Диктаторлар қалай алжиды?

Dalanews 22 февр. 2016 08:56 1244

(Басты беттегі суретте КСРО-ның бірінші хатшысы, ұзақ жыл ел басқарған Леонид Брежнев)

Алжу (альцгеймер ауруы) ғасырдың өзекті дертінің біріне айналып келеді. Бұл ауруға шалдығушылардың дені өзін аурумын деп есептемейтін көрінеді. Әйгілі саясаткерлер, мықты ғалымдар, ақын-жазушылар, тіпті қарапайым адамдар да жасы жетпей алжуы мүмкін дейді мамандар. «Бұл аурудың нақты емі жоқ, билік басындағылар алжыса, оны емдеу немесе өзінің ауру екенін түсіндіру қиын», – деген пікір айтады.

[caption id="attachment_13635" align="alignright" width="280"]3333 Рональд Рейган[/caption]

Адамның алжуы – кешегісін бүгін ұмыту яки кешегі айтқанына бүгін қарсы сөз сөйлеу, өз ойын жинақтай алмау, орынсыз ашулану, көшеде лағып кету, өзінің кім екенін білмей қалу, жақынын, туысын, етжақынын, тіпті бала-шағасын танымау, өзінің өткенін, тұтас тарихын естен шығару, өзге біреуді жақынымен шатастыру секілді түрлі әрекеттерден біліне бастайды.

Алжыған адамның сөзінде жүйелілік болмайды. Ісіне қарап оның я сау, я ауру екенін айыру қиынға соғатын жағдайлар да кездеседі. Бұл аурудың күрделілігі соншалық, нақтылы емі жоқ. Тек алжудың алғашқы белгілері байқалған сәтте немесе одан ертерек тиісті ем-қарекеттер арқылы алдын алуға болады. Оның нешетүрлі медициналық, психологиялық, философиялық тұжырымдары бар.

Алжу – өте баяу жүретін, адам жұлын-жүйкесіне біртіндеп енетін ауыр дерт.

[caption id="attachment_13636" align="alignleft" width="131"]666 Анна Құдиярова[/caption]

Алдымда ажал бар деп ойлануы керек

Біз «адам қалай алжиды?» деген сұрақ төңірегінде белгілі психолог, Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова ханымға хабарласқан едік. Маман алжудың нешетүрлі деңгейде жүретінін, кейбірі күнделікті қалыпты тірлігінен өзгеріп, психологиялық шеңберден шығып, психиатриялық мөлшерге дейін ауытқитынын айтады. Аурудың бұл түрін түсіндіру, оны емдеу өте қиын дейді психолог.

«Адам өзін өзі сақтауы үшін алдында ажалы барын, бұл өмірдің өтпелі екенін ұмытпауы керек. Сонда әр нәрсеге дайындалып, өзін-өзі тың ұстауға тырысады. Жасы жеткен адамдардың көбі миының функцияларына жауап бере алмай қалады. Бұл бала кезде алған соққы, тартқан азабы мен ішкі күйзелістерінен тууы мүмкін. Оның себебін өзі де түсіне бермейді», – дейді.
Адам болмысы жаңалыққа құмар. Айналасының жаңаруын күтеді. Бірақ өзгеріссіз, бір қалыпты өмір оның нерв жүйесін зақымдайды. Үнемі басшылық қызметте болу мен үнемі жалшы болудың айырмашылығы аз – екеуі де адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды

Психолог, сондай-ақ, алжудың кейбір себебі оның мамандығымен де байланысты болуы бек мүмкін екенін алға тартады. «Өзі сүймеген яки қолынан келмейтін кәсіппен ұзақ уақыт айналысқан адамдардың көбі ерте шаршайды. Ұзақ жылдық тығырық бірте-бірте адамның ақыл-ой қабілетін әлсіретеді. Айталық, саясаткерлердің көбіне өзінің кәсібі ұнамауы мүмкін. Олар өтірік айтуға, жалған сөйлеуге, екіжүзділікке дағдыланады. Тіпті, олардың көбі шын мен өтіріктің арасын айыра алмайтын деңгейге жетеді».

Психолог бір қызметте, бір орында, өзіне таныс бір қалыпты ортада ұзақ уақыт отыру адамның санасына айрықша салмақ түсіретінін алға тартады.

«Адам болмысы жаңалыққа құмар. Айналасының жаңаруын күтеді. Бірақ өзгеріссіз, бір қалыпты өмір оның нерв жүйесін зақымдайды. Үнемі басшылық қызметте болу мен үнемі жалшы болудың айырмашылығы аз – екеуі де адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды», – дейді психолог.

[caption id="attachment_13637" align="alignleft" width="188"]222 Әзімбай Ғали[/caption]

Диктаторлардың көбі алжуға бейім

Ал саясаттанушы, тарихшы Әзімбай Ғали үлкен саясаткерлердің көбі бірте-бірте алжу дертіне душар болғанын тарихи мәліметтер растайтынын айтады.

АҚШ президенті Рональд Рейганның алжу дертімен ауырғанын, Кеңес одағының бірінші хатшысы болған Хрущев пен Брежневтің де мінезінен осындай мерез байқалғанын мысал еткен Әзімбай Ғали: «Адам өзі мен не айтып тұрмын деген сұраққа жауап беріп үйренуі керек, әсіресе, саясаткерлер өз сөзіне абай болғаны жөн. Алжу – көпсөзділіктен, өзінің айтқанына есеп бере алмаудан, бұрынғы айтқанын ұмытудан белгілі болатын аурудың бір түрі. Көптеген саясаткерлер осы дертке ұшырап, ел алдында масқара болған», – дейді.

