, Үстірт, Жем бойында бес мешіті бар. Адай мен түркіменнің шекарасы Бейнеуден мешіт салдырып, қарақалпақтан молда ұстап (өлкетанушы Е. Өмірбаевтың дерегі бойынша), адайдың тентегін тыйып, тілін сындырмаққа осы өңірдегі алғашқы мектепті ашады. Ұлутасты шатқалға қашалған бұл мешіт Бейнеу кентінің оңтүстік батыс жағынан 20 км жерде, киіз үй түрінде жасалған. Шағын төрт бөлмеден тұрады. Мұнда Бекет атаның үш ұрпағы жерленген. Бұдан кейінгі төрт мешіттің бірі – Жем бойындағы Ақмешіт, екіншісі Арал жағасындағы Баялы жерінде, үшіншісі – Бозащы түбегіндегі Тобықты мешіті, баршаға ең танысы əрі бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып келген үшіншісі – Үстірттің батыс жағасындағы, Оғыландыдағы мешіт.

Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған үш бөлмеден тұратын бұл мешітте Бекет атаның, немересі Мұрынның, жоғары бөлменің бірінде қызының мүрделері жерленген. Бұл мешіт қазір әулиелі, киелі мекен деп, жылына сан мыңдаған тәу етушілердің нысанына айналып үлгерді. Осынау кеудесі шежіреге толы кер даланың бір қиырына орналасқан, ауызекі деректер бойынша архитектуралық жобасын Бекет атаның өзі жасап, ұрпаққа өнегелі білім, имани ілім беруді мақсат еткен мешіттің сан дауылды мезгілден аман-есен бүгінге жетуінің өзі хикмет дерсіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен медет тілеп, Пір Бекет аруағына тағзым етушілер жыл өткен сайын артып келеді. Елімізден ғана емес, шетелдерден де келетін туристер саны мол.

1867 жылы Үстіртте болған экспедиция мүшесі А.О.Дюгемель Бекет атаның Ескі Бейнеудегі Ақмешіті жайлы: «Бекет Қандыр алқабағындағы Жем жағасында. Ақмешіт одан 6 км қашықтықта. Ақ бор төбенің бетінен қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, 3 құлаштай үңгірмен жүргенде, диаметрі 2 жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй формасындағы үй – мешітке кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң жағында тағы бір бөлме, осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан 50 жыл бұрын салған. Бекет бос уақытында ер балаларды оқытқан. Өзі дінге қатты беріліп, сопылық жолға түскен» деген дерек береді. Бекет туралы тарихи мәліметтер тым аз. Ел жадындағысы, адай қазақтарының əулие деп ерекше қадірлейтін Бекет ата жайлы сан түрлі ел аңыздары ғана.

Хош. Бекет атаның өмірі хақында, ол жайлы аңыз-əңгімелер де, көркем шығармалар да қанша рет жазылды, сан-сапат оқырман қауым алдынан өтті. Аз-кем мағлұмат болсын деп, осылай шолып өте шыққанымыз болмаса, сіздей саналы оқырманға Бекет атаны таныстырудан, əрине, аулақпыз.

Бала күнімізде анамыздың көз алдымызда түрлі қиындықтарға, қиындықтарды қойыңызшы, күн күркіреп, аспан «өз құрсағын өзі жарып» (Омарғазы), нажағай ойнағанда «Біссіміллə. Біссіміллə. Иə, Бекет ата, қолдай гөр!» деп дұға тілеп отыратынын талай көрдік. Ауыл шалдарының дана көкіректерінде суәле шашқан Бекет ата жайлы жұпарлы әңгімелерін тыңдап өстік. Біз де сендік. Əлі сенеміз де!

Ал, дəл бүгін ұлттық иммунологияның құрып, «технология сасыған озбыр формация аяусыз басып-жаншып тастаған» (Тыныштықбек) жастардың көп тараулы жолды көріп есеңгіреп-мəңгіріп қалғаны рас. Мəңгіретіндей-ақ жөні бар. Дәлел үшін сіздің алдыңызға бірер сөз ұсынып көрейін.

