Экономикалық өсім тіркелсе де теңге бағамы неге құлдырап жатыр - сарапшы

Кәмшат Тілеухан 28 июл. 2025 10:50

Экономика өсіп жатқанымен, теңге бағамы неге құлдырауда? Бұл - қазір көптің көкейінде жүрген сауалдардың бірі. 2025 жылы ұлттық валютамыз айтарлықтай әлсіреп, соңғы уақыттағы ең төменгі межесіне жетті. Экономикалық сарапшы Ернар Серік аталған жағдайды кездейсоқтық емес екенін, керісінше соңғы жылдары қордаланған, күрмеуі қиын бірнеше фактордың тоғысуынан туындағанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның ең бастысы – елдегі өндірістің жаңаруына байланысты сырттан әкелінетін импорттық құрал-жабдық пен техникаларға сұраныстың күрт артуы.

"Бүгінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, өнеркәсіп орындары жаппай жаңғыру жолына түскен. Бұл оң үрдістің теңгеге ауыр соққы болып тиюде, керісінше теріс жағы да бар. Себебі, өндіріс орындарына қажетті заманауи қондырғылар мен жабдықтардың дені шетелден жеткізіледі, ал олар үшін төлемдер негізінен доллармен жасалатыны белгілі. Бұл өз кезегінде валюта нарығындағы доллар тапшылығын ұлғайтып, теңгенің бағамын төмендетуде. Мәселен, осы жылдың маусым айында негізгі капиталға салынған инвестициялар ішінде импорттық машиналар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен қаражат көлемі 652 млрд теңгеге жеткен. Бұл мамыр айымен салыстырғанда бірден 47 пайызға жоғары болса, былтырғы маусыммен салыстырғанда да өсім шамамен 35 пайызды құрап отыр. Ал шілде айында бұл көрсеткіш 800-900 млрд теңгеге жетсе, бұл рекордтық меже ретінде тіркелмек. Яғни, жыл соңындағы дәстүрлі бюджет қаражатының жаппай игерілуін есептемегенде, биыл жаз айларындағы бұл жағдай бұрын-соңды болмаған ауқымды көрсеткішке айналып отыр", - дейді сарапшы.

Сондай-ақ Ернар Серіктің айтуынша, ұлттық валютамыздың бағамын тұрақты ұстап тұруға бұрындары үлкен септігін тигізген сыртқы саудадағы оң сальдо да соңғы уақытта айтарлықтай қысқарған.

"Өткен жылмен салыстырғанда биыл қаңтар-мамыр айларындағы сауда балансының оң көрсеткіші 37 пайызға төмендеген: 9,5 млрд доллардан 6 млрд долларға дейін. Бұл дегеніміз, елге кіретін валюта көлемі азайып, сыртқа кететін қаржы, керісінше артқан. Нақтырақ айтқанда, экспорт өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмендесе, импорт 2 пайызға өсіп кеткен. Мұндай жағдайда елімізге доллар аз келіп, керісінше сыртқа кететін доллар көбейе түсетіні айтпаса да түсінікті", - дейді ол.

Сарапшы тағы бір фактор ретінде мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай қолдаулар мен түрлі әлеуметтік, экономикалық бағдарламалар аясында экономикаға теңгенің көптеп құйылуын атайды.

"Бұл, әрине, экономиканың белгілі бір салаларын жандандырып, өсімді күшейткенімен, екінші жағынан ішкі нарықта артық теңге көлемінің артуына әкеліп отыр. Нәтижесінде, артық теңгеге ие кәсіпкерлер мен қарапайым халық өз қаражатына доллар сатып ала бастайды. Біреуі сырттан тауар сатып алса, екіншісі алдағы болуы ықтимал девальвациядан сақтанып, шетел валютасын жинауға ден қояды", - дейді маман.

Ол теңгенің әлсіреуін ел экономикасы нашарлады деп жаңылыспау қажеттігін де айтады. Қазіргі мәселе – теңгенің тапшылыққа ұшырап, валюта нарығында ұсыныстан сұраныстың басым болуында. Қарапайым тілмен айтқанда, теңгенің бағасы да кез келген нарықтағы тауар секілді сұраныс пен ұсынысқа тәуелді. Егер нарықта теңге көп болып, доллар аз болса, онда доллар бағасы қымбаттай түседі. Сондықтан, валюта бағамының құбылуын әлдебір жасырын ойындардың немесе дүрбелеңнің нәтижесі деп түсіну қате. Бұл - экономикалық заңдылық.

Сарапшылардың айтуынша, ел экономикасының импортқа тәуелділігін төмендету керек. Ол үшін ішкі өндірісті жандандырып, импортты алмастыратын отандық өнімдерді көбейтуге басымдық берілуі қажет. Бірақ бұл оңай әрі жылдам шешілетін мәселе емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар арқылы жүзеге асатын дүние.

"Қысқа мерзімді шешімдердің бірі – Ұлттық банктің валюта бағамын реттеуге арналған қаржылық құралдарды тиімді пайдалануы. Бірақ, бұл да мәселені түбегейлі шеше алмайды, тек уақытша тұрақтылық береді. Сондықтан, ел экономикасын құрылымдық жағынан қайта қарап, шикізаттық бағыттан бас тартып, өндірістік-өнеркәсіптік секторды жедел дамытуға көшу қажет", деп сөзін түйіндейді экономист.

Бұған дейін сайтымызда "Теңге бір апта бойы құнсыздануда". Ұлттық Банк басшысы үнсіздікті бұзып, мәлімдеме жасады" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бізден "Америкалық сарапшы Ресейге тәуелділік жайын қозғап, теңге бағамына қатысты пікір білдірді" деген материалмен де таныса аласыздар.

 


Рекомендовать
Последние новости