Эколог маман: «Бозжырадағы жабайы туризмді реттемесек табиғаттың түбіне жетеміз»

Dalanews 13 дек. 2020 09:26 1058

Экология саласының белгілі маманы Орынбасар Тоғжанов 18 жыл бойы Маңғыстау өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен тұрақты айналысып келеді. Маңғыстау облысының Бейнеу және Қарақия аудандарының «Құрметті азаматы» біраз уақыттан бері Бозжыра аңғарында жабайы туризм белең алып, реттелмеген көлік ағыны жануарлардың тынышын бұзып жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Біз оның аумақтағы жағдайды реттеу жолдарына қатысты пікірі мен ұсыныстарын тыңдап қайттық.

– Бозжыраға келушілер саны жыл сайын еселеп артуда. Алайда қаражат тапшылығынан туристік қызметті талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік болмай, Бозжыра аңғарына Үстірт шыңының үсті және асты арқылы андыздап келетін ондаған борпылдақ дала жолдары пайда болды. Олармен бірнеше автокөлік әр жолмен қапталдаса, андағайлай жүйткіген кездегі алапат ақ тозаңды көргенде жаныңыз түршігеді. Ал адамның қысастығынан жөңкіле қашқан арқар, қарақұйрық сынды аңдардың көрінісі жүрек сыздатады. «Жабайы туризмді» тәртіпке келітіріп, «экологиялық туризмге» айналдырмаса, андыздаған жол, андағайлаған автокөлік ағыны жанды және жансыз табиғаттың түбіне жететіні анық, – дейді ол.

Сарапшы маман инвестор компанияларды алыс-жақыннан келген туристерді қабылдайтын бір қабатты қонақүйді Бозжыра найзашыңдары түбінен салу жөніндегі ұсынысына қарсы болып, өз уәжін жиналыстарда білдірген.

– Сонымен қатар бірқатар азаматтар ұсынғандай туристік қабылдау орнын 10-50 шақырым қашықтан салудың тиімсіздігіне де көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнында тұрып,  сан-сапат дала жолымен туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, қалай жүргенін, не жасап жатқанын бақылау, реттеу мүмкін емес түсіндік. Сондықтан шағын қонақ үйі, визит-орталығы бар туристік нысандар бірнеше шақырымдағы аңғар мен найзашыңдар түгел көрінетін төбе үстінде орналастыру керек. Онда мәдени туризмді ұйымдастыру үшін міндетті түрде қонақүй, автотұрақ, келушілердің түрлі қажеттерін өтейтін орындар, пайдаланатын ат, түйе, «экокөліктер» мен әуе шарларын сақтайтын және қызметшілер мен гидтерге ыстық-суықта паналайтын баспана болуы шарт. Егер мұндай орын тым қашықта болса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын теп-тегіс жолда көпшілік оған тоқтамай-ақ, бірден Бозжыраға тартары сөзсіз, – дейді О.Тоғжанов. 


Жол мәселесін айта келе маман Бозжыра аумағынла автоқозғалысқа шектеулер қою қажеттігін түсіндірді.

– Бекет атаға 15 шақырымдай жетпей «Ата жолынан» бұрылып шың үстіндегі Бозжыра панорамалық алаңқайына баратын, ұзындығы небәрі 10 шақырым жолға қатқыл табан төсеп, биік автокөліктерге мүлдем тиым салу керек. Бозжыра алқабын толық бақылауда ұстап, оның экологиялық және рекреациялық сыйымдылығын ескере отырып, туристерді арнаулы соқпақпен жаяу немесе ат, түйе, велосипед сынды «экологиялық таза» көлікпен жеткізуге, әуе шарларымен көтерілуге, биік мұнараларға шығуға ғана рұқсат беруге болады, – деп айтты маман.

Тоғжановтың пікірінше, жайылымы мол Бозжыра шатқалдарының жақын қолайлы жерінен аң ішетін су көзін жасаса, туристер Бекет ата басындағыдай адамға үйренген аңдарды да тамашалай алады.

 

Рекомендовать
Последние новости