Жыл көлемінде БАҚ беттерінен Берік Мыңжасар атты «жаңалық ашқыш данышпанның»  «Бекет ата Фонтамас па?», «Бекет ата, сіз кімсіз?» деген екі мақаласын (мақала деуге де ауыз бармайды) оқып шықтым. Автор өз сөзінде (егер, өз сөзі болса) Бекеттің Қараман-ата басындағы түркіменмен анттасу кезінде аққу болып ұшатыны жөнінде: «Сөз жоқ, мұның бəрі – француз комедиясындағы фантомасша құбылуы ақылға симайтын нəрсе. Бекет атаны дəріптеушілер қалықтап ұшып бара жатқан пірді бейнелейтін видеоны немесе фотоны көрсете алмайды... Сондықтан «Қадария тариқатының пірі Бекет ата ұшқан жоқ» деп сеніммен айта аламыз» деп көсіліпті.

Не дейік?! Иə, иə, не деуге болады? Өз еркі, демократиялы қоғам дейік пе? Əлде, бұл автордың қандай аурумен ауыратынын іздейік пе?! «Сөз қадірі – өз қадірі» деген бабадан қалған асыл түйінді осы жерде қолданайық. А. Сманов сынды ҚМДБ  «ұсынған» молдаларға да осы даналықты ту етейік.

Ал  əулие Бекетті Нақшбандия тариқатына жатқызып, Бекет пен Хазіреті Ержаннан соң өзі «орналасқан» Құрбанəлі Ахмед сындыларды қайтсек керек?  «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп зарлаған Мұраттардың қауіпі осы «бас-басына пір болғандар»  ғой...

P.S: Ғылымның өзі əруаққа, кие, əулиеге сеніп, «Агиология» атты ғылым саласын ашты. Сол тілде сөйлесек, агиология ғылымында «қасиетті күрес» аталатын термин бар. Екі қасиет иесінің бір-бірімен құдірет сынасуы əу баста-ақ бар дүние. Грек əулиесі Карамболис пен Мұхаммед пайғамбардың сайысы, Будда үмбеттері Махадео мен Ламаның əруақ салыстыруы. Əріге бармай-ақ  Ə. Кекілбаевтың тарихқа негізделген, күй болып жазылып шыққан «Күй» повесіндегі Темірбаба əулие мен Шопан атаның сайысы. Сондағы, Темірбаба əулие ақкөбік атқан көктеңізге қойып кеткенде теңіз қарс айырылып, аяғы тиген жердің қара жер болып қала беретіні бар емес пе?! (Айтпақшы, дəл осындай мұғжиза Бекет атаның Есет батырдың ауылына көрісе барып, қайтып келе жатқан жолында болады. Жем өзені екіге жарылып, өтуге мұрсат береді).

Бекет ата жайлы деректің аздығын айта кетейік. Біз терең көлдің бір тамшысын ғана сөз еткендей болдық. Оны іздеу, жинау жолында жас ұрпақ мойнына артылар жүк жеңіл емес. Бекеттану – қазақтану ғылымының бір саласы. Өз ұлтын танымай, өзге жұртты танимын деу әбестік. Егер кімде кім әулиелі мекен Маңғыстауға жол тартар болса, онда Бекет ата басына соқпай кетпеуі тиіс. Сіз ол жерде өз арыңыздың алдында жалғыз қалып, өткен өміріңізге талдау жасайсыз. Арайлап атқан таңдарға рақмет жаудырасыз. Бәлкім, қазақ боп туғаныңызға мақтанасыз. Бәлкім, өз өміріңіздің зырылдап өтіп бара жатқанына налисыз. Әйтеуір бос қайтпайсыз. Өміріңізге жетер тағлым алып қайтуыңыз да мүмкін. Бұл өлке – Бекет ата рухымен нұрлы.

 

Еділбек ДҮЙСЕН

Рекомендовать
Последние новости