Димаш, олар сені қызғанып жүр

Dalanews 09 мар. 2017 06:41 910

Жарқ еткен жұлдызды қызғанып, көре алмау өкінішке қарай, заңды құбылыс. Қазақтың өнер адамдары ішінде қызғаныш құрбаны болғандары жетерлік.



Әмірені улаған кім?


Мұқым Еуропаны зор дауысымен таң қалдырған, жез таңдай әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі трагедиямен аяқталғаны белгілі. Франция төрінде әлем елдерінің зор дауысты әншілері қатысқан додада КСРО атынан Әміре Қашаубаев І-орынды иеленеді. Ол кезде байқаудың Гран-при жүлдесі ешкімге берілмепті. Өйткені КСРО ондай жүлдеге саяси тұрғыда ылайық деп саналмапты. Қалай дегенмен де әлем ең мықты деп қазақтың Әміресін мойындаған ғой. Міне, осындай жоғары деңгейдегі әнші ел аралап жүргенде көз жұмады.



Әміренің ішкен сырасына у қосып берген деген алып-қашпа әңгіме бар.

„Жел тұрмаса шөптің басы қимылмайды„ демекші, ол өз әріптестерінің қызғанышы салдарынан осылай опат болғанға ұқсайды.



Күләш апайға жабылған жала — "арақ ішіп, гулять еткен"


Ал қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованы білмейтін адам кем де кем шығар.



Міне, осы апайымыздың өліміне себепкер болған «домалақ» арызды 6 адам жазған. Араларында опера театрында қызмет жасаған 4 КСРО халық әртісі бар.

Есімдерін тізімдеуге тіл бармайды. Жалақорлар «ол арақ ішеді, гуляет» деп жала жауып, қызғаныштан Қытайға баратын іссапардан Күләшті қалдырғаны белгілі.


Арызды естіген Күләш «бұлайша жер басып жүргенімше, өлгенім жақсы» депті. Көп ұзаған жоқ. Мәскеуде қонақ үйде жүрек талмасынан көз жұмды. Ариялар мен опералық қойылымдарда Қыз Жібек, Қадиша, Ақжүніс пен Саралардың бейнелерін сомдаған Күләш өнерде жарқ етті де, қызғаныштың құрбаны болды.


Ол ол ма, тәуелсіздік алғаннан кейін де Күләш апайға жасалған қастандық әлі жалғасып келеді. Күләш есімі ендеп берілген Астанадағы театрдан ол кісінің атын елеусіз алып тастаған!..



Міне, көрдіңіздер ме, талантын қадірлемек түгіл өзін таптап өтуге дайындар бар бізде. Ал олар бүгіндері Қытайды дүр сілкінтіп, өз ұлты — қазақтың атын танытып жатқан жапырақтай ұлымыз — Димашты аясын ба?.. Құдай бетін әрі қылсын. Дегенмен оған қатысты өнер адамдары арасында күңкіл әңгіме басталып кеткенге де ұқсайды.

Димаш туралы: Бесіктен белі шықпай халықтың сүйкімдісіне айналатындай қандай еңбегі сіңіпті оның?


Режиссер Болат Атабаев оның шет жағасын шығарып, „Әкесі өлгенді де естіртеді дейді ғой қазақ„ деп әлеуметтік желіде жазба жазыпты.


— Жеке парақшама назын айтқан болып «белі бесіктен шықпай халықтың сүйкімдісіне айналатындай қандай еңбегі сіңіпті оның?» — дейд бір FB досым.



Ұққаным, әншілер бас қосып Димашты талқыға салған көрінеді. Әкесі өлгенді де естіртеді, дейді қазақ: Ол — Димаш!

Біздің, итеңдеп, отыз жыл жүріп өткен жолымызды Димаш бір-екі жылда зуылдатып жүгіріп шықты! «Штучный» өнер! Анандай дауыс мүмкіншілігімен, сахналық сымбатымен оны енді өз деңгейімізге түсіре алмаймыз! Биіктесін! Бес жыл болмаппын елде. Димашты естіген емеспін. Осыдан бір ай бұрып естідім … Шалқамнан түстім! Есімді жиып, отырып тыңдайтын жағдайға жеттім.


Причем тут оның жастығы?! Рас, барлық әндері бірдей емес. Рок ән айту оңай емес. Өзі де түсініп отыр. Соңғы естігенім «Дайдидау». Әндері бір-біріне ұқсамаса екен. Ол үшін музыкалық тексті әрлеу жолдары әр түрлі болса екен. Эмоция деген жақсы, бірақ жоғарғы тесситурада «истерикаға» кетіп қалады.


Оның жасында мен не бітірдім? Сендер не бітірдіңдер?! Мәселе жаста емес! Мәселе өнердің биігінде!



Бір ғана өтініш, Димашты саяси конъюнктурадан аулақ ұстайықшы. Қасындағы өмір тәжірибесі бар адамдар, сақ болыңыздаршы!

», — деп жазды режиссер өзінің Facebook-парақшасында.


Иә, саяси тақырыпқа да араластырып жатқандар бар. Соның бірі — дінтанушы Мұртаза Бұлытай. Қысқаша қайырғанда, Мұртаза ағамыз ел экономикасына қомақты қаржы салған Қытай бізді жаулау үшін осылай қолдан көтермелеп жатыр деп Қытай фобиясын еске салды. Бірақ оған Димаштың әкесі өте сауатты жауап берді. Біз де сол кезде айтқан өз ойымызды осы жолы тағы да қайталай кеткіміз келеді.


Қазақстан — тәуелсіз ел. Тәуелсіз ел қорқыныштарды жеңбей, ақ пен қараны ажырата алмай, тәуекелдерге бас тікпей, алға жылжи алмайды. Иә, ақпараттық майданның мақсаты — түрлі фобиямен адамдардың зәре-құтын алып, бақылауда ұстау.


Бізді бұрын Америкамен қорқытатын, қазір Қытаймен қорқыта бастады, түрлі лаң дәнегін сеуіп үлгерген Ресейден өз-өзімізден үрейленеміз. Сонда біз кімбіз?.. Қандай елміз?..


Өнбойын қорқыныш билеген адам жаңашылдық жасай ала ма?.. Бұл сұрақтардың жауабы еліміздің дамуы мен жарқын болашағы өзге түгілі, өз қорқынышын жеңе алмай жүрген жалтақ ескінің емес, ой-санасы тәуелсіз, ешқандай фобияға былғанбаған жаңа буынның — тек жастардың қолында екенін аңғарта алады деп ойлаймыз.



Ендеше, жасымыз жасымасын деп тілейік, ағайын! Ең бастысы, Болат аға ескерткендей, байқаңыздаршы Димашты!

Дайындаған, Кәмшат СӘТИЕВА


Дереккөз: kaz.365info.kz 


Рекомендовать
Последние новости