Экс-вице-министр Тоқтабаевтан тәркіленген көлік арзанға сатылып кетті

Көркем Алдабергенова 16 авг. 2024 14:28 2984

Астанада экс-вице-министр Тимур Тоқтабаевтан тәркіленген Bentley Bentayga V8 автокөлігі жарты бағасына сатылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

2021 жылғы автокөлік 13 тамызда 54 миллион теңгеге сатылды. Алайда көліктің нарықтағы құны 104 миллион. 

Соттың шешімімен Тоқтабаевтан тәркіленген тағы бір көлік Mercedes-Bens Maybach S580. Ол 79,8 миллион теңгеге сатылған. 

Мемлекет екеуін де бұған дейін сатуға тырысқанымен саудаға ешкім қатыспаған болатын. Артынша Maybach басқа мемлекеттік органға өтті. Ал Bentley нарықтағы құнынан екі есе арзан сатылды. 

Экс-вице-министр Тимур Тоқтабаевтан екі автокөлігінен бөлек, кәсіптері де тәркіленді. Оның ішінде: 

  • «T&T Security» ЖШС-дегі 50 пайыз үлесі;
  • «Глобус-С» ЖШС-дегі 25 пайыз үлесі
  • «Казахстан Финсервис» ЖШС-дегі 25 пайыз үлесі
  • «Blackstone Minerals» ЖШС-дегі 75 пайыз үлесі
  • «Meld» ЖШС-дегі 75 пайыз үлесі
  • «Zapolat Gold» ЖШС-дегі 45 пайыз үлесі
  • «Iron Copper» ЖШС-дегі 40 пайыз үлесі
  • «Bradwarden» ЖШС-дегі 75 пайыз үлесі
  • «ГРК Арал-Тобе» ЖШС-дегі 75 пайыз үлесі
  • «ASF Capital Ltd» ЖШС-дегі 25 пайыз үлесі
  • «Genesis project» ЖШС-дегі 75 пайыз үлесі
  • «Stellar Mining» ЖШС-дегі 38 пайыз үлесі
  • «Quantum minerals» ЖШС-дегі 25 пайыз үлесі тартып алынды. 

Еске салайық, бұған дейін экс-вице-министр Тоқтабаевтың қымбат көліктерін сату бойынша сауда өтпей қалғанын жазған едік.

Жалпы құны 200 миллион теңге болатын автокөліктер мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мүлікті кейіннен беру және біріктіру үшін аукционға қойылады. Көліктерді тек бір қатысушыға сатуға рұқсат беру көзделген.

"Ұсыныс мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты, құқықтық тәртіпті сақтау, мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларында белгіленген өлшемдерге сәйкес болған кезде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік заңды тұлғаларға беруге арналған", - делінген хабарламада.

Хабарландыру "Электрон сауда алаңында" жарияланған. Сонымен қатар, сайтта автокөліктердің суреттері де бар. 

Саудаға 2021 жылғы қара Bentley Bentayga V8 қойылды. Автокөлікті бағалау осы жылдың сәуір айында жүргізілді. Бағалаушы компания кроссовердің нарықтық құнын 104 миллион 316 мың теңге деп белгілеген.

Ақ Mercedes Benz Maybach s580 4MATIC 2021 жылы шығарылған автокөлік сәл төмен сомаға бағаланды. Оның нарықтық құны 79 миллион 839 мың теңге болған.

Айта кетейік, Bentley Bentayga автокөлігі бойынша сауда-саттық 2024 жылдың 3 шілдесінде қтуі керек болған, бірақ олар қатысуға өтініштің болмауына байланысты өтпеген.

Mercedes-Benz Maybach S580 автокөлігін сату бойынша сауда 5 шілдеде өтуі керек болғанымен кейінге қалдырылған. 

Айта кетейік, 2022 жылы қарашада Антикор мен Бас прокуратура Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. 

Кейіннен экс-вице-министр Тимур Тоқтабаев ұсталғаны белгілі болды. Тимур Тоқтабаев 2023 жылдың қазан айында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға сотталды. 


Рекомендовать
Последние новости