[caption id="attachment_13638" align="alignright" width="417"]444 Никита Хрущев[/caption]

Саясаттанушының пікірінше, Кеңес одағының әртүрлі деңгейдегі басшыларының іс-әрекетіне қарасаңыз, билікте ұзақ отырудың салдарынан алжудың белгілі бәріне ортақ бір синдромы болғанын байқауға болады. Олар өзгелерге күмәнмен қарау, қарсыластарының көзін құртуға құмарту, қалың реформаның жүзеге асуына мән берместен, келесі бір реформаларды қолға алу, жүйеге адал бола отырып, сол жүйені тұқыртуға бейсаналы түрде қызмет ету секілді іс-әрекеттерінен де көрінеді.

Бізге атын айтпауды өтінген әдебиетшінің бірі саясат сахнасында өзгеге дес бермеу, диктаторлық режимді уысына түсіріп, тоталитарлық жүйенің құрсауын өзінің жеке басына пайдалану, отбасылық мүдде мен отан, ел мүддесін шатыстырып алу әзіргі күннің өзінде дамушы елдердің көптеген саясаткерлерінде бар құбылыс екенін алға тартып, «кейбір жүйенің өзі басшыларды алжу дертіне шалдықтыруға бейімделген» дейді. Ол Латын Америкасы елдерінің диктаторларынан сондай дерттің көп байқалғанын олардың әдебиетінен көруге болатынын айтады.
«Кейбір жүйенің өзі басшыларды алжу дертіне шалдықтыруға бейімделген» дейді.

«Мысалы, М. Астуриас, Г. Маркес, М. Льоса, А. Карпентьер секілді әлемге аты машһүр жазушылардың негізгі еңбектері диктаторлық жүйе туралы кең ауқымда әңгімелейді. Олардың елді билеп-төстеген президенттерінің көбі ақыр соңында алжып, абыройсыз жағдайда өледі. Бірі тақта, бірі кең сарайда, енді бірі қорлықпен елдің алдында өмірден өтеді. Латын Америкалық қаламгерлер мұндай оқиғаны жеріне жеткізе суреттеген. Алжудың дені ашкөздіктен, тойымсыздықтан, шексіз биліктен туатынын айтады. Олар «Шексіз билік – шексіз қасірет» деген тұжырым жасайды», – дейді ол.

[caption id="attachment_13639" align="alignleft" width="200"]10481694_1485124531768634_7546175797436812137_n-950x631 Санжар Керімбай[/caption]

Арлы адамдар алжудан аман болады

«Альцгеймер сырқаты  өркениетті әлемнің медициналық, әлеуметтік һәм экономикалық ең үлкен проблемасына  айналып үлгерді. Пенде пақырды  ана дүниеге абыройсыз аттандыру жағынан бұл ауру қазірдің өзінде  құрбандығын қапыда бас салатын жүрек аурулары мен емделуге ешқандай жол қалдырмайтын рак ауруларын қуып жетіп, басып озуға дайын тұр. Ең жаманы, алжып өлетін адамды сіз ешқашан алдын-ала дәрігерге қаратып, тексерту үшін ауруханаға апара алмайсыз. Себебі, саңқылдап сөйлеп отырған   ақсақалың «енді 5 жылдан соң  ақылымнан ажырап, жынды боламын» деп ойламайды», – дейді журналист, шығыстанушы Санжар Керімбай.

Оның сөзінің жүйесіне жығылсақ, алжуға бейім адамдардың дені өмірін бос жүріспен яки мағынасыз ойын-күлкімен, елді тонаумен, қанаумен өткізгендер.

Медициналық жетістік қазір кәрі адамдардың қайда жүріп-тұрғанын бақылайтын сигналдарды тағып қоюдан арыға аса алмай отыр. Есінен айырылған кісілерге орнатылған сигналдық жүйе арқылы оны бақылап, белгілі бір территорияда ұстауға ғана қауқарлы. Ауруды жазудың, емдеудің, алжудың түпқайнары неден шығатынын нақты білуге қауқарсыз.

«Бұл кеселдің түп төркінін шындап іздеген психологтар зерттеу жұмысына  әйел, еркегі аралас бір мың католик монахы мен дінбасыларын сұрыптап алып, барлығын бірдей қалжырап-қартайғанша жіті бақылайды. Он екі жыл өткенде альцгеймер ауруы 174 адамның болмысында байқалды.Адамды миы тұрмақ нейрондарына шейін үңгіп зерттеген американдық ғалымдар кеселге ұрынған кісілерге «тақуалығы әлсіз, ар-ұят сезімі жетіспейтін нашар пенделер еді» деп, мінездеме береді.  Ар-ұяты мол, жауапкершілігі өте жоғары, адамгершілік заңдарын барынша бұзбауға тырысатын ақжүректердің бұл ауруға душар болу ықтималдығы 11-ақ пайыз болды. Бұл– опасыз болмай, арлы болсаң  90%  жағдайда аурудан аман қаласың деген сөз»,– дейді ол.

АҚШ ғалымдарының есебіне жүгінсек, жыл санап әлемде алжу (альцгеймер ауруы) дертіне шалдыққандардың саны артып келеді. Кейбір дерек көздері бойынша алжыған қарттардың саны әлем бойынша 26 миллионнан артқан. Адамдар негізінен 60 жастан асқан соң алжудың түрлі кеселімен бетпе-бет келеді. Қазір 65 жастан асқан адамдардың 10 пайызы алжу дертіне шалдықса, ал 85 жастан асқандардың 30 пайызы осы мерезбен ажал құшады. 2050 жылдары алжып өлетін қарттардың саны 100 миллионнан асып, шешімін табу қиын күрделі мәселеге айналады деп болжап отыр.

Т. ӨСКЕНБАЙ.


 

 

Рекомендовать
Последние новости